Көркейген Қасық мекенім
Көркейген Қасық мекенім
Тәуелсіздігімізбен тұспа-тұс келген өткен ғасырдың соңындағы экономикалық дағдарыс ауылдық жердегі ұжымшар мен кеңшарлардың ісін тұралатып, олардың көбісі тарап кетті. Ауыл тұрғындары күнкөріс қамымен қалаға шұбырып, жұрт жаппай базар жағалауға мәжбүр болды. Көптеген егістік алқаптар игерілмей, мал басы күрт кеміді. Дегенмен, ауылдың әлеуетін көтермейінше, еліміздің экономикасын нығайту мүмкін емес екенін Елбасымыз әрдайым назарда ұстап, ауыл шаруашылық саласын дамытуды қолға алды. Сол кездері қатарынан үш жыл «Ауыл жылы» болып жариялануы сондықтан. Осылайша, «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз!» ұранымен ауылға бетбұрыс жасалып, оның тарылған тынысын кеңейтуге мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөліне бастады. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде кезінде күйі қашып, құлази түскен елді мекендер қайтадан түлеп, жаңа келбетке ие болды. Соның бірі – аудан орталығының іргесінде орналасқан Қасық ауылы. Ұжымдастыру негізінде іргесі қаланған бұл ауыл сонау бір кездері аудан орталығы да болған екен. Аймақтағы алғашқы орта мектеп осында ашылып, бүкіл аудан бойынша орта білімді сол жерден алып шыққандардың қатары аз емес көрінеді. Қасық туралы сөз қозғалса, оның тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан апамыздың туған ауылы екенін айтпау мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы анасы туған атамекенді еш уақытта есінен шығармайды. Балалық шағында анасымен бірге әлденеше рет келіп бұл жерден жаңа достар тапқан болса, кейін ел тізгінін қолға алып Президент болғанда да нағашыларының ауылына арнайы ат басын бұрып тұруды үрдіске айналдырды. Елбасымен жақындығын мақтан тұтатын қасықтықтардың саны бүгінде төрт мыңнан асады. Тұрғындардың басым бөлігі – қазақтар. Сондай-ақ, орыс, әзірбайжан, қырғыз, украин, кәріс ұлтының өкілдері «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақтастықпен өмір сүруде. Бүгінгі Қасық аудандағы қанатын кеңге жайған іргелі елді мекендердің қатарында. Оның түзу де кең көшелерінің бойында Тәуелсіздік жылдарында заман талабына сай сәулетті ғимараттар көптеп бой көтерген. Мұнда еңселі Мәдениет үйі, екі қабатты мектеп, көрікті мешіт, балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория, пошта бөлімшесі, ауыл кәсіпкерлерінің жиырмаға тарта шағын сауда нүктелері, монша, автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығы, ақша айырбастау орындары халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Т. Рысқұлов атындағы орта мектепте сегіз жүзден аса жас ұрпақ білім алып жатса, «Қарлығаш» балабақшасында жетпіс бес бүлдіршін тәрбиеленуде. – Бізде жүзден аса шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл жұртының тіршілік етіп, нәпақа тауып отырған табыс көзі – жер. Тұрғындар негізінен мал өсіріп, егіншілікпен айналысады. Мұндағы құрылысқа қажетті материалдар шығаратын екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен жаз айларында ұлттық сусындар өндіретін «Шоро-Қордай» қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорны және соңғы жылдары іске қосылған «Асыл қаз» құс фермасы жұмыс істейді, – дейді Қасық ауылдық округінің әкімі Айтжан Әбдібаев. Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындарының жекеменшігінде 8349 ұсақ мал, 885 сиыр, 210 жылқы, 1740 үй құстары бар екен. Өз үйлерінде елуден жүз басқа дейін жылқы және ірі қара бордақылап, ет саудалаумен айналысушылар қатары көбейе түскен. 4150 тұрғыны бар Қасықтың үштен бір бөлігін 2005 жылдан бері сырттан көшіп келген қандастар құрайды. Аз жылда 768 отбасы қосылып, жаңа тартылған көшелерге тұрғын үйлер салынуда. Ауданның аумағындағы елді мекендерді газдандыру қолға алынғалы үш жылдың ішінде Қасықтағы 480 үйге табиғи газ кіргізіліпті. Тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан құтылып, кеңестік кезеңде болмаған жан рахатын сезінуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ұзындығы екі километрге жуықтайтын төрт көше жарықтандырылып, асфальт төселген. Бүгінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бөлінген он екі миллион теңгеге тағы бір көшені асфальттау жұмысы қолға алыныпты. Қысқасы, Тәуелсіздік алған жылдар ішінде көркейген ауылдар қатарында Елбасының нағашы жұрты мекендейтін Қасықта да тамсана айтар тірлік көп.
Құрманбек әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.