Мәдениет

Таразға «Тараз» келді

Таразға «Тараз» келді

Кино – саясат, кино – идеология, кино – мәдени әлемді қалыптастырушы құрал. Сондықтан болар, халықтың киноға деген ынта-ықыласы, махаббаты кеміген емес. Әлбетте, кино да халық сұранысына, талғамына лайық болғаны абзал. Жалпы алғанда, кино дұрыс басталды. Үйде немесе мейрамха­надағы қарабайыр отырыспен емес, көліктегі төртеудің тұңғиыққа батқан көздері әлдебір шиеленіске бастап бара жатқандай көрінген. Клуб ішінде отырған Айдар (Нұртас Адамбай), Сапарға (Еркебұлан Дайыров) қеліп қосылған Асан қалыңдық түсіргелі жатқан Айдардың қасында ұзақ отырғысы келмейді. Осыдан-ақ, екеуара қарым-қатынаста шикілік бар екені аңғарылып қалған. Қайда жұмысқа орналасарын білмей басы қатып жүрген Айдардың қасындағы жігіттер клубта ұзақ отырмайды. Айжанға соқтығысқан атақты қала «авторитеті» Әлидің ұлы Әлихан сұлуды жолдан бір соғып ысырып тастайды. Айжанға аңсары ауып, таныса алмай қалған Асан «хас» батырмен сөзге келіп қалады. Бокста әділетсіздік көріп, мансабын бастай сала аяқтап үлгерген Сапар мен бас кейіпкеріміздің бірі Айдар қолында қаруы бар Әлиді тоқтатпақ болып жармаса кеткенде шүріппе басылып, өз деміне өзі піскен жігіт шейіт болады. Алайда, осы картинада бізді таңғалдырғаны – қарудан оқ атылса да клубтағы жұртшылықтың үрейге бой алдырмағаны. Құдды клубқа жиналғандардың психологиясы бұған үйреніп кеткендей. Қорқынышты оқиға, драма орын алып жатқан кезде жайбарақат отыр бәрі... Әлде адам өлтіру үйреншікті әдетке айналған ба? Бәлкім, режиссер де көрермендерге осы немкеттілікті аңғартпақ болған шығар. Мұнда актерлік шеберлікті Сапардың (Еркебұлан Дайыров) бойынан көреміз. Болмысы да, жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы да рөліне сай. Полицейлерге сыр білдірместен бұлар Алматыға жол тартады. Айдардың үйленуі, Сапардың, Асанның отбасы бір жақта... Сары уайымға салынған олар біздің «батырларды» сарыла тосады. Осы жерде бір құндылық бой көрсетеді. Ана, жар жүрегінің мейірімі, інінің сағынышы, анасының дертіне шипа іздеп, дәрі ұрлап келген балақайдың көз жасы. Қош, сонымен, атасының соңғы ақшасын қалтасына салып шыққан Айжанды ерткен үшеу таксидің жүргізушісін қорқытып отырып Алматыға тартады дедік. Сапардың досының үйі. Ақша табуға ұмтылған жігіттер. Құжатсыз, байланыссыз қалған «батырлар». Әлиханның адамдарының қолына түспеу – бәрінің мақсаты. Ақша табу жолында есірткі тасымалдаудан бас тартқан кейіпкерлері, олардың адами иммунититеті Фариктің ескі танысының екінші ұсынысы – ойынхананы тонауға келгенде әлсіз болып қалғаны ше? Біз басқаша оқиғаның желісін күттік қой енді. Бәлкім содан да болар, өкіндіргені. Өзін режиссерлік қырымен жаңа таныта бастаған Нұртас Адамбайдың есімі бізге «Сәбина келін», «Ауылдан қашу» кинолары арқылы да таныс. «Тараз» фильмі прокатқа шыққан алғашқы аптада 85 миллион кіріс әкеліпті. Киноның «Тараз» деп аталуы қаламыздың елге белгілі даңқын тағы да әйгілей түсері айқын. Бұл фильмнің бір ұстанымы қылмыстық әлемде жүрудің соңы өлімге апаратынын көрсету секілді. Киноны тамашалаушылар аудиториясы негізінен жастар екенін ескерсек, Нұртастың идеясы жүзеге асқанына көзіміз жете түседі. Жалпы алғанда, барлық дүниеде кемшілік болатыны белгілі. Нұртас Адамбай әзірге атағы алысқа кеткен режиссер емес. Талантты жастардың бірі. Киноиндустрия саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға талпынып жүрген жерлесімізге алдағы уақытта табыс тілейміз. Бәлкім, Нұртастың әлі бір қайнауы іште жатқан шығар...

Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.