Мәдениет

Достықты дәріптеген өнерпаздар

Достықты дәріптеген өнерпаздар

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Гродеково ауылының Мәдениет үйінде ауылдық округтер арасында «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалі өтті. Онда Гродеково, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтерінің күміскөмей әншілері мен көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шара басталмас бұрын қонақтар мен көрермендер Мәдениет үйінің фойесіндегі көрмеге қойылған аталмыш ауылдық округтердің қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысып, өзге де ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татты. Мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарының қолынан шыққан түрлі бұйымдар – шиден тоқылған «Бәйтерек», «Қарлығаштың ұясы» және үй тұрмысына қажетті тоқыма заттар, кәдімгі қара талдан иіп өрілген себеттер көзге ерекше көрінді. Көздің жауын алатын осынау әдемі бұйымдар қарапайым ғана адамның қолынан шыққанына таңғаласың. Сонымен қатар, кітап көрмесі де ұйымдастырылып, онда еліміздің әр кезеңінен сыр шертетін Тәуелсіздіктің шежіресі және ауданның өсу, өркендеу жолынан мәлімет беретін еңбектер көрсетілді. Фестивальдың ашылу салтанатында аудан әкімі Мәден Мұсаев аудандағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова сөз алып, еліміздің даму бағытын айқындайтын Елбасының сарабдал саясатын тілге тиек етіп, көпшілікті Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Салтанатты шара барысында қазақ халқының басына күн туған ауыр тағдырлары – саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс, ядролық апат, Желтоқсан оқиғасы сияқты қасіреттерді кезең-кезеңімен суреттейтін «Тәуелсіз ел Қазақстан – тұрағым» атты әдеби-музыкалық қойылым көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқовтың әндері мен Н.Тілендиевтің күйлері, халық әндерінен попури орындалды. Мың бұралған бишілер өзге ұлт өкілдерінің билерін биледі. Осылайша еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келген ауыл тұрғындары тәуелсіздіктің торқалы тойына арналған өнер фестивалінен көтеріңкі көңілмен тарқасты. – Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойын тойлау басталып кетті. Өнер фестивалінде түрлі ұлт өкілдері өнерлерін көрсетіп, достықтың айнымас үлгісін танытты. Егемендіктің ширек ғасырында ауылдар көркейді, әлеуметтік нысандар көптеп салынып, халық игілігін көруде. Көп ұлттың басын қосып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған Қазақстанмен мақтанамын, – дейді дүнген ассоциациясының төрағасы Идрис Юнусов. Айта кету керек, 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген Гродеково ауылдық Мәдениет үйіне биыл мемлекет тарапынан 117 миллион 923 мың теңге қаржы бөлінген. Оған «АКМ-GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ел игілігіне берді. Қазіргі таңда Мәдениет үйінің ішінде М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі, аудандық кітапхана, ауылдық ардагерлер кеңесі, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл аудандық филиалы, тілдер орталығы, медиация кабинеті және аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесі орналасқан. Жаңаша сәні келіскен сарайға ауылдық округтің тұрғындары да дән риза.

Шынар асанқызы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.