Ұлы дала ұландарымыз
Ұлы дала ұландарымыз
Бақытжан КЕНЖЕЕВ, Қаратау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.
Кез-келген мемлекеттің, ұлттың мүддесі – өзінің жасампаздық ісі арқылы әлем тарихында өшпес із қалдыру. Осы тұрғыдан алғанда «Ұлы Дала елі» атауы – біздің сыртқы саясаттағы елдігімізді паш ететін болмысымыз әрі ұлттық берендіміз. Себебі, біз туған елімізді бейбітшілік бесігіне айналдырып, татулық пен тұрақтылықтың арқасында осы күнге қол жеткіздік. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған қоғамдық келісімнің бірегей тетігі Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде өркениеттер үнқатысуының теңдесі жоқ үлгісіне айналды. Осы уақыт аралығында Ассамблея мемлекетіміздегі көп этносты ұлттардың мәдениеті мен тілдерінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерінің үйлесімді өркендеуіне жол ашты. Қазіргі уақытта әрбір үй, әрбір отбасына қазақстандық келісім мәдениеті мен бейбітшіліктің негізгі қағидаттарын жеткізу өте маңызды. Бұл қоғамда белсенді әрекетті қажет етеді. «Қазақстан – 2050: Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Ұлт Көшбасшысы: «Бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ мүдделер. Бір ел – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!» – деп атап көрсеткен еді. Еңбегіміздің жемісті болуы ортақ Отанымыз Қазақстанда ұлтаралық татулықтың сакталуында. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа теңесек, еліміздегі барша этностар сол шаңыраққа шаншылған уықтар деп баға берілуі бекер емес. Ұлы даланы жаңғыртқан бейбітшілік пен келісім – тәуелсіз Қазақстанның символы. Сондықтан, Отанымыздың жарқын болашағы мен ұрпағымыздың келешегін ойлау, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау – кез-келген азамат үшін ортақ парыз. Өйткені, кейбір алпауыт мемлекеттерде орын алған саяси толқулар мен қақтығыстар, босқындар санының өзге мемлекетке ауа көшуі ішкі тұрақтылығының сақталмауынан. Ал елдегі береке-бірлік пен ынтымақтастықтың салтанат құруы – халқымыздың ең құнды, басты байлығы – Тәуелсіздігімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Ал елімізде «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды қолға алудың сыры осы. Бұл идея еліміздегі бар ұлт пен ұлыстардың бір тудың астында татулық пен ынтымақтастықта өмір сүруіне мұрындық болмақ. Сондықтан да Елбасымыз: «Осындай әулиелі жерден қуат алып халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!» – деп тебіренген еді. Елбасы саясатының басым бағыты жастарды тәрбиелеуге, оларды білім, ғылыммен қамтамасыз етуге арналған. Қазақ елінің тарихына жетік, әдебиетіне кемел Президентіміз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының бастауын тереңнен алды. Осыдан 13 ғасыр бұрынғы Тоныкөк Абыз «Түркі жұртының мұраты» – Мәңгілік Ел деп өсиет қалдырғанын тілге тиек етті. Бұл – біздің жалпыұлттық идеямыз, мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетті. «Мәңгілік Ел» идеясы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ. Бұл міндетті мүлтіксіз орындап, сыннан сүрінбей өту – қазақ ұлты мен өзге де ұлт диаспораларының ортақ парызы, абыройлы міндеті. Ең бастысы – Қазақстанның болашағын, оның ішінде қазіргі жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету. Болашақ–жастардың қолында. Сол үшін елімізде белсенді де білімді, денсаулықтары мықты жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру – аға буынның асқақ міндеті. Негізінен, қандай да бір ауқымды да келелі жалпыхалықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін халықты бір мүддеге жұмылдырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек. Ол идея – «Мәңгілік Ел» идеясы. Қазақстандықтар мызғымас бірлік, кемел басшы, ауызбіршілік пен еткен еңбегінің және «Мәңгілік Ел» идеясы арқасында мәңгілік мұраттарға қол жеткізетініне сенеді.
Талас ауданы.