Дуалды оқыту – теорияны тәжірибемен ұштастыру
Дуалды оқыту – теорияны тәжірибемен ұштастыру
Жамбыл политехникалық колледжі 2008 жылдан бастап халықаралық жобаларды жүзеге асыру барысында едәуір тәжірибе жинақтаған оқу орны. Олай дейтініміз, Германия, Сингапур, Финляндия, Түркия, Франция, Белоруссия секілді шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып келген мұндағы 48 оқытушы бүгінде дуалдық оқыту жүйесі бойынша шәкірттер даярлауда. Алғашқы жылдары техникалық мамандықтарға дуалды оқытудың элементтері ғана енгізілсе, 2012-2013 оқу жылынан бастап «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Химиялық технология және өндіріс», «Өнеркәсіптегі механоөңдеу, бақылау-өлшеуіш аспаптары және автоматикасы», «Электрлік және электромеханикалық жабдықты техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу», «Өнеркәсіп машиналары және жабдықтарын пайдалану» мамандықтары бойынша білім беру қызметтері толығымен дуалды оқыту моделіне көшірілген. «Қазфосфат» және «Энерджи Тараз» кәсіпорындарында өндірістік алаңдар ашылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік білім беру жүйесінің қызметі мен нәтижелерін, кадр даярлаудағы жетістіктер, оқытудың өндіріспен байланысы жөнінде баяндады. – Бүгінде оқу орны дуалды оқыту моделін енгізуде өңірдегі 25 ірі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік жөнінде келісімшарт жасасып, білім алушылар аталған мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтуде. Өндірістік практикадан өтіп жатқан кейбір студенттерге аталған кәсіпорындар жұмыс орындарын ұсына отырып, белгілі бір функционалдық міндеттерді орындағаны үшін өтемақы төлеп келеді. Негізінен, дуалдық оқыту жүйесі кәсіби білім берумен қатар, жас мамандардың жұмысқа орналасуына мол мүмкіндік береді. Биыл 193 түлектің 60-ы еңбекпен қамтылды, – дейді ол. Жамбыл политехникалық колледжі республикамыздағы 820 техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің арасынан іріктеліп, «Кәсіпқор» холдингінің серіктес колледждер желісінің он іргелі оқу орындарының қатарына енген екен. Алдағы уақытта мемлекетіміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша өңірлік басым салалар үшін білікті мамандар даярлау қолға алынбақ. Яғни химиялық кластер кәсіпорындарына қажетті «Химиялық технология және өндіріс», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша оқу үрдісі австралиялық және германдық модульдік бағдарлама негізінде жүргізіліп, жаңа білім беру моделі енгізіліп, техникалық кадрлар даярлаудың жаңа инфрақұрылымы қалыптасатын көрінеді. Сонымен қатар, брифингте биыл 175 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылданғаны айтылды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».