Әлеумет

Тимофеевтер әулетіндегі той

Тимофеевтер әулетіндегі той

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев отбасылық үлгідегі балалар үйіне "ГАЗель" автокөлігін тарту етті

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні елімізде, оның ішінде облысымызда да кең көлемде аталып өтілді. Облыс пен қала, аудандардың, тиісті мекемелердің басшылары атаулы күнге арналып өткізілген концерттік бағдарлама, ертегі қойылымның тұсаукесері, түрлі ән, би, сурет салу байқаулары, балалардың ойын-сауық кешені мен алаңшаларын ашу, қайырымдылық көрсету түріндегі іс-шаралардың басы-қасында болып, мереке қуанышын бірге бөлісті.

 25Бұл күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласы Шалғай Қарасу тұрғын үй алабындағы «Тимофеевтер» отбасылық үлгідегі балалар үйінде болып, облыс, тіпті еліміз бойынша тәлім-тәрбиелік үлгісімен танылған әулетке 3 миллион 117 мың теңгенің «ГАЗель» автокөлігін тарту етті.

Өңір басшысы отбасы мүшелерін мерекемен құттықтап, «ата-анасы жоқ, панасыз он бес ұл-қызды қамқорлыққа алып, мейірім шуағына бөлеп, тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосу үлкен еңбек. Балаларыңыздың алды бүгінде үлкен азамат болып, сан салада – зауытта, құрылыста, мектепте, басқа да мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп, қолдарыңызды ұзартып отыр. Міне, бұл еңбектеріңіздің жанғаны, отбасы бақыты дегеніміз де осы. Балалар үйі игілігі үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, «Бөбек» халықаралық қоры тарапынан бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды, киім-кешектер, спорт құралдары түрінде қайырымдылық көмектері көрсетілді. Осының барлығы да Елбасымыздың тапсыруымен, экономикамыздың жылдан-жылға жақсара түсуінің нәтижесінде жүзеге асып жатқан игілікті істер. Бүгін, міне, үлгілі отбасы ретінде автокөлік сыйлап отырмыз, игіліктеріңізге мініңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз мұндай құрметке әбден лайық», деп ерлі-зайыпты Алексей және Наталья Тимофеевтерге ризашылығын да қоса жеткізді. Тимофеевтер кезінде қаладағы балалар үйлерінен бір-екі жас шамасындағы кезінде он бес ұл қыз асырап алып, бәрін өсіріп, жеткізіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып үлгеріпті. Олардан он алты немере сүйіп отыр. Қарашаңырақтағы қуанышқа барлығы да келіп, ортақтасып жатты. Тимофеевтер әулетінде кәдімгідей той! Мерекелік дастарханды да түрлі тәтті-дәмдіге толтырып, жайнатып тастапты. Өңір басшысының үйлеріне арнайы атбасын бұрып келуі құрметіне кішкентайлар тақпақтарын айтып, қосыла ән шырқап «шағын концерт» те ұйымдастырып жіберді. Кәрім Нәсбекұлы оларға «сендерді де, сендердің әке-шешелеріңді де жөргектегі кездеріңде жүрек жылуына бөлеп, алақандарында аялап өсірген ата-әжелеріңді қадірлеңдер» деп, өнерлері шыңдала беруіне тілектестігін білдірді. Бұдан соң бүлдіршіндер өздерінің жекеменшік көліктеріне мініп, қызықтады. Бұл келер жылы құрылғанына жиырма бес жыл толғалы отырған балалар үйі үшін де, биыл мерейлі алпыс жастың асқарына шыққан ерлі-зайыпты Алексей және Наталья Тимофеевтер үшін де үлкен сый болды.

Баймаханбет АХМЕТ,

"Ақ жол".