Байзақ командасы мықты
Байзақ командасы мықты
Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен «Жастар терроризм мен экстремизмге қарсы!» атты шағын футболдан облыстық турнир өткізілді. Лаңкестік пен терроризмге жол бермеу қажеттігін насихаттаған додаға 19 команда қатысып, жүлделі орындарды өзара сарапқа салды. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев саламаттылықты дәріптейтін бұл шараны өткізудің мәні зор екенін атап өтті. Бейбітшілікті ту еткен елімізде лаңкестерге жол жоқ екенін де тілге тиек етті. Жарысқа қатысқан командалар өздерінің шын мықты ұжымдар екенін айқындады. Бұл додаға дін өкілдерінен құралған «Һибатулла», «Медресе» командаларының қатысуы да турнирдің ажарын аша түсті. Көрермен қауым Байзақ, Жамбыл, Прокуратура, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы секілді азулы ұжымдармен бірге ешкімнен кем түспеуге тырысып ойнаған олардың өнеріне шын риза болыстық. Олимпиадалық жүйе бойынша өткен додада небір тартысты кездесулер өтті. Десе де, қатарынан оза шауып, сәттілік серік болған Байзақ құрамасына бұл күні ешкім шақ келмеді. Ақтық сында Жамбыл құрамасынан айласын асырған олар чемпион атанса, Жамбыл ауданы – екінші, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының командасы үздік үштіктен көрінді. Додада үздік шыққан командағы 200 мың теңге қаржылай сыйлық тапсырылса, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 50 мың теңге табысталды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».