Тереңнен тартқан тамырын
Тереңнен тартқан тамырын
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай облыстық драма театрында «Музей – уақыт пен ұрпақтар байланысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Театр фойесінде музей мерейтойына арналып жарыққа шыққан «Музей – тарих айнасы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Кітаптың тұсаукесеріне арналған лентаны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы қиды. Бұл кітаптың авторлары: мұрағатшы Эльма Ділдебаева мен Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет. Жиналғандар алдында Мақұлбек Рысдәулет сөз алып, кітапты жазу барысында Шоқан Уәлихановтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың Жамбыл өлкесі жайлы зерттеу еңбектеріне сүйенгенін айтты. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп ашып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымына 85 жылдық атаулы күнге орай облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Мұнан соң конференция жұмысын облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Үртай Сапақова жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Дөкей Талеев Жамбыл өңірі тұнып тұрған тарих екеніне тоқталып, 1996 жылы Тараз тарихын зерттеуге өзі де атсалысқанын айтып берді. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Ералы Ақымбек «Археолог Г.И.Пацевичтің Талас өңірін зерттеуге қосқан үлесі» тақырыбында ғылыми тұрғыда ой қозғады. «Ежелгі Тараз» ескерткіштері қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов «Ежелгі Тараз Шығыс тарихнамасында» тақырыбында ортаға ой тастап, Шу-Талас аңғарындағы зерттеулер жөнінде, сан рет қиратылып, сан рет қайта түлеген Тараздың тарихи болмысына тереңірек тоқталды. Тараздың іргетасы 2100 жыл бұрын қаланғанын нақты дәйектер, бұлтартпас айғақтар айшықтайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуов «Күзембай Байбосыновтың облыстық музейге қосқан үлесі» тақырыбында әңгіме өрбітті. Ол өз сөзінде К.Байбосыновтың біздің облыс аумағынан ғылымда белгісіз 346 ескерткішті және тарихи орындарды зерттеп тапқанын, оның дені ортағасырлық қалалар екенін айтып берді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат конференцияда қозғаған мазмұны терең ойлары үшін оңтүстік астанадан келген ғалымдарға алғысын білдірді. Өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салды. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда айтылған ойлар мен ұсыныстар назарға алынып, резолюция (қарар) қабылданды. Жиынды Үртай Сапақова қорытындылап, музейдің 85 жылдығына арналған шараға атсалысқандарға рахметін айтып, осы мекемені ұзақ жыл басқарған өлкетанушы Күзембай Байбосыновтың есімін есте қалдыру шаралары қолға алынатынын сөз етті.
Е.Жаңабайұлы, журналист.