Жайнай бер, көне Таразым!
Жайнай бер, көне Таразым!
Жыл өткен сайын жаңарып, келбеті көркейіп келе жатқан Тараз шаһары «Тәуелсіз елім, ұлы өлкем, сүйікті қалам» атты Қала күнін орталық стадионда айрықша сән-салтанатпен атап өтті. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңындағы өткен мазмұны кең, шырайы шарықтаған мерекелік концерт жастардың «I love Taraz» атты қойылымымен басталды. Салтанатты шарада Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелерімен құттықтай келе, қалада атқарылған игі істерге тоқталды. – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Әулиеата өңірі еліміздің гүлденуімен бірге қанатын кеңге жайып, өсіп өркендеп келеді. Атап айтсақ, қала көлемінде өнеркәсіп пен әлеуметтік сала жақсы дамуда. Соңғы жылдары ашылған балабақшалар, білім ордалары мен спорттық нысандар – жастардың жан-жақты өсіп-жетілуіне жасалынған игі істер. Сондай-ақ аймақтағы тұрғын үй құрылысы да қарқынды даму үстінде. Бұл орайда «Астана» және «Бәйтерек» жаңа мөлтек аудандары салынды. Шаһардың кескін-келбеті заман талабына сай ажарланып, көшелер жөндеуден өтіп, аулалары абаттандырылуда, – деген Нұржан Календеров биыл Риода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында қазақ елінің атын әлемге танытып, көк туымызды көкте желбіреткен Зүлфия Ғабидуллинаны «Жыл адамы» аталымы бойынша марапаттады. «Көне Тараз – тарихымның тереңі» атты композициямен әдіптелген салтанатты шарада үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киген бойжеткендер мен сымбаты келіскен бозбалалар Тараздың тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылымдарды көрсетті. Ашық аспан астында өткен мерекеде көтеріңкі көңіл-күйді одан әрмен қазақстандық эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген, Ғаділбек Жанай және «Тарту» тобы үстей түсті. Жоғары деңгейдегі сахналық безендірілумен, технологияның үлкен мүмкіндіктерін пайдалана отырып өткізілген кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Шынар асанқызы, «Ақ жол».