Ауылдың 148 адамы Асқарға сенім артты
Ауылдың 148 адамы Асқарға сенім артты
Шағын шаруашылықтар іріленбей, аграрлық сала ілгері баспайтынын сала мамандары көптен бері айтып келеді. Өйткені, болашағы бар, өнім өндіруге қабілетті агроқұрылымдардың Үкімет тарапынан берілетін қолдауларға қолжетімділігі артады. Бұл ретте осыдан үш жыл бұрын ғана 148 адамның жер үлесі негізінде құрылған Құмарық ауылындағы «Ернұр» шаруа қожалығының қазіргі тыныс-тіршілігі – іріленгеннің іргесі сөгілмейтінінің айқын көрінісі. «Ернұр» шаруа қожалығының басшысы Асқар Байсақаловты Новосель ауылына барар жолдың бойындағы Құмарық ауылдық округіне қарасты егістік алқабынан жолықтырдық. «К.Маркс» колхозының аты дүрілдеп шыққан бағзы кездері бұл жерде астық орып, дән бастыру секілді науқандық іс қыз-қыз қайнап жататын. Тоқсаныншы жылдардың басында жер иесіз қалмағанмен, даладағы еңбек дүбірі бұрынғыдан саябырси түскен. Егіс алқабы қаржылы кәсіпкерлердің қолына көшті. Ал бүгінде Асқар Байсақалов бұл жердің байырғы даңқын қайта оралту қамында. – Алдымызға үлкен мақсат қойып, өзімізге тиесілі 4000 мың гектар жерге арпа-бидай ектік. Бұдан бөлек шағын шаруашылықтар да үлестік пайларын бізге уақытша жалға беріп, өрісімізді кеңейтіп отыр. Олардікін қосқанда, бас-аяғы 7000 гектар жерді игеріп келеміз. Жер үлестерімен түпкілікті қосыламыз деп жатқан жекелеген адамдар да, шаруа қожалықтары да бар. Ендігі жерде заман талабына сәйкес кооператив құрсақ дейміз. Айта кету керек, биыл соңғы жиырма жылда болмаған астық орып, бастырдық. Толассыз жауған жаңбырдан соң ылғал мол болып, егін бітік шықты. Бірақ, жауынның көптігі бидайдың сапасына әсер етіп отыр. Ұнға қажетті құнарлылығы кеміп, бағасы түсіп кетті. Десек те, мол ырзықты шашпай-төкпей қамбаға құйып алу аз жұмыс емес. Оның үстіне 2 мың гектар жерге пар айдап, дайындап қойғанбыз. Қалған жерді де жыртып, дайындап жатырмыз. Соның бәрі осындағы еңбеккерлердің арқасы. Әсіресе, механизаторлар Нұрғали Жанпейісов, Витали Мороз, Бақтияр Аманбаев, Рамазан Төребаевтарды ерекше атап өтемін. Көп жылғы тәжірибелерімен бөлісіп, жас механизаторларды еңбекке үйретіп, маңдай терлерін төгіп келеді. Олардың еңбекақылары да уақтылы төленуде. Әзірге техникамыз ескі, бұйыртса, лизингке комбайн алуды жоспарлап отырмын. Әйтпесе, жиырма күнде шабатын жерді бір жарым айда шауып, уақыттан ұтылудамыз. Жаңадан құрылдық қой, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға иек артатын боламыз. Бұдан бөлек «Шыңырауда» 300 бас қой ұстап отырмын. Келешекте мал бордақылау кешенін салып, мал шаруашылығын да өркендетсем деген ниетім бар. Бұл – елге жұмыс. Бұл мақсатыма жетеріме де сенемін, – дейді Асекең. Жұмыс орны демекші, қазіргі таңда «Ернұр» шаруа қожалығында 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Науқан кезінде қосымша 40 адам жұмыспен қамтылды. Шаруашылықта 15 трактор, 5 автокөлік және 9 комбайн бар. Кәсіпкер азамат Құмарық ауылындағы балабақшаға, жағдайы төмен отбасыларға да демеушілік жасап, көмек қолын созып тұрады екен. «Шоқ қайдан болса, жылу содан» демей ме дана халқымыз. Елге жұмыс тауып беріп, қайырымдылық жасап, айналасына жылу сыйлап отырған азаматтың бұл ісі өзгелерге үлгі боларлықтай.
Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.