Экономика

Қызылшашылардың жеңісі

Қызылшашылардың жеңісі

өңір тұрғындарына қажетті қанттың шамамен 75 пайыздан астамы сырттан тасымалданады. қантпен облысымызды толық қамтамасыз ету мақсатында өңірімізде ауқымды агрошаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Биыл облысымыздың жеті ауданында 6 мың гектарға жуық алқапқа «тәтті түбір» егіліп, өсірілген болатын. «Балапанды күзде сана» демекші, агроқұрылымдар қазан айының алғашқы күнінен бастап оны жинауға кірісті. Меркі, Қордай, Шу, Байзақ аудандарында «бал тамырдан» мол өнім жиналуда. Қызылша қазығы басталған күні қант зауытына өз өнімдерін бірінші болып өткізген Жамбыл ауданының еңбеккерлерінің де қимылдары қарқынды. Науқанға жергілікті тұрғындар да көптеп тартылған. Дала төсінде қауырт та қызу еңбек. Біз Көлқайнар ауылдық округіне қарасты «Қызыл диқан» өндірістік кооперативінің қызылша алқабына барғанымызда, осындай берекелі істің куәсі болдық. Кооператив төрағасы Нұриддин Бегмановты да алқап басынан жолықтырдық. Оның да жүзінен қуаныш, шаттық лебі еседі. Енді ше, қызылшалары аттың басындай және 50 гектарға егіліп өсірілген қызылша дақылының өнімі көңіл тоғайтарлықтай әрі елге де нәсіп болып тұр.

Келер жылы егіс алқабын ұлғайта түсуге де мүмкіндік бар. Техникасы да сайлы екен. Қазық ісіне жұмылдырылған 20 адам бел жазбай, тынымсыз еңбек етуде. Жандар Қыдырбаев, Ермек Көжеков, Қуаныш Жамансариев секілді механизаторлар да молшылықты үстеу жолында тер төгуде. «Қызылдиқандықтар» сондай-ақ бас агроном Жақсымбек Жамансариевтің, сушы Серікхан Әбдібаевтың, мұрап Ерболат Байдалиевтің «тәтті түбір» өнімінің мол болуына ерекше еңбек сіңіргенін айтады.

– Биыл алғаш рет өсірілген қызылшаның әр гектарынан шамамен 300 центнер өнім алу көзделуде. «Не ексең, соны орасың» дегенді негізге алып, біз биыл қызылшаның «Автантаж» аталатын франциялық жоғары сұрыпты тұқымын сепкенбіз. Қазір кейбір қызылша түбірі 10 келіге дейін салмақ тартуда. Өніміміздің әр килосы қабылдау орнына 17 теңгеден өткерілсе, табысымыз да жаман болмайды. Қызылша дақылынан бөлек 600 гектарға ақ егіс, 70 гектарға жүгері, 500 гектарға жоңышқа өсірдік. 7 трактор тоқтаусыз жұмысқа жегілуде, – дейді кооператив төрағасы Н.Бегманов. Қызылша алқабы басынан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманәлі Құрбановты та жолықтырдық. Ол аудан бойынша биыл 1200 гектар алқапқа қызылша егілгенін, орташа түсім әр гектарға шаққанда 250 центнерден екенін айтты. Жиналған түйнектің 1800 тоннаға жуығы қант зауытына өткізілген.

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.