Менің сүйікті қалам
Менің сүйікті қалам
Орталық «Достық» алаңында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен көрініс тапқан «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» атты концерттік бағдарлама көпшілікті тәнті етті. Тараз қаласының №5, №16, №41, №36 орта мектеп оқушыларынан құралған өнерпаздардың шырқаған ән-жыры тәуелсіз еліміздің көк аспанында қалықтап, көпшіліктің көңілін сергітті. Жас ақындар екі мың жылдан астам тарихы бар туған қаласына жыр арнаса, мың бұралған бишілердің өнері жұртшылықты риза етті. Сонымен қатар, тұрғындар облыстық балалар және көркемөнер мектебі оқушыларының «Менің сүйікті қалам» атты сурет байқауын тамашалады. Байқау жеңімпаздары білім басқармасы тарапынан марапатталды. Сондай-ақ осы мектептің қамыр, фетр, киіз, күріш, пісте, асбұршақ секілді дәнді дақылдарды пайдалана отырып жасаған 40-қа жуық қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекені тамашалаушы жұртшылық өз қаласына деген сүйіспеншілігі мен мәдени-рухани құндылықтарды ардақтауға деген ықыласын бір-біріне деген құттықтаулары арқылы сездіріп жатты. – Тараз қаласы орта ғасыр тұсында-ақ ірі сауда орны мен мәдениеттің, өнердің ордасы болғаны тарихтан белгілі. Сан түрлі оқиғаларды сыр қылып бүккен шаһарымыздың тарихи тамыры тереңде. Сан ғасырды басынан өткерсе де, Тараздың жер бетінен жойылып кетпей, қайта жыл өткен сайын тотыдай таранып, түрленуі талай тарландар мен тұлғаларды тудырған өңіріміздің киелілігінен болса керек. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қаламыздың ежелгі тарихи атауын қайта алуының сыры осында. Көпшіліктің Отанға, туған жерге, оның ішінде Тараз қаласына деген құрметінің шексіздігін тосыннан жауған қарды елемей, мерекеге деген құлшыныстарының алабөтендігінен аңғаруға болады. Біз осы киелі жердің ауасымен тыныстап, бейбіт күнді бастан кешіріп отырғанымыз Тәуелсіздігіміз бен береке-бірлігіміздің арқасы деп білемін. Қаламыз көркейіп, еліміз өркендей берсін, – дейді қала тұрғыны Эльмира Асабаева.
Н.болатұлы, журналист.