Мәдениет

Ерте жауған қар ерекше көңіл-күй сыйлады

Ерте жауған қар ерекше көңіл-күй сыйлады

Биыл алғашқы қар ерте түсті. Жапалақтап жауған қар әп-сәтте айналаны ақ мамыққа орап, ерекше көңіл-күй сыйлады. Әйтсе де, жапырағы әлі түсіп үлгермеген тал-дарақ ақша қардың салмағынан басы иіліп жерге жетті. Кейбірінің бұтақтары шыдас бермей морт сынды. Тұрғындардың кейбірі табиғаттың тосын сыйына тосырқай қараса, енді бірі ерте жеткен қыс мезгілін көңілді қарсы алуда. img_4368 img_4360 img_4502 img_4411 img_4400– Соңғы екі айда аспаннан тамшы тамбай, еңсеміз езілгендей болып еді. Азанғы уақытта жаңбыр сіркіреп жауа бастағанда іштей қуанып қалғанбыз. Енді міне, арты қарға айналып, қыспен де қауышып отырмыз. Дегенмен, қардың жауғаны дұрыс болды. Өйткені, ауа тазарып, шаң-тозаң басылды, – дейді өз әсерін бізбен бөліскен Тараз қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұрбол Жетпісбаев. Жылдың әр мезгілінің өзіндік ерекшелігі болғанымен, қыс мезгілі балалар үшін қызықты. Бұл ойға бір топ балғындардың қармен атысып ойнаған кездегі шат күлкісі мен жауған қардың үдей түскеніне қарамастан, ерекше құштарлықпен аққала соғуға кіріскен көріністері жетеледі. Аққала соғып алқынған №13 орта мектептің 7-сынып оқушысы Дариға Сахиева қыс маусымын қатты жақсы көретінін, өзінің өмірге жылдың осы мезгілінде келгенімен байланыстырады. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 1-курс студенті Айзада Рысбаева ойламаған жерден жауған қардың күтпеген сыйлық болғанын айтады. – Қазір, негізінен күз мезгілі ғой. Өңір тұрғындары қысқа дайындық қамын жасап үлгерген шығар деп ойлаймын. Өзім күтпеген жерден қысқы киімдерімді ерте шығаруыма тура келді. Табиғаттың осындай әдемі көрінісі бойға ерекше шабыт беріп, қанаттандырады екен. Әсіресе, жастар ерекше сезімге ие болады. Менің түсінігімде ақ түс – тазалық пен пәктіктің белгісі. Сондықтан, жастарға қызығы таусылмайтын мәнді өмір тілеп, алғашқы жауған қар лебімен қатар келген Қала күні­мен құттықтаймын, – деді ол.

Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.