Құқық

Полицейлер де ән шырқайды

Полицейлер де ән шырқайды

Облыстық ішкі істер департаментінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Менің Отаным» атты патриоттық әндер конкурсы өтті.

Байқауға ішкі істер департаментінің қалалық, аудандық бөлімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері қатысып, бақ сынады. ІІБ басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Егембердиев аталған шара «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеяны нығайту мақсатында ұйымдастырылғанын айтады. – Қоғам үшін адам өмірі басты назарда. Тұрғындар полиция қызметкерлеріне үлкен сенім артады. Ал елге адал қызмет етуге ант берген әрбір тәртіп сақшысы осы сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етуі керек. Олардың өз міндеттерін қалтқысыз атқаруы қызметтік борышынан бөлек, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Ал орган қызметкерлерінің мәдениеттілігі өз алдына бөлек әңгіме. Бұл – осы қызметті таңдағандарға қойылатын басты талап. Сондықтан, біз қызметкерлерге патриоттық тәрбиеге үлкен мән береміз, – дейді ол. Байқау қорытындысында төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау майоры Нұржан Бекетаев жеңімпаз атанды. Екінші орын полиция аға лейтенанты Расул Дүйсенбаевқа бұйырса, қордайлық Өркен Рақымжан үшінші орынға қол жеткізді. Қатысушылардың бірқатары «Жеке орындаушы», «Вокалдық дуэт», «Вокалдық ансамбль», «Орындаушы автор» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы диплом және естелік сыйлықтар тапсырылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».