Сот төрелігі мінсіз болса сыбайластықтың жолы кесіледі
Сот төрелігі мінсіз болса сыбайластықтың жолы кесіледі
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – елді ішінен ірітіп, мемлекетке қауіп-қатер төндіреді. Сондықтан да, мемлекеттік саясатта негізгі басымдық осы сыбайлас жемқорлықпен күресу шараларына берілген. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамында көрсетілген талаптарды іске асыру мақсатында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде жаңа заңнамалар әзірленді. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және сауықтыру үшін арнайы бөлім құрылып, жұмыс жүргізуде. Жалпы, еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жол ашатын, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге және кәсіби мемлекеттік аппарат құруды, болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруды көздейтін Ұлт жоспары – дамудың басты бағдары. Сондықтан, онда нақтыланған 100 қадамды жүзеге асыруға әркім мүдделі болуы тиіс. 100 міндет кез-келген салада талқыланып, оны жүйелі түрде іске асыруға жедел кірісуі керек. Себебі, мемлекеттік қызмет сапасын көтермей, қоғамдағы жемқорлық сипатындағы жағымсыз әрекеттерге тосқауыл қойылмайынша, өркениетке жету қиын болмақ. Алайда, бір өкініштісі – жемқорлыққа жол беріп, құқық бұзушылық әрекетке баратын азаматтардың көпшілігі негізінен, қалталы әрі лауазымды қызмет орнында жұмыс атқаратындар болып отыр. Бұл – бүгінгі күннің шындығы. Сол үшін мемлекеттік қызметке тағайындалатын азаматтарға қатаң талап қойылған. Қызметке орналасар алдында азаматтардың жақын туыстарының арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бар-жоғы тексеріледі. Біздің бір байқағанымыз, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, құқық бұзушылыққа барған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылған кезде ғана мұндай қылмысқа қадам жасамауым керек еді деп өз ісіне өкінеді. Өйткені, жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамның сотына отбасы қатыстырылады. Ал бұл жағдай оларға қатты әсер етеді. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағытының бірі – сот төрелігінің мінсіз жүйесі болып табылатын құқықтық заңның үстемдік құруы. Нақты айтқанда, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсарту үшін судьялар қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Қазіргі таңда Ұлт жоспары жүктейтін міндеттерді жүзеге асыру үшін бес сатылы сот жүйесі мен үш сатылы сот жүйесіне көшу қолға алынуда. Алқабилер қатысатын істер қатарын кеңейтіп, тергеу, судьяның құзыретін арттыру, инвестициялық сот жұмысын жандандыру бағытында жұмыстар жүргізіле бастады. Үш сатылы сот жүйесі халықаралық тәжірибеде бар. Осыған байланысты кассациялық сот облыстан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының құзырына ауыстырылды. Сонымен қатар, жаңа жүйе судьялықтан үміткерлерге деген талапты да күшейтіп отыр. Бұдан бөлек, соттың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологиялардың мүмкіндігі пайдаланылуда. Соңғы жылдары сот отырыстарының бейне-дыбыс құрылғыларына жазылуы, арыз-шағымдардың «Сот кабинеті» арқылы берілуі, әр сотта сайттың жұмыс істеуі ашықтыққа жасалған алғашқы қадамдардың бірі деуге толық негіз бар.
Айгүл Тобабергенова, аудандық соттың жетекші маманы.
Жуалы ауданы.