Әдебиет

Абыздың жалғасы, жауһар жырдың арнасы

Абыздың жалғасы, жауһар жырдың арнасы

Жамбылдың немересі, Қазақстанның  халық  ақыны Әлімқұл жайлы бір үзік сыр

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы.

Ақындар туралы сөйлеу – за­мана туралы толғаныс, сол дәуір туралы ой бөлісу, ондағы өлең-жырының салмағы, рухы қандай болғаны жайлы таразылау. Ақындық – туа біткен асыл қасиет, ол іңкәрліктен, сағыныштан, шалқар тебіреністен туады. Титтейінен өлең-жырға бөленіп өскен Әлімқұл Жамбылов – бүгіндері Жетісу ақындарының ақсақалы. Он жасында әу деп өлеңдеткен ол бұл өмірден озғанша, сексеннің сеңгіріне шықса да, жүрек қалауымен өлең-жырды ағытып өтті. Тәңірдің берген нәсібі – таңдайына өлең-жыр ұя салған қасиетті жердің қара шалы ақ сақалы желбіреп, сал-серілер, абыз ақсақалдар, ұлы жыраулардың соңғы сарқытындай бізбен замандас болып, төрімізде отырғаны көз алдымызда әлі күнге дәл сол қалпында сақтаулы тұр. Жәй отырмай өткен мен бүгінгіні саралай, сабақтай, таразылай, ғибратты әңгіме, өнегелі өлең айтып отырушы еді. Әлекең дегенде, Ұлы даланың қайталанбас ұлы тұлғасы Жамбыл ата есімізге түседі. Жамбылдың жанындай жақсы көретін немересі Әлімқұл – атасының өлең-жыр толған кеудесіне басын төсеп, кең сеңсең тонының ішінде жылынып, жыр шуағына шомылып өскен бұла ақын. Қара жер күннен шуақ алады, қазақ жырдан қуат алады, жырсыз той да, сән де болмайды. Атасымен бірге бала Әлімқұл талай-талай ұлы думанға толы өнерлілер тобында, аңыз тұлғалар арасында жүрді. Қалыптасу, толысу кезеңі Жамбыл ата төңірегінде болды, жырын жаттады, айтыстарын айтты. Сүйінбай, Жамбыл жырларын, дастандарын көкірегіне құйып, шаршы топта айтты. Әлекең кез-келген ортада өз өлеңдерін ауыз екі тілде айтып жүре беретін ақын болды. Оларды жинап, құнттауды білмеді. Сонау бір жылдары Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры Надежда Лушникова жеңгеміз: – Арамызда жүрген халық ақындары суырыпсалма, жез таңдай Әсімхан Қосбасаров пен Әлекеңнің жиған-тергенін жаздырып алып қалайық, кітап етіп шығарайық, – деп ұсыныс айтты. Содан талантты ақын қаламгер інілеріміз Есенқұл Жақыпбеков пен Рәтбек Сәдуақасовты екі ақын жанына үш ай отырғызып, бар жиған-тергенін жаздыртып алған едік. Әлекеңнің сол тұңғыш жыр жинағы «Қызыл сырлы домбыра» атты кітабын 1993 жылы өзім шығарып бердім. Бұл іске сол кездегі аудан әкімі Жүсіпәлі Нүкетаев ағам ерекше қамқорлық танытты. Екінші кітабы 2003 жылы «Мен Әлімқұл – Жамбылдың немересі» деген атпен Рәтбек Сағит-Уахасовтың құрастыруымен шықты. Ал 2007 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Атадан қалған бір мұра» атты жинағын Әлекеңнің 80 жылдық ғұмырындағы шығармашылық белесі деп бағалауға болады. Ақын қай жерде болмасын ұлы Жамбыл атасына Тәңірдей сыйынып, пайғамбардай қастерлеп, ерекше елжіреп, оны ғажап жақсы көретін. Сырлы қызыл домбыра – Атамнан қалған бір мұра. Музейден сені көргенде Кетті көзім бұлдырап, Басым мең-зең болды да, Сілейіп қалдым орнымда. О, дариға, тұрушы ең, Алтын тәтем қолында. Пернеңді басып кәрі қол, О дүниеге шекті жол, Басымды ием күбірлей, Топырағың торқа бол!.. Ұлылардың ұстазы, бүкіл айтыс ақындарының алтын діңгегі Сүйінбайды айтпай біздің елде сөз барымтасы басталмайтын. Әлімқұл да дүлдүл ақын атасы жайлы табаны қызған бәйгеге қосқан тұлпардай арындап, арыдан қозғайды. Өнердің ғажап сыйындай, Жәкеңнің пірі – Сүйінбай. Сөйлемеуші еді Жәкеміз, Сүйінбайға сыйынбай. Өмірдің өтер тізбегі, Тарихтың мәлім іздері. Даламен бірге жасайды, Сүйекем дарын сіздегі. Армансыз-ақ шығарсың, Айтыстың алтын діңгегі Төрені тұл деп даттаған. Ел мұңын жоқтап әрдайым, Халықты ғана мақтаған. Сенімін елдің ақтаған, Ұмытылмайды жақсы адам. Тезекке барып Сүйекем, Төрені сөзбен түйреген. Ұрлығын басып бетіне, Жасқанбай жағы тілдеген. Атамның ұлы ұстазы, Ақыннан мен де үйренем. Тұлпарды танып тайынан, Жамбылдың ұлы боларын, Сүйекем алғаш білген ең. Қазақ пен қырғызды аралай, Дүлдүлін жырдың тағалай, Қатағанменен айтысын, Қос халық тұрған бағалай. Ұлан бір заман өтсе де, Шықпайтын естен бабам-ай! Қырғыз бен қазақ жағалап, Сен болдың жүйрік тағалы ат. Ақындардың ақыны, Өнері асқан ғаламат. Мәңгілік мына халқыңа, Жырларың қалды аманат. Әлекеңнің өлеңдері ел мен жер, өткен мен бүгін, мына біздер, замандастары жайлы. Туған ел, әсем тауын қалай-қалай төгілте жырлайды. Майтөбенің самалы, Қыз бетіңнен сүйгендей. Кестеленген орамал, Маңдайыңа тигендей. Майтөбенің самалы, Жас жұбайдың лебіндей. Ақшамдағы ақ жастық, Ақ төсектің төріндей. Майтөбенің самалы. Әтір сепкен бұрымдай, Кең өмірге құлшынып, Құлдырайсың құлындай. Майтөбенің самалы, Бейне бір пәк періште, Айтып-айтпай не керек, Арман деген көп іште... Ақындық сезім, әдемі өрнек қандай! Атақты Майтөбені сен де сағынып, бір көруге құмартасың. Әлекең жырларының көпшілігі көз көрген тұлғаларға арнау. Ерекше және бір құндылығы – ата-шежіре, өткен тарих, жер аттары, көне аңыздарды жырға қосып, ұрпаққа ұсынған. Ел мен жері, олардың атаулары, жайлау-қыстаулары, ұлы тұлғалар жайлы мазмұнды мағлұмат береді. Әлімқұл – айтыскер ақын, отыз шақты ақынмен айтысқа түскен, әттең-ай дерлігі, соның көбісі жазылып алынбапты, хатқа түспеген. Бір ғана Надя келінімен, Надежда Лушниковамен, он шақты рет айтысқан, ал кітапта соның біреуі ғана бар. Айтыс – нағыз өнер додасы. Онда бүкіл өнерпазға тән шеберлік, домбыра тарту, өлең жұптау, табан астында жауап қайтару секілді қатаң, ерекше жүйесі бар. Кезінде жалындап шыққан Баймұқа Нұрсұлтанов деген мықты айтыскер ақынымыз болған. Әлекең сонымен екі мәрте айтысқан. Манап, Әли, Әсембала, Әбікен, Айтақын, Мұхаметәлі, Өзбек және басқа да ақындармен айтысы – бүгінгі зерделі ел есінде. Осы айтыстардың барлығында ол Жетісуды, Алматы облысы мен өзі туып-өскен аудан намысын қорғады, жақсылығын жарқырата көрсетті. Айтыс өнері өшуге бет алған тұста қайта көтерілуіне алғашқылардың бірі болып, белсене кірісті. Қазақ елінің түпкір-түпкіріндегі айтысқа қызыл сырлы домбырасын құшақтап барып, қатысып жүрді. Айтыстың сол кезеңдегі ту ұстаушыларының бірегейі, бүгінгі айтыскерлер қауымының ақсақалы осы Әлімқұл Тоққұлыұлы болды!

* * *

Жамбылдың жадының мықтылығына тәнті болып, зердесінде миллион жыр жазылып қалғанын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов жазып кетті. Әлекеңнің де есте сақтау қабілетіне таңғаламыз. Қандай бір шежіре, аңыз, тарихи әңгіме болса тарам-тарам етіп, деректермен толықтырып, майын тамызып айтып береді. Жас күнінен бастап естіген-көргендерін жазып, Жамбыл музейіне өткізіп отырды. Ал кітаптарындағы естеліктері мен есіндегілері жайлы деректері өте құнды. Әлекеңнің ғұмыр бойы қолынан қаламы түспеген қаламгерлік қуаты да ерекше бір қыры. Аудандық, облыстық газет беттерін ақтарсаңыз, оның жазған көптеген мақала, зерттеу, естеліктеріне жолығасыз. Құнды-құнды деректерге қызығасыз. Мәселен, Алғадайды жоқтаудың Жамбыл атасы айтқан нұсқасын былай деп жазады: Ат байладым ақырға, Бал қайнаттым бақырға, Қайнатқан балдан татпадың, Қайтара сәлем айтпадың. Мінгенде атың сұр бөрте, Тұңғышым өлдің еп-ерте. Мен жыламай, кім жылайд, Жал-құйрығым кеп-келте. Мінгенде атың кер ме екен, Кекілден аққан тер ме екен? Қырға шығып шақырсам, Алғадай мен Ізтілеудей боздағым, Атамның даусы-ай, дер ме екен? Мінгенде атың ақ боз ат, Кимедің ақырет үш қабат. Жауаптап молда алдырып, Тозақ отын көрмей жат. Өзі естіген талай-талай әңгіме дерек, өлең-жырларды осылай жазып келеді. Мәселен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажымұқандарға арнаған Жәкеңнің әзілдері қандай. Сәбит Мұқановты Жәкең «Балуан Шолағым» дейді екен. Міне, сол Сәбеңе арнаған бір ауыз өлеңі: Аман ба, Балуан Шолағым, Ұқсайды соған қомағың. Мезгілсіздеу келіпсің, Бола койғын қонағым. Мәриям жоқ қасыңда Ыңғайсыз-ау, со жағың. Қызғанатын мен емес, Осы ауылдың тамағын. Мал союдан кеш қалдық Қайнайтын ет, қазаным. Жеңіл-желпі ішіп жат, Балалардың арағын. О да болса серкесі, Осы кызық заманның. Қой күйіске кірді ғой, Түсіңерсің, қарағым. Жалпы, жамбылтану ғылымында Әлекеңнің өзіндік үлесі бар. * * *

Жамбыл төңірегінде өте дарынды, талантты ақындар шоғыры қалыптасып, тәрбиеленіп, өсіп өркендеді. Олардың әрқайсысының қазақ әдебиетінде өзіндік орны, салмағы бар. Мұхтар Әуезов: «Ал Жамбыл төңірегіне топтанған кіші, жас ақындар қазір өз творчествосында жалпы ақындық-шығарғыштық және жанрлық-репертуарлық бет-бейнелерімен, бағыт-бағдарларымен Жамбылға жақын, сонымен үндес», – деп олардың көбісіне лайықты баға берді. Жамбылдың шәкірттері Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Есдәулет Қандеков, Әбдіғали Сариев, Өмірзақ Қарғабаев, Әсімхан Қосбасаров секілді халық ақындарымен Әлекең бірге жүрді. Молдабай Жолдыбаев, Қасен, Оспан Тұяқбаев, Арғынбай, Шүкітай, Малыбай, Жартыбай Қырықбаев, Өтеп Оңғарбаев, Әбдіқадыр, Қасымхан Қосбасаров тағы басқа осы өңірдегі ұмытылып бара жатқан ақындар жайлы қозғау салып, іздестіріп, ел есіне салып жүретін де осы Әлекең. Осы ауданның тұңғыш ревкомы-басшысы болған ақын, балуан Мақыш Райымбекұлы жайлы кітап жазуыма түрткі болып, ой тастаған Әлекеңе қалай разы болмассың?! Ірі істерді ірі тұлғалар жасайды. Әлімқұл ағаның ұсынысымен Жамбыл ата мавзолейінің сол жақ босағасына қызыл шұбар жолбарысы қойылды. Жамбылдың ата-бабалары жатқан бейіт-қорымы қоршалып, кесене тұрғызылды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұларды жүзеге асырған, көптеген ескерткіш-кесенелер тұрғызып жүрген белгілі мемлекет қайраткері, бұрынғы Алматы облысының әкімі болған Серік Әбікенұлы Үмбетовтің шарапатты да шапағатты ұлан-ғайыр игілікті істерін атап айтқан абзал. Тірі тарих, шежіре көңіл Әлекең – көненің көзі, өткеннің жоқшысы. Құртқа тәуіп, Досмайыл бақсы, Байсерке болыс, Тәумеңке, Түктібай әулие тағы басқа да айтулы жандар жөнінде, олардың кім болғаны, қайда жерленгендері жайлы қажет жеріне айтып, іздеушісі болған қайраткер. Әлекең Жамбыл күйлерін тартып, тарихын баяндап отырған. Жамбыл тәтесінің ән-әуендерін айтатын. Өңірдегі ұмытылып бара жатқан ән-әуен, күйлер, жыршылар сарынын бүгінге жеткізуші. Кезінде Шортанбай, Қыдырқожа, Шаштай күйлерін бірге барып жазып алған едік. Нұрғиса Тілендиевпен жақын туыс болып араласты. Әсет Бейсеуовті тұңғышындай еркелетті. Оспанханмен әдемі қалжыңдасып, Мұхаметжан Етекбаевпен жақын сырлас болды. Сейдахмет Бердіқұлов, Орысбай Әбділдаевтар ағасы жайлы «Лениншіл жасқа» мөлдіретіп жазды. Марқұм Сейітхан Молдахметұлын өз баласынан артық жақсы көрді. Күлкі – көрікті өмір, Әзіл – әдемі көңіл. Әлекең жастарды жанына үйіріп, әзіл-қалжыңмен, ақыл-өсиетімен бір шоғыр таланттарды тәрбиелеп өсірді: Есенқұл Жақыпбеков, Жолдасхан Құрамысов, Ермек Жұматаев, Ақан Әбдуәлиев, Әуелбек Ысқақов, Нүсіп Әбдірахым, Рәтбек Сәдуақасов, Нұрлан Әбдібеков, бәрі-бәрі Әлекеңе еркеледі. Әлекең бәрімізді еркелете білді. Ұлы Бекмұрат – бүгінде күйші, ақын. Немерелері де домбыра ұстап, үйреніп жүр. Әлімқұл Жамбылов жарты ғасыр мәдениет саласында қызмет етті. Қызыл отау, автоклуб меңгерушісі болды. Әлекең бармаған қыстау, араламаған жайлау жоқ шығар. Автоклуб меңгерушісі болып жүріп таңды таңға ұрып, малшы, қойшыларға, алыстағы қырман басында кино көрсетті, өзі өлең-жыр, толғау-дастан айтты. Сахнасы – қазақтың кең даласы, көрермені құс ұйқылы, бел шешпейтін бейнеткер малшылар қауымы болды. Әлекең келсе – ән келеді, жырымен сән келеді, – деп күтетін еді ел-жұрты. Қашан көрсек те Әлімқұл аға тең-тең газет-журнал көтеріп жүретін, көп оқитын, оқығанын түртіп жазып қояды, жақсысын елге айтып жүреді. Қазақстанның халық ақыны Әлімқұл Жамбылов атақ, абыройдан кенде емес. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Әр адам – бір-бір тарих, өзгеше әлем. Ішкі жан дүниесіне үңілер болсақ сан түрлі тағдырды көреміз. Әлекеңнің де өмірі теп-тегіс емес, сан қырлы, жетімдік зарын да, ашаршылық, соғыс – бәрі-бәрін басынан өткерді. Жұбайы Күшәрия Сәрсенәліқызы ерте, 1989 жылы қайтыс болып, үш ұл-келінімен қалды. Қиындықты қайыспай жеңе білді. Мойымады, морт сынбады. Еліміздің батагөй, ақ тілекті, абыз ақсақалы бола білді. Мәскеуге барғанымызда Қызыл Алаңда әр елден келген сан ұлттың өкілдері оюлы қазақ шапан киінген, қолына домбыра ұстаған Әлімқұл шалды құшақтап «Жамбыл, тірі Джамбул» десіп, суретке түсіп жібермей қойғаны бар. Иә, Жамбыл атам бейітіне бүкіл әлем келіп, басын иіп, тәу етіп жатады. Жақсы да, жайсаң да, талай-талай құдіретті де киелі жандардың музейлері орналасқан Жамбыл ауылына арнайы ат басын тірейді. Күллі дүниенің жұмағы ғой бұл құтты мекен. Тәтеміздің музейі алдында қолында қызыл сырлы домбырасы, үстінде Өзбекәлі Жәнібеков тіктіріп берген ою-өрнекті шапаны бар, көзі күлімдеп, ақ сақалы желбіреп Әлімқұл Жамбылов қарсы алушы еді мейман біткенді. Әу деп айқайлап, Қарасайлап ұран шақырып, арнау жырын төгіп-төгіп жіберетін. Бәрі де ғажап, бәрі әдемі. Қонақ біткен елжіреп, тірі Жамбыл атасын көргендей мәре-сәре болып қалатын. Шәкірті Сүйінбайдың Жамбыл алып, Жырлаған Қарасайды айбынданып. Өлеңнен өлмес тұғыр тапқан ақын, Елде жүр жолбарысын ертіп алып.

* * *

– Атам сізге келіп жолығып кетсінші деп жатыр, – деді тұңғыш ұлы Мұратхан телефон шалып. Дереу қамданып, асығыс жетіп бардым. Шал төсекте жатыр. Аппақ қардай сақалы омырауын жапқан, талай-талай дүбірлі ас, додалы айтысты дүрілдеткен ақын аппақ қудай қуарып, көзі ішіне түсіп, әбден еттен арылған. Адам азғанда құр сүйегі саудырап, ұзарып кетеді-ау деймін. – Балам, келдің бе? – деді. Өбектеп үстіне төніп түстім. – Балам, кел, отыр қасыма. «Атам дегізсе, дегізсін, ботам дегізбесін» деген қазақпыз. Сендердің алдарыңда аттанайын деп жатырмын. Жамбыл атам түсімде шақырып жүр. Ел-жұртыма разымын, алақанына салып еркелетті, Жамбыл ата домбырасын ұстаған ақын деп төбесіне көтерді. Қай жерге барсам да замандастарым төрін ұсынып, қойын сойып, құрметтеп-қошеметтеп қонақ етті. Алланың мұнысына шүкір, тәубе!.. – деп, сақалы желпілдеп Жәкеңнің екі-үш шумақ өлеңін айтты. Мұратхан құрақ ұшып, дастарқанға шақырды. Үйме бір табақ ет тартылды. Жүрегім басы кілкіп, әлгі тамақты жей алсамшы. Төрге сүйемелдеп, қолтықтап әзер әкеліп отырғызған қарт ақынға жалпақтап қарай беремін. Сексен сегіз жастағы қария мені неге жекелеп шақырды екен? Ішім дауыл, өмір деген – қас қағым сәт екен-ау... Бүкіл бала-шаға, немерелерінің көзінше: – Мені неге шақырдыңыз? – деп сұрадым. – Жәй. Адам ауырып, жер тартып жатып қалғанда, есіне нелер келіп, нелер кетпейді. Көкейімде баламдай болған сені сағындым, дидарыңды көргім келді. Батамды берейін саған... – деді жарықтық даусы үзіліп-үзіліп шығып. Ойым онға, санам санға бөлініп, суық сорғандай денем қалтырап, бұрқ етіп көзіме жас іркілді. Қайран асылдың сынығы, көненің жарқырап тұрар көзі, іші тола қазына сыр сандық қария ақынды көтеріп, қайта төсегіне жатқыздық. – Ақын не айтар екен, нені аманаттап табыстайды деген оймен екеуміз оңаша жеке қалғанда: – Маған не айтқыңыз келді? – деп тағы сұрадым. – Көрдім. Сөйлестім. Көңілім толды. Ел-жұртыма рахмет дегейсің. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Соңымдағы өсіп келе жатқан Қазақ елі қалың ормандай өсіп, өніп, көктеп, көбейе берсін! Әлекең екі қолы желді күнгі жапырақша қалтырап, батасын беріп, қоштасты. Мен қарт ақынның аппақ сақалын мауқым басылғанша иіскей бердім. Көп ұзамай, жұмаға жетпей «Әлімқұл ақын қайтыс болды» деген хабар келді. Қалың елі қайысып, соңғы сапарға шығарып салды. Әлекеңді ата-бабаларының жанына жерлеген күннің ертесіне Алатау басы түгел ағарып кетіпті.

* * *

Міне, арада бір жыл сырғып өте шығыпты. Әлекеңнің жазып қалдырған кітап, мұраларын қарап отырмын. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Биыл күзде суық ерте түсті. Алаңдап туған әкемдей болған Әлекеңді сағынып, тау жаққа қарай беремін. Қарт Алатаудың басы да, самай шашы да аппақ-ау, аппақ... Біздің ақ сәлделі тауларымыз да биік, асқар, сұлу да паң. Ұшы-қиырына көз жетпейтін далаларымыз да кең, алып, көркем де көрікті. Дарқан жеріміз де асылға тұнып тұр, еліміз де асыл жандарымен ардақты. Данагөй, көпті көрген шежіре көңіл, баташыл да тәубешіл қарияларымыз – Жамбыл атамды көрген, сөзін естіген Сіздер аман болыңыздар. Сол Жамбыл атамның жұрнағы – жауһар жырының жалғасы, домбырадағы дір еткен дыбысы, үні, сөзі, көзі – Әлекең жайлы ақтарылар сөздер, естеліктер телегей теңіз.