Білім

Мұғалім – мектептің жүрегі

Мұғалім – мектептің жүрегі

Даңқты батыр, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Осынау мәртебелі мамандық иелерінің төл мерекесі – Мұғалімдер күніне орай Тараз қалалық Мәдениет үйінде қалалық білім қызметкерлеріне арналған: «Ұстазға мың тағзым!» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік салтанат ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өнерпаз жастардың «Мен қазақпын» вокалды-хореографиялық композициясымен басталды. Мерекелік жиында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров сөз алып: «Ұстаз балаларға ең басты байлық білім береді. Елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім», – деп, ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаз еңбегін ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар, елімізде білім саласына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отырғанын, қаланың білім беру саласына бөлінген қаржының жылдан-жылға артып, білім беру мекемелерінің саны да, сапасы да өсіп келе жатқанын айтты. Жиын барысында білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет еткен бірнеше ардагер ұстаздарға ізгі тілекпен гүл шоқтары ұсынылып, қошемет көрсетілді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен №1 және №40 гимназияның мұғалімдері Г.Табанова мен Т. Квон, Алғыс хатпен №5 мектеп-гимназияның ұстазы Г. Сегізбаева марапатталды. Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасына» №49 мектеп-гимназияның мұғалімі Г.Сартпаева, Тараз қалалық мәслихатының Құрмет грамотасына №11 мектептің оқытушысы Б.Есалиев, №21 балабақшаның меңгерушісі Ә.Сәттібаева, №49 мектеп-гимназияның мұғалімі Ж.Сұлтанов ие болды. Сондай-ақ, бірқатар білім саласының қызметкерлеріне Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің Құрмет грамотасы тапсырылды. Мұғалімдер күніне арналған салтанат соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».