Тараз өркен жайып келеді
Тараз өркен жайып келеді
жаңадан салынатын екі шағын аудан ел игілігіне айналатын күн алыс емес
Мақсат Ахаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын жандандыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар бергені белгілі. Аталған шараларға қомақты қаржы да бөлінді. Елбасы тапсырмасы облыстың бас шаһарында да белсенді жүзеге асырылуда. Әсіресе, әлеуметтік нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер салу ісі кең қанат жайды. Биылғы жылдың I жарты жылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 8 миллиард 275 миллион теңгені құрады. Оның ішінде бюджеттік инвестиция есебінен 4 миллиард 40 миллион теңге бөлінді. Мұның жалпы көрсеткіштегі үлесі 49 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары көлемін ұлғайтудың атап өтерлік бірқатар факторлары бар. Мысалы, жалпы қала бюджетінде құрылыс жұмыстарына 10 миллиард 967 миллион, оның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 миллиард 911,4 миллион теңге қарастырылған. Айта кету керек, жыл басында жоғары тұрған бюджеттерден бөлінген трансферттер мен несиелердің көлемі 3 миллиард 888,4 миллион теңгені құраса, бүгінгі күні бұл сома 3,5 есеге артып отыр. Экономиканы ынталандыру аясында бөлінген осынау қаржы қаражаттары инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға өз ықпалын тигізуде. Жыл басынан бері жалпы алаңы 66,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 28 пайызға артқаны байқалып отыр. Жалпы, қаланың он үш мөлтек ауданы мен «Арай» тұрғынжай алқабында да көп қабатты тұрғын үй кешендері орналасқан. Қазіргі таңда көп пәтерлі тұрғын үй саны 1235-ке жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдары алғаш бой көтерген тұрғынжай алқабы «Астана» шағын ауданы болды, оның құрылысы 2007 жылы басталды. Екі жылға жуық мерзімде қаланың шеткі бөлігіндегі бос жерлерге инфрақұрылымы жасалып, әлеуметтік нысандарымен бірге жаңа үлгідегі көп қабатты үйлер тұрғызылды. Бұл аумақ бүгінде балалардың ойын алаңы, демалуға қолайлы жағдайлар жасалған, гүлзарлары бар, тұрғындар көптеп шоғырланған құтты мекенге де айналды. Осындай жаңа шағын аудандар есебінен қала аумағы да айтарлықтай ұлғаюда. 2008 жылдан бастап жалпы көлемі 40 гектар аумақта «Бәйтерек» шағын ауданының құрылысы басталғаны белгілі. Бүгінде мұнда 6 қабатты 70 пәтерлі бір үй, барлығы 1460 пәтерді құрайтын 5 қабатты жиырма үш үй, әрқайсысы 200 төсектік екі аурухана, 280 және 75 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. Жеке қаржылары есебінен «АрайСтройМаркет» ЖШС 5 қабатты 75 пәтерлі екі үйдің, «Сенім» ЖШС 9 қабатты 240 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың қайсыбіреулері пайдалануға да беріліп, жаңа пәтерлер иелері қоныс тойларын да жасап үлгерді. Алдыңғы жылы 14 гектарды құрайтын «Арай» тұрғынжай алқабында да көп қабатты үйлердің құрылысы басталған-ды. Былтыр Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісімен әрқайсысы 65 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биыл да қосымша тағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй салыну үстінде. Аталған үйлердің құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек және қазан айларында аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге, «Бином» ЖШС-ның күшімен ірі панельді 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Сүлейменов көшесінің соңғы жағынан жалпы көлемі 362 гектарды құрайтын 15-ші, «Автобекет» аумағынан жалпы көлемі 100 гектар 14-шағын аудандар құрылысын салу алдағы жылдардағы негізгі бағыттарымыздың бірі болып отыр. Бүгінде Сүлейменов көшесіне кіреберістегі тұрғынжай алқабында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары одан әрі жалғасуда. Ал «Автобекет» аумағында мұндай жұмыстар биыл басталды. Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны – 12198, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері – 6, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1552, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар – 7039, мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлер 3601 адамды құрайды. Тұрғын үй құрылысын ынталандыру экономикалық өсімді де қамтамасыз ететіні белгілі. Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында шілде айында «Арай» алқабында әрқайсысы 80 пәтерлі 6 үйдің құрылысына облыстық бюджеттің ішкі резерві есебінен 3 миллиард теңге несие бөлінді. Бұл үйлердің құрылысы, айналымы екі жылға арналған облигациялар шығару және оларды «Бәйтерек девелопмент» АҚ иеленіп, жеке құрылысшыларға құрылыс жүргізуге тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «Арай» алқабында барлығы 470 пәтерлік тағы 6 үйдің жобалық құжаттары мен жер телімдері «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталына беріліп, одан әрі «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы жеке құрылысшыларға тапсырыс беру жолымен құрылыс жұмыстары басталады. Аталған 12 үйдің құрылысын 2017 жылдың І жарты жылдығында аяқтау жоспарлануда. 2014-2016 жылдар аралығында коммуналдық үйлер пайдалануға берілген жоқ. Алайда, биыл Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Арай-2» шағын ауданында, «Атшабар», «Маяковский» тұрғынжай кешендері аумағында барлығы 514 пәтер ел игілігіне ұсынылды. Сондай-ақ, тұрғын үй қорын сақтау, нығайту да басты міндеттердің бірі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы басталған кезде 684 кондоминиум нысандары жөндеуді қажет еткен болса, бүгінде олардың 163-іне тиісінше жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл іс одан әрі де жалғасын табу үстінде.