Қазақстанда ескі көліктерді қабылдайтын зауыттар салынады
Қазақстанда ескі көліктерді қабылдайтын зауыттар салынады
ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау Орталық коммуникациялар қызметінде сөз сөйлей отырып, автокөліктерді толықтай қайта шығаратын бірнеше зауыттың салынатыны жайлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. "Оператор РОП" ЖШС стратегиясына сәйкес, үш зауыт салынады деп жоспарланып отыр. Біріншісі Астана мен Қарағанды аумағында, екіншісі Алматыда, ал үшінші зауыт Шымкентте. Ескі көліктер осы қалалардың әрқайсысында бір-бірден қабылданады. Вице-министрдің айтуынша, бірінші зауыт жарты жылдың ішінде ашылады. "Мысалы, Жапонияда жеті жылдан аса қолданылған көлікпен жүру тиімсіз. Себебі ол көліктерге деген техникалық тексеру мен басқа да қызметтердің төлемі өседі. Жапондарға одан гөрі жаңа көлік ала салған тиімдірек. Ал өткізілген көліктер қосымша айналымға түседі. Бұл біздің түпкі мақсатымыз. Біз осы мақсатқа жету үшін жұмыс істеуіміз қажет", - деді ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау. Еске салайық, осыған дейін елімізде ескі көліктердің 315 мың теңгеденқабылдана бастағаны хабарланған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл бағдарлама екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі 2016 жылдың қазан айынан бастап 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл кезде тек жеңіл көліктер қабылданатын болады. Ал бағдарламаның екінші кезеңінде, яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін автобустар, шағын автобустар және жүк көліктері қабылданатын болады.
Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz