Желтоқсан Джейкобске жеңіс сыйлай ма?
Желтоқсан Джейкобске жеңіс сыйлай ма?
Кәсіпқой рингте GGG лақап атымен танылған орта салмақтың королі Геннадий Головкин оныншы қыркүйекте ұлыбританиялық Келл Бруктың аптығын басқан соң WBA Президенті Жильберто Мендоса Головкин мен америкалық Дэниэль Джейкобс арасындағы жекпе-жекті 120 күн ішінде өткізуге, 30 күн ішінде келісімге келуге уақыт бергені мәлім. Қазақстандық боксшы WBC, IBF, IBO тұжырымдарынан бөлек WBA тұжырымы бойынша супер чемпион екені белгілі. Ал АҚШ былғары қолғап шебері аталмыш ұйымның тұрақты чемпионы мәртебесіне ие. Түсінікті тілмен айтсақ, Джейкобс – Головкиннің чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер. Оныншы қазанға дейін тараптар келісімге келе алмаған жағдайда промоутерлік сауда жүргізіледі. Алайда екіжақты келісім мәселені оған жеткізе қоймас деген үміт бар. Жалпы, Дэниэль Джейкобс орта салмақтағы үздіктердің қатарына кіреді. Тіпті, бокстың жілігін шағып, майын ішкен мамандар оны орта салмақта Генадан кейінгі екінші нөмірлі спортшы ретінде бағалайды. Кәсіпқой рингте 33 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана жеңіліске ұшыраған Джейкобсты жұртшылық ресейлік Дмитрий Пирогқа нокаутпен ұтылған боксшы ретінде таниды. WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған шайқаста Пирогтың тікелей соққысынан еденге сұлқ құлаған Дэниель сол кездесуден кейін он екі мәрте қатарынан жеңіске қол жеткізді. Оның ішінде орта салмақтағы шын мықтылардың қатарына енген Питер Куйллинді бірінші раундта нокаутпен жеңіп, айдай әлемді таңғалдырғаны әлі есте. Жалпы, бүгінгі таңда Геннадий Головкиннің абсолютті чемпион атануы үшін бір ғана чемпиондық белбеу жетіспейді. Егер 2012 жылы Дмитрий Пирог (сол кездегі WBO чемпионы Дмитрий Пирог пен Генаның командасы жекпе-жекті өткізуге бел байлаған) ауыр жарақат алып, спорттық мансабын аяқтамағанда қазіргі кезде біз ағылшын Билли Джо Сондерстің ізіне шам алып түспес едік. Әлбетте, Джейкобс жалтарып кетпесе, Головкинмен оныншы желтоқсанда Нью-Йорктегі «Barclays center» аренасында қолғап түйістіруі керек. Осы жекпе-жектен соң ағылшын Билли Джо Сондерспен біріккен тұжырымдар айқасын өткізуді жоспарлап отырған Генаның промоутері Том Леффлер мен менеджері Олег Герман келіссөз ойдағыдай жүзеге аспаса, қарсылас іздеп әлек болмайды. Әрине, Головкин екінші орта салмақтағы мексикалық Хильберто Рамиресті қарсылас ретінде таңдамаған жағдайда, бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) желтоқсан айында өз тұжырымдары бойынша Головкиннің чемпиондық белбеуіне үміткер боксшыны анықтамақ. Қазіргі кезде WBC рейтингінде аргентиналық Хорхе Хейланд көш бастап тұр. Ал ел асыға күткен Головкин-Сауль Канело Альварес арасындағы жекпе-жек келесі жылдың күзінде ұйымдастырылуы ықтимал. Әйтсе де, боксшыларға үлестірілетін қаржылық қайшылықтар бұл мегашайқастың өткізілу мерзімін ұзарта түсу ықтималдығы бар екенін де қаперден шығармаған абзал. «Golden boy» промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де Ла Хойя қос боксшының сыйақысын пайыздық мөлшермен үлестіргеннен гөрі, Головкинге шектеулі мөлшерде ғана гонорар төлегісі келеді...
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".