Денсаулық

Жаза баспа, жазаланасың

Жаза баспа, жазаланасың

Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының атқарған жұмыстарына жүргізілген мониторинг және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтаған сыртқы талдау жұмыстарының қорытындысы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жария етілді. Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ержан Жұмабековтің айтуынша, денсаулық сақтау басқармасы мен оған қарасты мекемелердің «Электрондық үкімет» веб-порталы және мемлекеттік корпорация арқылы қызмет көрсету мүмкіндігі бола тұра осы жартыжылдықта 3 766 840 қызметтің 97 пайызын қағаз түрінде көрсеткен. Бұл өз кезегінде қызмет беруші мен қызмет алушының тікелей байланысқа түсуімен ұштасатын сыбайлас жемқорлық қатерлерін туындатады дейді баяндамашы. Жиында медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінде медицина қызметкерлерінің үстінен арыз-шағымдар көп түсетіні сөз болды. Бір «әттеген-айы» өтініштерде көрсетілген деректердің көбісі дәлелденіпті. Ал денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Масалимовке қатысты іс сот үкімімен он миллион теңге айыппұл өндірумен аяқталған. Ал Тараз қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Г.Жақсыбековаға қатысты қылмыстық іс дәлелденбейтін негіздерге байланысты қысқартылған көрінеді. Талдау-саралау жұмыстары облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте де көңіл көншітпейтін келеңсіздіктердің бар екенін анықтапты. Жиында департаменттің Халыққа қызмет көрсету орталығымен өзара әрекеттестігі тиісті деңгейде еместігін, ондағы мамандар қызмет алушылардан басы артық құжаттар талап етіп, тұрғындарды сандалтып қоятынын дәйектейтін нақты деректер келтірілді. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Бауыржан Қырғызбаев олқылықтарға жол бергендерге шара қолданылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, жиында Тараз қаласы прокуратурасының «Заңдылықтың бұзылуын жою туралы» ұсынысы негізінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапарәлиевке, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Сүгірбеков пен оның орынбасары Арнұр Тоқсабаевқа, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ильяс Бекежановқа, қала әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің басшысы Бауыржан Молдашевқа, қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Назира Сәбденәлиеваға қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды. Жақсылық Сапарәлиев комиссияға төрағалық етіп тұрғанда қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша Желтоқсан көшесі, №86 «А» мекен-жайында орналасқан «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің павильондарын бұзу және жалпы алаңы 0,0670 гектар жерді мемлекетке қайтару туралы шығарылған сот шешімінен хабардар болмағанын айтады. Б.Молдашев болса, заңдылықты ескермей, облыстық кәсіпкерлер палатасына жақсылық жасаймын деп сот шешімін комиссия мүшелеріне көрсетпеген. Соның салдарынан Тараз қаласы әкімдігі биыл жер комиссиясының қорытындысымен аталған жерді «Пико» ЖШС-на мерзімін қайтадан ұзартып берген. Мемлекеттік қызметкерлер ісінің Әдеп жөніндегі кеңесте қаралуына мынадай заңсыздықтар түрткі болған. Атап айтсақ, азамат Қиятовтың меншігіндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы 31 гектар жер телімінің 3 гектарын жер комиссиясы жер иесіне нысаналы мақсатта жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін өзгертіп берген. Сондай-ақ, қаладағы Абай және Петров көшелерінің қиылысында алаңы 1,2 сотықты құрайтын жер телімін дүкен құрылысы үшін аукционмен азаматша Полстьяноваға сатқан. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов бастаған кеңес мүшелері Жақсылық Сапарәлиевке, Бақытжан Сүгірбековке, Бауыржан Молдашевқа, Арнұр Тоқсабаевқа қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту түрінде жаза қолдану туралы ұйғарым жасады. Ильяс Бекежановқа сөгіс беріліп, Назира Сәбденәлиеваның кінәсі дәлелденбеді.

Нұрым Сырғабаев,

"Ақ жол".