Денсаулық

Басты арманымыз – бейбітшілік

Басты арманымыз – бейбітшілік

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. 1991 жылдың 29 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген ядролық қаруды сынақтан өткізу ісіне біржола нүкте қойылды. Осылай әлемдегі ең ірі бес полигонның бірі өз жұмысын тоқтатты. Елбасының осындай тарихи шешім жасауы бүгінде әлемдік қоғамдастық тарапынан бейбітшілік жолындағы гуманистік батыл қадам деп бағалануда. Сол тарихи күннен бері Елбасы тәуелсіз еліміздің атынан әлемде бейбіт тұрақтылық пен халықтар арасындағы ынтымақ-бірлікті сақтау бағытында тынбай еңбек етумен келеді. Бейбітшілік пен кауіпсіздік, татулық пен тұрақтылық ел дамуындағы басым бағыттарды да құрайды. Елбасының ширек ғасыр бойы тынымсыз атқарған ерен еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінде «АТОМ» жобасына бастамашылық етуде. Жобаның міндеті – петицияға қол қою жолымен ядролық қауіпке қарсы белсенді іс-әрекет жасау үшін әлемдік қауымдастықты қалыптастыру, келешегімізді кемелдендіру. Бүгінгі күннің өзінде 100-ден астам елден 200 мыңнан астам адам атомды бейбіт мақсатта пайдалану үрдісін талап етумен мемлекеттер басшыларына жолданған «АТОМ» жобасының онлайн-петициясына қол қойып та үлгерді. Бейбітшілік, ынтымақ-бірлік, елдік мәселелері Елбасының «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Әділеттің ақ жолы», «Еуразия жүрегінде», «Өмір өткелдері», «Қазақстан жолы» атты кітаптарында да жан-жақты көрініс тапқаны белгілі. Мемлекет басшысының жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде үзіндісі жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа еңбегі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына толымды тартуы болды. Сондай-ақ, әр жылғы халыққа Жолдауларында да бейбітшілік байрағымыз, туған жер тұғырымыз екені ерекше атап өтілумен келеді. Бейбітшілік пен жасампаздық жолы бүгінгі басты ұранымызға да айналып отыр. Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтып, әлемдік тұрақтылықты жақтайтын бірден-бір ел екендігін Тәуелсіздік тұсында жүргізілген әртүрлі халықаралық және әлемдік деңгейдегі келелі іс-әрекеттерімен көрсетуде. Ал Елбасының АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест жариялап, оның өзі БҰҰ Бас Ассамблеясының және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болуы еліміз үшін де айрықша мәртебе, үлкен абырой деп ойлаймыз. Бұл құжаттың бірінші кезекте адамзат мүддесіне бағытталғанын барлық елдің саяси сарапшылары мойындап отыр. Бұл Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік миссиясына адалдығын, татулық пен тұрақтылықты ту еткенін де айқын аңғартады. Қорыта айтқанда, Елбасының манифесі – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, қақтығыссыз және соғыссыз әлем құруға шақыратын, ынтымағы жарасқан қоғам құрып, қалыптастырудың мүмкіндігі барын, әлемнің болашағы бөлінуде емес – бірлікте, бақталастықта емес – ынтымақтастықта екенін шынайы ұғындыратын, жалпы адамзаттық келісімге бастайтын байыпты да құнды құжат. Оны әлем халықтарын бейбіт тұрақтылықты сақтауға үндейтін мазмұнның түп қазығы әрі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, әлемдік өзара татулықтың гимні десек те еш артығы жоқ.

Билібай МҮСІЛІМОВ, 

ТарМПИ-дің доценті,

%d0%b1-%d0%bc%d1%83%d1%81%d0%bb%d0%b8%d0%bcфизика-математика ғылымдарының кандидаты.