Экономика

Тату елдердің байлығы тасыр

Тату елдердің байлығы тасыр

«Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа механизмі».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаңа одақ – заманауи мегажоба

19Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихаттың хатшысы.

Еуразиялық интеграцияны бетке алған Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы ықпалдасу жолын саралағандардың басымы осынау бірлестіктің осал болмайтынын, керісінше ХХІ ғасырдағы аса жетілген сауатты бірлестіктің жоғары деңгейі дүниеге келетінін айтады. Болжамды әлеуетіне ой жүгіртсек: Қазақстан, Ресей мен Беларусьтың жиынтық ішкі жалпы өнімі шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі – шамамен 112 миллиард долларға жетеді, ал жалпы тұтыну рыногы 170 миллион адамды қамтиды. Тәуелсіздіктің сонау алғашқы жылынан бері осы жолды ту еткен Еуразиялық одақ идеясының авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында: «Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Оның қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие» деген болатын. Сондықтан жаңа одақтың берекелі елімізге берері мол болады деп сенемін.

Мәдениет те, білім де өркендейді

18Сәуле Жанпейісова, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Елбасымыз еліміздің алыс-жақын шетелдермен саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын нығайтуда ерлікке пара-пар еңбектің үлгісін көрсетумен келеді. Еуразиялық экономикалық одақ та осы алыс-берістің кең өріс алып, еліміздің қуаты арта түсуіне жол ашпақ. Экономикалық одақтың халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететіні сөзсіз. Бұл да біздің Елбасымыздың халықаралық дәрежедегі зор беделіне байланысты болып отыр. Қазақ тарихындағы ең үлкен белестердің бірі деп есептеуге болады. Өйткені бұл – бір жағынан бұқара халықтың да игілігі үшін жасалынған шара. Тек экономика саласында ғана емес, мәдениет саласында да алға ілгерілеушілік болады деп сенемін. Бұл елдердің менталитетіне, саяси, мәдени қарым-қатынас саласына, мемлекеттің ақпарат құралдарына да байланысты. Әсіресе, білім беру мен мәдениет мәселесі Еуразиялық экономикалық одақты құрудың алғы шарты болып табылады. Өз кезегінде әлеуметтік-мәдени сипатта ЕЭО құруға бастама бола алады. Президентіміз осыдан 20 жыл бұрын Еуразиялық одақ құру туралы идея көтерді. Демек, бұған дайындық әлдеқашан-ақ басталған болатын. Яғни, кезегі келіп, пісіп-жетіліп тұрған мәселе еді. Үш Мемлекет басшысының арнайы шартқа қол қоюымен енді бұл идея нақты іс жүзіне де асатын болады.

Ел жағдайы жақсаруына ықпалы зор

17Ақжүрек Таңатаров, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері.

Жалпы, спорттың дүниежүзі халқын бейбітшілікке үндейтіні белгілі. Еуразиялық экономикалық одақтың рөлі де сондай деп білемін. Оның мемлекетаралық саясатқа еш ықпалы жоқ. Тек, татулық пен тыныштықты сақтай отырып, экономиканы арттыруға бағытталған. Себебі, интеграция деген сөздің түпкі мәні экономикалық бірлестіктер арасындағы байланысты дамыта отырып, ынтымақтастық іс-қимылдарды тереңдету. Осыдан кейін шартқа қол қойған үш елдің арасында экономикалық қарым-қатынастар одан сайын жақсара түсетіні анық. Үш мемлекет арасындағы тауар айналымына кеңірек жол ашылады. Өз кезегінде бұл жағдай елдің ішкі әлеуметтік ахуалын тұрақтандыруға жол ашады деп ойлаймын. Халықтың әл-ауқаты жақсарса, елді мекендерде спорт залдар көптеп ашылып, жастар спортқа бетбұра бастайтын болады. Ал, спорт, ғылым мен білім – дамыған мемлекеттерде баса мән берілетін бәсекелестіктің өлшемдері. Елбасымыздың алға қойып отырған міндеті де осы – экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену.

Экономикалық ықпалдастық – болашаққа бастар жол

20Малик Ақжігітов, «Локомотив» жөндеу зауытының директоры.

Елбасының сындарлы саясаты арқасында мемлекетіміздің тұғыры бекіп, өркендеу жолымен алға қарышты қадам жасап барамыз. Ендігі жерде, әлемдік экономикалық бәсекелестік бәйгесінде оза шауып, кез-келген дағдарысқа төтеп беру үшін дамудың жаңа сатысына көтерілу басты мақсатымыз болып қала бермек. Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа кіру – маңызды мақсатқа қол жеткізуге бастайтын бірден-бір жол. Өркениет көшінен қалмау үшін жеке-дара даму бағытын ұстанғаннан гөрі, бірігу идеясының аясында алға жылжу анағұрлым тиімді таңдау болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Мәскеу мемлекеттік универ-ситетінің мінберінен 1994 жылдың наурызында көпшілік назарына ұсынылған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттар татулығының, интеграциялық бірлестіктің негізі болатын бастамасы шынайылығын көрсетіп отыр. Еліміздің жүрегі Астана қаласында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері басшыларының Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойған күн – тарихи күн. Болашаққа жаңа көзқарас қалыптастырған айшықты оқиға ең алдымен өндіріс саласының, тоғыз жолдың торабы – Шу өңірінде тынбай жұмыс істеп келе жатқан «Локомотив» жөндеу зауытының екінші тынысын ашқандай болды. 1998 жылдан бері теміржол тұлпарларының бабын келтіруге барынша күш салып келе жатқан зауыттың жетістіктері аз емес. Ағымдағы техникалық, сервистік қызмет көрсету жұмыстарынан бөлек, 2013 жылы 18 тепловоз құрастырып шығардық. Бұл техника қазір Қазақстан теміржолының игілігіне жарап тұр. Өндірісті қуаттандыра түсу үшін алда талай жоспар бар. Экономикалық интеграцияның жұмысымызға үлкен серпін қосатынына сеніміміз кәміл.

Шу ауданы.

ОРТАҚ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА - СЕНІМДІ ҚАДАМ

21Шұға Мұтаева, Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Меркі филиалының директоры.

Елбасы осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университеті студенттері алдында сөйлеген сөзінде қозғаған Еуразиялық экономикалық одақтың тұсауы 29 мамыр күні Астанада кесілді. Бұл шындығында да ұмытылмастай болып тарихта қалатын, әлемдік маңызды оқиға. Осыған дейін Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің кәсіпкерлері интеграцияның дамуын асыға күткен болатын. Енді үш ел арасында ғана емес, келешекте осындай экономикалық байланыс Қырғызстан мен Армения мемлекеттері арасында да жолға қойылатынын президенттер ашып айтты. Біздің кәсіпкерлер ортақ еңбек нарығының қалыптасуын үлкен үмітпен күткен. Бір Меркі ауданының өзінде бес мыңнан астам кәсіпкер бар. Меркінің әсем табиғаты, бір емес екі бірдей шипажайы жақын болашақта өңірді шетелдік демалушылар келетін туризм орталығына айналдыратыны сөзсіз. Меркіде қант, ірімшік, арақ-шарап өндірісі дамыған. Сүт өнімдерін халықаралық стандартпен қазірдің өзінде Қазақстанның барлық өңіріне шығарып отырмыз. Кәсіпкерлеріміздің нарықтық қатынастарға деген көзқарасы өзгерген. Мәселен, «LUBEX» серіктестігі жол бойындағы сервистік қызметті қолға алса, Нэлла Плешакова «бал қалашығын» ашып, оған бал арасымен айналысатын 100 кәсіпкерді тартқалы отыр. Меркіде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын мекеме ақпан айында ашылған. Десек те біз өз кәсіпкерлеріміздің заңды құқықтары бұзылмауын осы бастан қорғай бастадық. Ал, Астанада құрылған одақ кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеп жұмыс істеуіне, біздің өнімдеріміздің шетелдерге шығуына мүмкіндік береді. Осы үшін біз Елбасымызға ризамыз. Енді жаңадан құрылған одақтың тірлігі баянды болсын деп тілейміз.

Меркі ауданы.