АҚЫН
АҚЫН
Құдіреттеніп құйылғанда ұлы ақын, Гераклдей күшті, әрі ірі – ақыл. Күңіренеді қобыздайын аңырап. Тебіренеді теңіздейін сұрапыл! Көздерінен Күн шашырап маздаған, Сөздерінен мұң шашырап боздаған. Туғызады таң ғаламат суреттер Сикейростар, Сальвадорлар жазбаған. Аспан жақтан шабыт қонған шақта оған, Ақ қағазға құйылады аппақ ән. Табады ақын таңғажайып әуендер Бетховендер, Берлиоздар таппаған. Аппақ-аппақ гүлге айналып жауған қар, Жер-Анамен бірге айналып армандар, Дірілдейді таудан аққан бұлақтар, Уілдейді, шуылдайды ормандар. Қар құйындап, ұлығандай ақ боран, Қара көзден жас борайды көп тарам... Шаһиншахтар иек қақса ықпаған – Шайырларын түсіне алған жоқ қоғам! Елшің еді замандарға ертеңгі! Еңіреген ақындарға бер теңдік! Бір өлеңге сыйған бүкіл әлемнің Көз жанарын аударарлық көркемдік! Көркемдікте болған емес күнә зат, Ақын – аққу ақ қанатты, үні – азат. Рахымы зор Раббыңызға, жамағат, Жыр тілінде етіңіздер мінәжат!
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.