Денсаулық

Бас прокурор: Конкурстан өтсеңдер, таныссыз жұмысқа қабылдаймыз

Бас прокурор: Конкурстан өтсеңдер, таныссыз жұмысқа қабылдаймыз

Бүгін  ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоға сілтеме жасап. Бас прокурор жалынды жастарды отансүйгүштік пен еңбекқорлыққа жақын болуға, теріс идеологиядан алыс жүруге шақырды. Сонымен қатар, мақсатшыл жастарды жұмысқа шақырды. «Бәріңе айтатыным - ешқандай таныстың қажеті жоқ, келіңдер де, конкурстан өтіңдер. Егер нәтиже жоғары болса - жұмысқа қабылдаймыз", -  деп түйіндеді Ж. Асанов. Естеріңізге сала кетсек, шілде айында Астанадағы Назарбаев Университетінде еліміздің Бас Прокуроры «Прокуратураға - үздік мамандар» жобасын таныстырған болатын. Араға бір жарым ай салып, тамыз айының ортасында республика бойынша  прокуратура саласына жаңа қызметкерлер қабылдау конкурсы өтті. Еліміз бойынша 1350 адам қатысты. Оның тек 69-ы ғана іріктеуден өтті. Бұл азаматтар жақын арада жұмысқа қабылданады. Конкурс барысында үміткерлерге талап қатаң болды. Әсіресе, беймәлім тақырыпқа эссе жазуға аса мән берілді. Шығармаларды Назарбаев Университетінен келген сарапшылар тексеріп, бағалады. Конкурстан өткен 5 үміткер осы Қазақ гуманитарлық  заң университетінің түлектері. Сондықтан Бас прокурор, білімі жоғары азаматтардың жұмысқа қабылдануға мүмкіндігі мол екенін басып айтты.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат