Бизнес қорғалуы тиіс
Бизнес қорғалуы тиіс
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облыста болған іссапарында осылай деді.
Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облыста іссапармен болды. Тимур Асқарұлы өңірге жасаған сапарын «Тараз-Арена» спорт кешенінің жұмысымен танысудан бастады. Заманауи үлгіде салынған зәулім спорт орталығының жұмысын оң бағалаған ол одан әрі өңірдегі іргелі өндіріс ошағы «Казфосфат» және «Та-Мак» ЖШС-дағы жұмыс барысын көрді.
Одан кейін өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс басшылығымен, өңірлік кеңес мүшелерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуді Т. Құлыбаев ашып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовке сөз берді. Ол еліміздегі аса ауқымды кәсіпкерлік құрылым туралы кеңінен баян етті. Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан сынды барлығы алты өңірлік палатаның жұмысымен танысып, бизнес өкілдерімен кездесіп келе жатқандарын айтып, жалпы кәсіпкерлікті өркендетуде кездесіп жататын қиындықтар мен одан шығудың жолдарына жан-жақты тоқталды. Орта және шағын бизнесті өркендетуде несиенің орны айрықша екенін атап өтіп, мемлекеттік сатып алуға қатысу жолдарын әңгімеледі. Үкіметпен қоян-қолтық араласа жұмыс істеп жатқандарына назар аударып, аптасына бір рет Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен жұмыс барысында кездесу өткізіп, кәсіпкерлік саласына Мемлекет басшысының ерекше назар аударып отырғанынан да хабардар етті. Тимур Құлыбаев Ұлттық палата аппаратына бизнестің белсенді өкілдері мен мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған мықты мамандар топтасқанын алға тартты. Елбасы биыл кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялағанын еске сала келе, шағын және орта бизнесті өркендетуге қыруар қаржы бөлінгенін жеткізді. Барлық министрліктерде кәсіпкерлікті қорғауда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатса керек. Бас прокуратура мен экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен (қаржы полициясы) меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, ұлттық палата басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек еткен Тимур Асқарұлы Жамбыл облысында да осындай бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде оң жетістік бар екенін атап өтті. Өңірде индустриялық аймақтардың ашылуы да құптарлық тірлік екенін еске алған ол «Бизнес қорғалуы тиіс» деді. Күні кеше үш мемлекеттің Президенттері қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер үшін аса тиімді болатынын да еске салды. Мемлекет басшысының Қытайға жұмыс сапары туралы тарқатып айтып берді. Нұрсұлтан Әбішұлы қашанда кәсіптік білім беруге назар аударып келе жатқанына, сонда да бүгінде жастардың техникалық, ауылшаруашылық мамандықтарынан гөрі гуманитарлық мамандықтарға құштарлығы жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді. «Казфосфат» ЖШС бас директоры, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұқаш Ескендіров 2013-2014 жылдары кеңестің 7 отырысы өтіп, онда барлығы 21 мәселе қаралғанын жеткізді. Кеңес жұмыс істегелі 23 кәсіпкердің құқы қорғалыпты. Өңірлік палата директоры Асан Қошмамбетов облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның сөзіне қарағанда, облыста 300-ден астам ірі және орта бизнес нысандары, 20 мың жеке кәсіпкер, 15359 шаруа қожалығы жұмыс істейді екен. Облыстың барлық аудандарында палатаның филиалдары ашылып, жергілікті жерлерде кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. «Осы мақсатпен «Кәсіпкерлер палатасы» атты газет шығарып, басылым бетінде бизнес үшін маңызды мәселелер көтеріп, пікір алысып жатқан жағдайымыз бар», – деді. Осы уақытқа дейін облыстың 2000-нан аса кәсіпкері газеттің екі нөмірін тегін алып үлгеріпті. Кәсіпкерлер құқығын қорғайтын кеңес құрылып, 23 кәсіпкердің шағымы қаралып, 50 миллион теңге негізсіз тағайындалған төлемдерден құтқарылған. «Достық-99» шаруа қожалығынан заңсыз алынған 756 гектар жер телімін кері қайтару мәселесі шешілу үстінде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер үшін «бір терезе» тәсілі енгізілгенін, онда несие алу, түрлі құжаттарды жинау, тағы басқа кәсіпкерге не керек, соның бәрі бір жерден шешілетінін еске салды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Сарысу және Талас аудандары аумағындағы фосфор кенін игеруге келген Ресейдің «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС жұмысын бастағанын, Сарысу, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласы маңынан индустриялық аймақ ашылып жатқанын жеткізді. Елбасымен Малайзия Премьер-Министрі кездесуінде облыстың агросаласын қолдауға 350 миллион доллар бөлінгенін де атап өтті. Бұл қаржыға «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының облыс аумағынан өтетін 500 шақырымы бойынан шағын тауарлы сүт фермаларын ашу үшін мүйізді ірі қара малы сатып алынатынын атап көрсетті. Одан әрі Кәрім Нәсбекұлы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жобалар, Шу ауданындағы «Тасөткөл» су қоймасының суын тиімді пайдалану, тағы басқа да облыста атқарылып жатқан тірліктен кеңінен мәлім етті. Алыс-жақын шетелден келетін туристерге көрсететін бір жәдігеріміз – ежелгі Тараздың орны болмақ. Ол маңнан заманауи үлгідегі зәулім нысандар бой көтереді. Облыс әкімі Астанадан келген меймандарды туризм саласын дамытуда қолға алынып жатқан осындай тірліктерден де хабардар етті. Кездесуді қорытындылай келе, Т. Құлыбаев кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы да шешімін табатынын жеткізді.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.