Әлеумет

АТА-АНАСЫН БЕЗБҮЙРЕКТЕР ҒАНА ТІЛДЕЙДІ

АТА-АНАСЫН БЕЗБҮЙРЕКТЕР ҒАНА ТІЛДЕЙДІ

Бір оқиға есіме түсіп отыр. Үсті-басы көкала қойдай болған бір баланы сатушылар дүкенде жанары жәудіреп жүрген жерінен көріп қап, полицияға хабарлаған. Полициялар оны алдымен медицина қызметкерлеріне көрсетіп, тексертті. Сөйтіп жеткіншектің денесіндегі іскен, көгерген, қызарған жарақаттың бәрі соққыдан болғаны анықталды. Сонда әлі бұғанасы қатпаған баланы осынша соққының астына алған кім? Тағы да тексеру, тағы да сұрау.

Сөйтсе, баланы осы уақытқа дейін өлімші ғып ұрып-соғып жүрген өмір қиыншылықтарынан жүйкесі тозған өз анасы екен. Мұны естіген дүкен сатушыларының да, полицейлердің де, медицина қызметкерлерінің де, тіпті, осы оқиға жайлы хабарды оқыған, тыңдаған, көрген адамдардың бәрі де «мұндай анасымақты баласынан аластау керек» деген шешімге келді. Олар кіп-кішкентай боп анасынан күн сайын қорлық көрген, үсті-басы Құдайдың құтты күні көгеріп жүретін балақай «мені балалар үйіне өткізіңдер» деп жылайтын шығар, жалынып-жалбарынатын шығар деп күткен. Бірақ... Бірақ бала өзіне жаны ашып, қамқор болған дүкен сатушыларына да, полицейлерге де, медицина қызметкерлеріне де: «Тиіспеңдер, менің анама!» – деп, қасқырдай қасарысып тұрып алған кезде таңғалмаған жан қалмады. Толқыған, тебіренген, көзіне жас алғандар өз алдына бір төбе. Ақыры бала жеңді. Құқық қорғау органдары да, қоғамдық пікір де қатыгез анаға дәнеңе де қыла алмады. Ана мен бала табысты. Баласының махаббаты арқылы анаға да ақыл кірді білем, содан бері ақпарат кеңістігі олар туралы ләм-мим демейді. Бұл оқиғаны не үшін айтып отырмыз. Қазақ елі, қазақ мемлекеті, біздің Отанымыз – біздің анамыз. Анасын безбүйректер ғана тілдейді. Мәңгүрттер ғана анасына шоқпар сілтейді. Ата-анамыз – Отанымызды қандай да бір кемшіліктеріне қарамастан, қадірлей білейікші, қастерлей берейікші. Кейбіреулер «Фейсбукте» (Facebook), тәуелсіз сайттардағы ой, пікірлерінде туған елін жерден алып, жерге салып тілдеп жатқанда, солар маған өз ата-аналарын төмпештеп жатқандай жаным ышқынып кетеді. Кімнің ата-анасы судан ақ, сүттен таза дейсің: парақоры да, жалақоры да бар. Бірақ солай екен деп, ұл-қыздары көшеге шығып, ары өткен мен бері өткенге әке-шешесін жамандап, азаннан кешке дейін сүйреңдемейді ғой. Айтайын дегенім, жақсы болам деген адам өз елін, өз Отанын жамандап жақсы болмайды.

 Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы.