Қарттарым – асыл қазынам
Қарттарым – асыл қазынам
Қазақстан Тәуелсіздігін алып, ел енді ғана ес жиып, еңсесін тіктей бастаған уақыт. Жаңа заманға бет бұрған мемлекетімізде осы кезеңде кеңестік педагогикалық жүйемен әрі қарай білім беруді жалғастыруы ақылға сыйымсыз еді. Сонда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО халық ағарту ісінің, КСРО арнаулы орта білім беру ісінің үздігі, КСРО химия өнеркәсібінің озаты, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Әбдірахман Мамашев бастама көтерген. Ондағы мақсаты – облыс орталығында халықаралық ғылыми конференция өткізіп, оқушыларға заман талабына сай халықтық педагогика негізінде тәрбие беру ісін қолға алу. Бастамашылдығымен республикаға ғана емес, көршілес елдерге танымал болған Әбдірахман Садықұлына ең алғашқы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағының берілуі де сондықтан. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Қарттар мерекесі қарсаңында Әбдірахман Мамашевтың үйіне арнайы барып құттықтады. Өз кезегінде ардагер ұстаз ғибратқа толы өмірінен сыр шертіп, әңгіме айтты. Жұртшылықты Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтап, елге береке-бақыт тіледі. Бекболат Орынбеков ақсақалдың отбасына облыс әкімі атынан үлкен тоңазытқыш тарту етті. Облыс басшылығының көңіл бөліп, құрмет көрсетуі 4 перзентінен 14 немере, 4 шөбере сүйіп отырған 78 жастағы қария үшін үлкен сый.
* * * Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі, бейбіт, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты қарттарымызға көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасап, құрмет білдіру ешқашан көптік етпейді. 1 қазан – Қарттар күніне орай, өңіріміздегі бір топ қарияларды облыс басшылары үйлеріне арнайы барып, құттықтап, ізгі лебіздерін жеткізді. Өңіріміздің өсіп өркендеуі, дамуы жолында өзінің сүбелі үлесін қосқан сондай қарияларымыздың бірі – Кеңес Баударбеков. Сонау қиын-қыстау кезең – ашаршылық жылдары өмірге келген Кеңес Қожантайұлын еңбек ерте есейтіпті. Жамбыл ауданының тумасы облыстық автотрест бөлімінің басшысы, облыстық партия комитетінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Былғары аяқ киім кәсіпорны директорының орынбасары, облыстық сыртқы экономикалық және инвестициялар басқармасының басшысы болып абыройлы қызмет атқарған. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында көптеген салаларда елеулі еңбек етіп, ел еңсесін тіктеуге, экономиканы өркендетуге атсалысқан. Шаһар шырайын арттыру жолында да Кеңес қарияның қосқан үлесі мол. Талай жылғы еңбегі ескеріліп, еңбек ардагері 3 медальмен марапатталып, Тараз қаласының Құрметті азаматы атанған. Бүгінде сүйікті қаласында, өсірген ұл-қызынан немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған ақсақалды облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев арнайы барып, құттықтады. Облыс басшысының ыстық ықыласын жеткізген ол қарияға сый-сияпат жасады. – Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жас ізбасарларыңызды тәрбиелеп, өсірдіңіздер. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер, – деді Р.Рахменбердиев.
* * * Ташболат Байталиев саналы өмірінің қырық екі жылын комсомол, партия-кеңес қызметіне арнаған кісі. Жас кезінен жауапкершілігі жоғары, білімді, білікті, қолынан іс келетін азамат екенін танытқан. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында атқару комитетінің төрағасы қызметтерін ұзақ жыл бойы абыройлы атқарған. Өзі басқарған аудандарға Мәдениет үйі, спорт мектептері, монша, автостанса секілді қажетті нысандарды салдырғанын жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін айтып жүр. Ақсақал қазіргі таңда зейнетте, үш ұл, бес қызынан отыз немере сүйіп отыр. Облыстың Құрметті азаматы Т.Байталиев бүгінде 80 жаста. Қарттар күні мерекесіне орай облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі Біржан Күзембеков Ташболат Байталиевтың үйіне арнайы барып, құттықтады. Ардақты ақсақалға облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хатын және сыйлықтар тапсырды. Өз кезегінде Т.Байталиев ақсақал құттықтап келген азаматтарға, облыс әкімі мен мәслихаттың хатшысына және ақпараттық құралдары өкілдеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, өз өмірінен естеліктер айтып, тәуелсіз елімізде бақытты ғұмыр кешкен жас буынға жақсылық, халқымызға береке, тыныштық тіледі.
* * * Талас ауданында туып-өскен, 45 жылға жуық ауыл шаруашылығы саласында тер төккен Берден Байқошқаровтың еңбегі – өскелең ұрпаққа өнеге. «Октябрь революциясы» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болған Талас, Сарысу, Қордай аудандары мен облыстың су шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған Б.Байқошқаровты облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев мерекемен арнайы барып құттықтады. Қарияның қолын алып, емен-жарқын әңгімелесіп, сыр шертіскен А.Нұралиев облыс басшылығы атынан үлкен картина тарту етті. Берден Байқошқаров өмірлік серігі Сәбира екеуі – 3 ұл, 4 қыздан 20 шақты немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Қария зейнетке шыққан соң қарап жатпай, кітап жазды. Бүгінде 80 жасқа келген ақсақал қазақ еліне бейбіт өмір, баянды болашақ тілейді. – Еңбек жолым жоғары оқу орнын бітіріп келген 1960 жылдардан басталады. Тынымсыз еңбектің арқасында өзім басқарған табысы төмен кеңшардың бірін Оңтүстікте алдыңғы қатарға шығардым. Сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауларында болып, ақыл-кеңесін алдым. Сан түрлі қызметтер атқарып, абыроймен зейнетке шықтым, – деп, мерекемен құттықтай келгендерге үйсіндердің тарихы жайлы жазған кітабын сыйлады.
* * *
Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке Қарттар күніне орай облыстың Құрметті азаматы Анатолий Гусаровтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Ұзақ жылдар құрылыс саласында қызмет атқарған қария өзін елеп-ескеріп, құрмет көрсете келген азаматтарға алғысын айтты. Анатолий Федорович Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келгенімен, негізінде Жамбыл жерінде еңбек етіп, оның ішінде Жамбыл қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің меңгерушісі, «Казхиминвест» ғылыми-өндірістік фирмасының басшысы қызметтерін атқарған. Ардагерді құттықтай келген Тимур Амантайұлы оған ақ тілегін айтып, сый-сияпат ұсынды. Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Григорий Ефремов есімді ардагердің үйінде болып, тиісінше құрмет көрсетті. Автокөлік саласында еңбек еткен ақсақал бүгінде Тараз қаласының Құрметті азаматы атанған.
* * * Қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген, күні бүгінге дейін қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген қазыналы қариялардың бірі – Айтқұл Өскенбаевқа 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов пен партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. 45 жыл тепловоздың машинисі болған Айтқұл Өскенбаев ақсақалға партияның Алғыс хатын тапсырды. – Қариялар ел үшін еткен еңбектеріне қарай лайықты сый-құрметке бөленуі тиіс. Президенттің тәуелсіз ел құру жолындағы стратегиялық бағдарламаларының маңызын халыққа түсіндіруде, тікелей іске асыруда да ақсақалдар аянып қалған жоқ. Олар өздерінің мол тәжірибесін тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға арнады, – дейді Жұмажан Кәмкенұлы. Ардагер Айтқұл Сайлауұлы өзіне ерекше құрмет көрсеткен азаматтарға алғысын жаудырды. Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов Тілеуқабыл Төребеков, Анна Попова секілді еңбек ардагерлерінің үйіне барып, тарту-таралғы жасады.
* * * Дерекке сүйенсек, Қазақстан халқының әрбір оныншы тұрғыны зейнет жасындағылар, ал өңір тұрғындарының 115 мыңнан астамы – егде жастағылар. Әлі күнге 300-дей қария еңбектен қол үзбей, шаруа қожалық басқаруда немесе кәсіпкерлікпен айналысуда. Қоғамдық шараларға белсене атсалысу арқылы жастарға үлгі көрсетіп, өңір экономикасын арттыруға өзіндік үлестерін қосып жүрген 300-ге жуық ардагер халықаралық Қарттар күні мерекесінде облыс орталығындағы «Сосновый бор» мейрамханасында бас қосты. Бұл мерекелік шараға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі мұрындық болғанын айта кету керек. Ақ дастарқан басында өнегелі әңгіме қозғаған қариялар шахмат, дойбы, асық ату ойындарына қатысып, әлі күнге саламатты өмір салтын ұстанатындықтарын көрсетті. Шахмат ойынында Қазбек Шартаев, дойбыдан Мақұлбек Жаналиев бірінші орын алса, ұлттық ойынымыз асық атуда Амангелді Омаровтың қолы жүрді. Ақжаулықты әжелер мен аталар облыстық филармония әншілерінің және қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Асыл ана», қалалық «Красная гвоздика» ансамблінің өнерін тамашалады. Ардагерлердің бірқатары облыс, қала әкімінің, облыстық, қалалық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Нұрым Сырғабаев, Жанғазы АХМЕТ, Есет Досалы, Маржан РАҚАЙ, Наурызбек САРША, «Ақ жол».