Әлеумет

Ілеспе құжаттарды рәсімдеудегі өзгерістер

Ілеспе құжаттарды рәсімдеудегі өзгерістер

Биыл облыста Тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған ауыл шаруашылығы өнімдері алынып, диқандардың жаздай төккен маңдай терлерінің қарымы қайтты. Күзгі жиын-терін аяқталған соң олар үшін үлкен мәселе – өндірілген өнімді өткеру екені белгілі. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан аграрлы елдердің қатарына жатады, кедендік одақ аясындағы біртұтас экономикалық кеңістік, одан қала берді, еуропалық нарыққа шығу үшін біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осы орайда бір ескерте кететіні, өндірілген өнімдердің карантиндік зиянкестер мен арамшөптерден тазалығын тексертіп, оған арнайы ілеспе құжат алуға, жеке немесе заңды тұлғалар тарапынан әлі де аса мән берілмеуде. Облыс орталығы мен аудан орталықтарындағы ішкі сауда нүктелерін тексеру жүргізу кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлар осыған көз жеткізді. Күннен-күнге арнайы сауда орындарында сатылып жатқан өнімдердің қауіпсіздігіне талап күшейіп келе жатқандықтан, өнімдерге тиісті құжат алуға, жалпы сауда мәдениетіне немқұрайлы қарауға болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң мәлiметтерiне сүйенсек, жыл сайын республикамызға жүзден астам елден әртүрлi карантиндiк бақылауға жатқызылған өнiмдер әкелiнедi. Соңғы жылдары елiмiздiң шетелдермен тауар айналымының өсуiне байланысты қауiптi зиянкестердің ел аймағына еніп кетуі немесе біздің облыс аумағында шектеулі таралған карантиндік нысандар басқа елдің аумағына ауыл шаруашылық өнімдерімен ілесіп баруы мүмкін. Бұл әрине, біздің және басқа да мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ауыл шаруашылығы министрлiгi агроөнеркәсiптiк кешенiндегi мемлекеттiк инспекция комитетiнің облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлары осындай кемшіліктерге жол бермеуге күш салуда. Облыс әкiмдiгi «Өсiмдiктер карантинi туралы» ҚР Заңына сәйкес, облыстық аумақтық инспекциясының ұсынысы негiзiнде облыста карантиндік аймақ жариялап, карантиндік режім енгізу туралы қаулы қабылдады. Облыс әкiмдiгi белгiлеп отырған карантин режімінің негiзгi бағыты белгiлi бiр аймақты бұрын сол жерде кездеспеген карантиндік нысандардың енiп кетуiнен сақтау және сол аймақтағы карантиндік нысандарды жою болып табылады. Осыған байланысты, карантиндік аймақтарда атқарылатын іс-шаралар тізбесі жасақталып, инспекторлар бақылауға алуда. Осы іс-шараның ажырамас бір бөлігі болып табылатын, облыс аумағынан басқа елдерге жіберілетін ауыл шаруашылық өнімдерінің карантиндік нысандардан тазалығына берілетін ілеспе құжаттар – фитосанитариялық сертификат пен карантиндік сертификаттарды рәсімдеу және оны жүзеге асыру тәртібі туралы айта кетсек. Жыл басынан бері аталған сертификаттарды беру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет қатарына енгізіліп, ҚР Ауыл шаруашылық министрінің бұйрығымен арнайы мемлекеттік қызмет стандарты мен регламенті бекітіліп берілді және осы қызмет түрлері Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы, жеке және заңды тұлғалардан электрондық үкіметтің www.e.gov.kz www.elicense.kz веб-порталы арқылы көрсетілуде. Өтінім бергісі келген жеке немесе заңды тұлға облыс орталығындағы ХҚК орталығының 4 бөліміне (Тараз қаласы, Сәтпаев көш., 1 «Б») немесе барлық аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайырылуына болады. Ол жерлерде жоғарыда көрсетілген веб-портал арқылы қалай өтінім беруді үйреніп алған соң, электрондық цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) алып, интернет жүйесі бар кез-келген жерден электронды түрде немесе ХҚКО арқылы қағаз түрінде өтінім беруге болады. Облыстық инспекция немесе аудандық аумақтық инспекциясы өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары (сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліс) таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 17.30-ға дейін өтінімдерді қабылдауды, жіберілетін өнімді тексеріп-қарауды және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беруді жүзеге асырады. Осыған байланысты фитосанитариялық және карантиндік сертификаттар беру – мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін атап өтсек, жоғарыдағы сертификаттар негізінен тез бұзылатын ауыл шаруашылық өнімдеріне (көкөніс, жеміс-жидек, бақша) берілетін болғандықтан, мереке және демалыс күндері, ХҚКО мамандары демалыста болатындықтан, өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторларына, жеке және заңды тұлғаларға тікелей өздеріне мемлекеттік қызмет көрсетулеріне рұқсат берілген. Тағы бір айта кететін мәселе, жоғарыда аталған өнімдер темір жол арқылы тасымалданатын болса, ал өнім темір жол стансасы орналасқан қала немесе аудан аумағынан басқа ауданнан әкелінетін болса, фитосанитариялық және карантиндік сертификаттарды берудегі мемлекеттік қызметті тек қана темір жол стансасы орналасқан қала немесе аудан инспекторлары ғана көрсетуге құқылы. Серіжан Бексұлтанов, ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары.