Әлеумет

Төскейді төлге толтырған тұрсынбай

Төскейді төлге толтырған тұрсынбай

сексеннің сеңгіріне шықса да атынан түскен жоқ

Маңғаз жатқан маң даланы малға, төскейді төлге толтырған қазақ үшін төрт түліктің әрқайсысының өз орны бар. Ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны күнкөрістің тиімді көзіне айналдыра білгені әмбеге аян. Иә, «Мал – елге құт», «Мал баққанға бітеді» немесе «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мақалдаған дана халқымыз тірліктің көзін тауып, сол арқылы толайым табыстарға да жете алған. Оған осы жазиралы өлкемізде өмір кешіп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәлел бола алады. Осындайда кезінде қой-ешкіден егізден төл алған малшылар, шаруасын шалқытқан шопандар ойға оралатыны сөзсіз. Жуалылық қария Тұрсынбай Пашировтың есімі де бір кездері елге озат шопан ретінде танылған. Ата кәсіпті жалғаған бейнеттің зейнетін көрген қарияның өмірі өнегеге, ғұмыры ғибратқа толы. Тұрсынбай ақсақал 1936 жылы қоңыр күзде жазиралы Жуалы төскейінде Тәшімбет әкейдің шаңырағында жарық дүниеге келген. Табиғаттың тылсым сырына қанығып, шопан әкесінің соңында жүріп, малсақ бала болып өседі. Есімін «Тұрсынбай» деп әспеттеп қойған әкесінің өзі екен. Әкесі майданға аттанғанда, шешесі Хадишаның қолғанаты болып қалған бала Тұрсынбайдың сондағы ауыр сәттер есінде еміс-еміс сақталған екен. Сұм соғыс аяқталғанда Тәшімбет аман-есен елге жеңіспен оралғанымен, ағасы Пашир із-түссіз, хабар-ошарсыз кетеді. «Қара қағаз» келмеген соң Тәшімбет бауырын өлдіге қимайды. Артында ұл қалмаған ағасының есімі өшпесін деген ниетпен өз баласы Тұрсынбайдың тегін Паширов деп жаздырады. Тұрсынбай әкесі зейнет жасына жетіп, құрмет демалысына шыққанда, әкенің жолың қуып, малшының ақ таяғын қолға алады. Оған дейін ол әкесіне көмекші болып жүріп мал бағудың қыр-сырына қанығып та қалады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Тұрсынбай сенім үдесінен шыға білді. Ол өзінің шопандық жылдарында әр жүз қойдан 150-180-ге дейін қозы алып, 4 келіге дейін биязы жүнді қырқады. Көрсеткіші жыл сайын жақсарып, озат шопан атанады. Озаттар қатарында екі мәрте сонау Мәскеудегі көрмеге де қатысады. Тұрсынбай өзін малшылардың маршалы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың шәкіртімін деп санайды. Одан алған тәлімім талайға азық болды дейді. – 1961 жылы Алматыда өткен республикалық шаруашылық озаттарының жиынында Жазылбек Қуанышбаевпен кездесіп, дидарласқаным әлі күнге есімде. Даңқты шопанды сонда алғаш рет көрдім. Екеуміз бір облыстан болған соң ба, жанынан мені бір елі қалдырмай ертіп жүрді. Жазата нағыз дала академигі ғой. Мал бағудың небір сырларымен бөлісті. Жалпы, мен мал бағудың жайын Жазатадан үйрендім, – деген Тұрсынбай Паширов. Ол Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлдесін алған шағын өзінің еңбек жылдарындағы ең бақытты кезеңдерінің бірі деп біледі. Сондағы берілген алтын сағаты да еңбекпен тапқан алғашқы сыйлығы екен. Жүз саулықтан 181 қозы алып, аудан бойынша шопандар арасында көш бастаған оған «УАЗ» автокөлігі сыйға беріледі. Кейіннен ол осындай жетістіктері үшін «Волга-24» және «Нива» жеңіл автокөліктерін алды. Омырауына «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен көптеген медальдар тағылды. Ел Тәуелсіздік алған 1991 жылы еңбек демалысына шыққан аға шопан төрт түліктен қол үзіп кеткен жоқ. Егемен ел болып, ес жинап жатқан шақта, ауданда алғашқылардың бірі болып «Жылыбұлақ» шаруа қожалығын құрды. Қазіргі таңда шаруашылықтың жетекшісі ұлы Асқар болғанымен, әкесі – оның ақылшысы Тұрсынбай ата жұбайы Ажар әжей екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 21 немере, 17 шөбере сүйіп отыр. Ардагер әлі де сапта.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.