Алып та, шалып та жықты
Алып та, шалып та жықты
Жас балуандарымыз республикалық турнирде 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленді
«Тараз-Арена» спорт кешенінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 1996-1998 жылдары туылған жастар арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Надырбековті еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті. Бұл додаға еліміздің әр аймағынан және Қырғыз Республикасынан барлығы 130-ға жуық спортшы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков қатысушыларға сәттілік тіледі. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров спорттағы ұстазы Ш.Надырбеков туралы естеліктер айтты. Турнир 8 салмақ дәрежесі бойынша өтті. 50 келі салмақта жерлесіміз Рахат Қалжан жартылай финалда шымкенттік Исламбек Хаджиматқа жол берді. Осы салмақта Алматы қаласының балуаны Аббас Тәжіханов шешуші кездесуде қырғызстандық Дастан Исақовты ұтып, жеңімпаз атанды. 55 келі салмақтың финалында Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Дамир Мекенбайды ұтқан ақтөбелік Нұртуған Әлімбеков чемпион атанды. Бұл салмақта бағын сынаған төрт жерлесіміз де жүлдеге жете алған жоқ. 60 келі салмақтағы балуандар бәсекесі де тартысқа толы болды. Жұрт бұл салмақтың бас жүлдесін Қырғыз елінен келген балуан, Азия чемпионы Ұлық Жолдашбеков иеленеді деп болжап та қойған. Қатарынан төрт балуанды айқын жеңген Ұлықтың шеберлігіне ешкім шек келтірмеген еді. Алайда, шешуші ойында жерлесіміз Бақдәулет Ермек айыр қалпақты ағайындардан жеңісті жұлып алып, қалың жанкүйерді қуанышқа бөледі. Тағы бір жерлесіміз Әлібек Қайырбек қола жүлдені қанағат тұтты. 66 келіде де жерлес балуанның мерейі үстем болды. Дәулет Ергеш финалдық кездесуде Алматы облысының балуаны Ілияс Жұмайды жеңіп, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 74 келіде де жерлесіміз Нұралы Сәден шын мықты екенін дәлелдеді. Ол шешуші ойында Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Саид Аббазовты айқын басымдықпен ұтты. 84 келіде де жамбылдық Нұрхан Жексенқұл шешуші ойында жерлесі Аслан Дзицоевтан ұпай саны бойынша басым болды. 96 келіде тараздық Дінмұхамед Құрамаев та жарады. Финалдық ойында Жасұлан Ерменбеттен айқын басым түсіп, чемпион атанды. 120 келі салмақта Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Мәулетхан Ташбол шешуші ойында жамбылдық Ерасыл Орынбасаровтан айласын асырып кетті. Дінмұхамед Құрамаевтың белдесуі жарыстың екінші күні өткендіктен, 120 келіде де кілемге шыққан болатын. Бұл жолы Құрамаевқа қола жүлде бұйырды. Осылайша, жамбылдықтар жарады.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».