Мәдениет

Ғасырларды жалғаған қоңыр үн

Ғасырларды жалғаған қоңыр үн

қобызшы Ықылас Дүкенұлы атындағы III республикалық «Жез киік» конкурсы мәреге жетті

Жер-ана Ықылас деп қойған атын, Жайғанда бар ұлысқа күй қанатын. Оятты ол он ғасырды аттап кетіп, Баяғы Қорқыт ата аманатын, – деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, күй әлемінің дара тұлғасы, дала дарабозы Ықылас Дүкенұлының мұралары бүгінгі мен ертеңгі ұрпақтың асыл қазынасы болып қала бермек. Қобыздың қос ішегіне бар алаштың күйініші мен сүйінішін, қасіреті мен қайғысын, болмысын сыйдырып, қайталанбас өнер тудыра білген дәулескер күйші Ықыластың есімі ел есінен өшпек емес. Бүгінде оның шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жаңғыру үстінде десек, облысымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы және Сарысу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен III республикалық Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» қобызшылар конкурсы – соның бір дәлелі. Игі шара облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған топ – белгілі өнер майталмандары мен мәдениет жанашырларының күйшінің Тараз қалалық Мәдениет үйінің алдындағы ескерткіш-тұғырына гүл шоқтарын қою салтанатынан бастау алды. Бұдан соң құрметті қонақтар мен қатысушылар аталмыш ғимараттың кіреберіс фойесінде өткен «Елдің Ықыласы» атты кітап пен «Ақнар» деп аталған ән жинақтың тұсаукесер рәсіміне қатысты. Қобызшының ұрпағы, композитор, Х.Досмұxамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасының меңгерушісі Ақнар Шәріпбаева өзінің жиырмаға жуық шығармасы топтастырылған аталмыш ән жинақтардың Астана қаласынан басылып шыққанын айтып, құрастырма кітап пен ән жинақты қонақтарға таныстырып, сый ретінде үлестірді. Үлкен концерт залында күй өнеріне сусап келген көпшілік алдымен баба өнерін жалғастырушы ұрпағы Ақнар Шәріпбаеваның орындауындағы Ықыластың «Аққу» күйін тыңдап, керемет әсерге бөленді. Аталмыш күйдің күйшінің ғасырдан аса уақыт сақталып келе жатқан өз қобызымен тартылғаны көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Республикалық конкурстың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қасиетті өңіріміздің біртумасы, дарабоз күйші Ықылас Дүкенұлының руxани мұраларына, шараның маңызына туралы тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Құрметті қонақтар мен қатысушылар, облысымызда өткізілетін дәстүрлі Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық «Жез киік» қобызшылар конкурсына қош келдіңіздер. Музыка әлеміндегі аса қастерлі, киелі қобыз аспабына тіл бітірген ұлы композитор шығармашылығын жаңғыртуға арналған өнер бәйгесі құтты болсын! Ықыластың мұрасы – адамзаттың жан дүниесін байытатын асыл қазына. Осы қазынадан нәр алып, сусындау, оны болашақ ұрпаққа рухани мұра ретінде жеткізу – біздің борышымыз. Бұл өнер бәйгесі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы конкурстың алғашқы жеңімпаздары бүгінде қазақ өнерінің көгінде самғауда. Бүгінгі өнер мерекесі де сол үдеден шығады деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Бекболат Серікбекұлы. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Динара Асанова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов өз ізгі лебіздерін жеткізіп, тұлғаның немере келіні Алтын апаға шапан жауып, қошемет көрсетті. Айта кетейік, конкурс барысында еліміздің әр түкпірінен келген 20 жас қобызшы өздерінің таланттарын танытуға тырысып, баптары мен бақтарын сынады. Олардың өнерін сарапқа салған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаев бастаған, құрамында Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Раушан Мұсақожаева, қобызшы-композитор Ақнар Шәріпбаева бар қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігі, тақырып таңдау талғамына назар аударды. Қатысушылар қобыз және прима-қобыз аспаптарында ойнап, екі аталым бойынша бақ сынады. Олар өз кезегінде Ықыластың шығармаларынан бөлек, Қорқыт, Тілеп күйлерін, композиторлар Д.Мықтыбаев, Ж.Қаламбаев және басқалардың қобызға арналған шығармаларын орындады. Күй орындалып жатқанда зал іші сілтідей тынып, тыңдармандар қос ішек пен шанақтан шарықтап шыққан үнге құлақ түріп, күй әлемінің ерекше қасиетіне бойлап, кереметін сезінді. Байқауда бабы келіскендер де, бағы жанғандар да болды. Қазылар алқасының шешімі бойынша қос номинация бойынша да бас жүлдені облыс намысын абыройлы қорғаған Алмаз Балтабаев иеленді. «Прима қобыз» номинациясы бойынша І орынды астаналық Инабат Әбекенова мен алматылық Фариза Амантаева жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынға алматылық Арайлым Қисярова мен Индира Жандашова қол жеткізсе, алматылық Әділхан Ақжол, Назерке Қалмен, елордалық Аяулым Қапият жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, «қобыз» номинациясы бойынша Астана қаласынан келген Фариза Көшеғұлов І орынды иемденсе, ІІ орынға алматылық Аятолла Тұрғанов пен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жәмилә Мұстафина лайық деп табылды. Жүлделі ІІI орынға Гүлсая Мағазова (Алматы), Салтанат Панзаева (Астана) лайық деп танылды. Сонымен қатар, жамбылдық Акмарал Нұрланқызы «Жез киік», атыраулық Самал Қуанышқалиева «Аққу», алматылық Әсен Смаил «Үкілі Үміт» арнайы аталымдары бойынша марапатталды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».