«Жаңарудың» көздегені не?
«Жаңарудың» көздегені не?
Қасымхан Төлендиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы.
Қазақстанның 25 жылдың бедерінде қол жеткізген жетістіктері орасан. Алға қойған мақсаты да көп. Соның ең негізгісі – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында атап көрсеткен елімізді әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі үшін еңбек ету. Көздеген межеге жету оңай емес. Ол үшін адами капиталды дамыту керек. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, экономиканы әртараптандыру қажет. Бұл қажеттіліктер алдымен қоғамның ескі дерті – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылса ғана мүлтіксіз орындалмақ. Латын тілінде «коррупция» деген сөз «тот басқан», «шіріген», «парамен сатып алу», «төмендеу» деген мағынаны білдіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының анықтамалық құжатында «Коррупция – өз жеке басына пайда табу үшін қызмет бабын пайдалану» деп түсіндіріледі. Қарапайым тұжырым. Жеке мүддесін ойлағандар сыбайлас іздейді. Қызметтік лауазымын пайдаланып, келеңсіздікті бүркемелейді. Ал бұл өз кезегінде оның өз міндетін мінсіз атқаруына кедергісін келтіреді. Сондықтан, дамыған мемлекеттер жемқорлыққа тосқауыл қоюға мүдделі. Біздің еліміз де қоғамды кең жайлаған дертке қарсы ымырасыз күрес жариялаған. 2014 жылдың 11 қарашасында Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партияның жаңа бағдарламасын» қабылдауы, сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен « 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Стратегиясын бекітуі – соның дәлелі. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құруды тапсырғаны белгілі. Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін 2015 жылы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы», 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», 23 қарашада «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңдар қабылданды. Ал желтоқсанның 29-ы күні мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітілді. Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында облыста «2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленді. Жоспардың орындалу барысы тоқсан сайын облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссияның отырысында қаралуда. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы өте күрделі және кешенді іс-шаралар атқаруда. Бірақ, соған қарамастан, сыбайлас жемқорлық заң бұзушылық әрекеттері елімізде әлі азаймай тұр. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, биылдың өзінде бірінші жартыжылдықта облыс бойынша 54 тұлғаға қарсы 226 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр осы кезеңде 44 қызметкерге қарсы 150 қылмыстық іс қозғалған болатын. Осы мезгілде қозғалған қылмыстық істер саны Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарында күрт өскен. Ал Шу, Талас, және Сарысу аудандарында мұндай фактілер бір-бірден тіркелген. Бір қуанарлығы, Жамбыл және Меркі аудандарында орын алмаған. «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалы Елбасының жемқорлыққа қарсы күресте жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында 2014 жылы ашылды. 2015 жылы біз облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша «Қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастыру» жобасына қатыстық. Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы іс-шаралар («дөңгелек үстелдер», жиналыстар, семинар кеңестер, акциялар, кездесулер) өткіздік. Жергілікті атқарушы, партия, үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар аудиториясын қамтыған шараларға барлығы 1348 адам қатысты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, «Жемқорлыққа жол жоқ!» атты облыстық конференция өткізіп, облыс тұрғындарына Үндеу тастадық. Жалпы, іс-шаралардың ұйымшылдықпен өтуіне «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы мен облыс әкімі арасындағы 2015 жылдың 17 наурызында жасалған өзара ынтымақтастық келісімінің ықпалы зор болғанын айта кету керек. Бүгінде біз Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментімен ашық келісім жасасып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын пәрменді жүргізуге уағдаластық. Жемқорлықтың салдарынан орын алған келеңсіздіктерді қоғам талқысына салу пайдалы. Себебі, осындай ашық талқылаулар ғана көпшіліктің сыбайластыққа қарсы иммунитетін күшейтеді. Осындай бүкпесіз әңгіме өрбіген шаралардың бірі – «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» партиялық жоба аясындағы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңеспен бірлесе ұйымдастырған «Азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі орны мен рөлі» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» болды. Біздің алдағы мақсат-міндеттеріміз көп. Қазан айында «ЖАҢАРУ» филиалының қоғамдық сенім орталығында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді субсидиялау бойынша уәкілетті органдар мен ұйымдардың жұмыстары туралы» қоғамдық тыңдаулар, жыл аяғына дейін еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, ауыл тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, нөлдік төзімділік танытуға, арналған кездесулер, жиналыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. «Нұр Отан» партиясының 2016 жылғы 29 қаңтарында өткен XVII съезінде бекітілген «Қазақстан – 2021»: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Қауіпсіздік және тұрақтылық» бөлімінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес тармағында «Біздің партия жемқорлықтың кез-келген көріністеріне мүлде төзбеушілік ахуалын қалыптастыру жолымен жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуға күш салады»... «Жемқорлық – қаупі жағынан экстремизмнен еш кем емес жау. Сондықтан, «Нұр Отан» жемқорлықпен дәл осындай тұрғыда аяусыз күресетін болады» деп жазылған. Қоғамды ескі дертінен сауықтыру үшін қоғамдық иммунитет күшті болуы шарт. Еліміздің әрбір азаматы осы қоғам дертіне қарсы жалпыұлттық күреске белсене атсалысса ғана, жемқорлықтың жолы кесіледі.