Әлеумет

Депутаттар да дастарқан жая біледі

Депутаттар да дастарқан жая біледі

Бақытын тынымсыз еңбектен тауып, мемлекеттілігіміздің нығая түсуіне өзіндік үлес қосып жүрген қарияларымыз кез-келген құрмет атаулыға лайық. «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық мәслихат депутаттары қарияларға арнап «Бүркіт Deluxе» мейрамханасында мерекелік дастарқан жайды. Жанар Қосымбаева, Ләззат Қызылқұлова, Марат Мырзахмет ақжарма тілектерін арнап, көнекөздерді мерекемен құттықтады. Өз кезегінде Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова, №9 аумақтық ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамилла Монастырская сынды зиялы қауым өкілдері шараны ұйымдастырушыларға ыстық ықыластарын білдіріп, алғысын жеткізді. Қарияларға деген осындай сый-құрметтің тағы бір көрінісі «Санавар», «Бабур» мейрамханаларында да жасалды. Жанар Бүркітбайқызының айтуынша, бұл үрдіс бес жылдан бері өз жалғасын тауып келеді екен. – «Қариясы бардың – қазынасы бар» дейді халық даналығы. Олар біздің ақылшы, кеңесшіміз. Қоғамның дамуы мен болашақ ұрпақ үшін атқарып отырған игі істері мен еткен еңбектері қашанда елеулі. Мақсатымыз – абыз аналарымыз бен аталарымызға құрмет көрсету арқылы олардың көңілдерін бір ауық аулап мерейлерін өсіру, – дейді ол. Расында да, бүкіл саналы ғұмырын ел экономикасының өсіп-өркендеуі мен қоғамның қалыптасуына арнаған қарттарымыз зейнетке шықса да қол қусырып отырған жоқ. Ұлт болашағына баса көңіл бөлетін олар қашанда ел мүддесін көздейтін ауқымды мәселелер мен маңызды бастамалар көтеріп, ел мүддесін көздейтін қоғамға ортақ іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүр. – Жалпы, қала бойынша 41 мыңнан астам ардагер бар. Оның ішінде 45 адам ардагерлер кеңесінің құрамында. 11 адамнан құралған төралқамыз бар. Мәдениет, спорт, әлеуметтік жағдай, жастармен жұмыс атқару секілді әрбір сала бойынша 9 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Мұны айтып отырған себебім – кезінде ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан біздің буын қазір де мемлекетіміздің әлеуетінің арта түсуі мен бейбітшілікте күн кешуіміз және тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еселі еңбек етіп келеді. Ал біздің қоғам үшін титтей де бір пайдамыз тисе, бәрінен сол маңызды, – дейді Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Магомад Тоқсабаев.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».