Ел еңсесін көтеретін экспо
Ел еңсесін көтеретін экспо
ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі біздің елімізде өтеді дегеннен бері «бұл шара елімізге не береді, қандай пайдасы бар?» деген сауалға жауап іздеп келеміз. Көрменің мәні мен маңызын түсіндіруде жұртшылыққа ақпаратты дұрыс тарату міндеті баспасөз өкілдеріне жүктелері белгілі. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бастамасымен өткен халықаралық көрмеге қатысты ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға бағытталған семинарда осы мәселелер сөз болды. Жиынға өңіріміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Семинарда «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қоғамдық байланыс департаментінің менеджері Айгүл Ешмағамбетова халықаралық көрменің елімізге тигізер зор пайдасы мен ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. – «Астана ЭКСПО–2017» көрмесі Елбасымыз атап көрсеткендей, ел экономикасының технологиялық дамуының қозғаушы күші боларына сенім мол. Бұл – отандық кәсіпорындарға дағдарыс кезеңінде көрсетілер үлкен қолдау. Сонымен қатар, халықаралық көрме бізге жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық құруға мүмкіндік береді. Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев БҰҰ аясында Жасыл технологияларды дамыту бойынша халықаралық орталық ашу жөніндегі идеяны бастама етіп көтерді. Бүгінде әлемдегі озық елдер жаңартылатын энергия көздеріне көшуде. Бұл жағдайда бізге XX ғасырдың 50-жылдарында алдымен озық технологияларды шоғырландырып, сонан соң электроника саласында көшбасшыға айналған Жапония мен Корея үлгілері өнеге болады, – дейді Айгүл Естайқызы. Көрме нысандарының құрылысына 262 отандық тауар өндіруші тартылады. 36,8 миллиард теңгеден асатын жалпы сомаға келісімшарттар жасалған. 244 миллиард теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылуда. Осы инвестициялық жобалар есебінен ғана қосымша 5300 жұмыс орны ашылған. Ал жалпы алғанда ЭКСПО-ға дайындық барысында елімізде 46 мыңнан аса жұмыс орны құрылыпты. – 10 маусымнан бастап Астана қаласында ЭКСПО – 2017 көрмесіне билеттерді онлайн режімінде сату басталды. Билеттік бағдарлама көрмеге бару мүмкіндігіне әрбір қазақстандық ие болатындай әзірленді. Бұл бағдарлама – ЭКСПО көрмесін өткізудің әлемдік тәжірибесінде бірегей үлгі. Атап айтқанда, көрмеге бару мүмкіндігіне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар, жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі балалар ие бола алады. Зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен мектеп оқушыларына билеттер жеңілдікпен сатылады. Семинар соңында Айгүл Ешмағамбетова баспасөз өкілдерінің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».