Әлеумет

Алтекеңнің екінші өмірі басталды

Алтекеңнің екінші өмірі басталды

Үстіміздегі жылдың сәуір айында облыстық «Ақ жол» газеті Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әнші, термеші, жыршы Алтынбек Оразбековтің 75 жылдығын атап өту турасында мәселе көтерген болатын. Облыстың бас басылымының бастамасын Талас ауданының әкімі, осы әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қабыл алып, жақында әйгілі әнші, сегіз қырлы, бір сырлы өнер дүлдүлін еске алу шарасы кіндік қаны тамған Үшарал ауылындағы Мәдениет үйінде бастап кетті. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Кенендердің сарқыты Алтынбек Оразбеков осы ауылда дүниеге келген. «Қазақстан-Тараз» теле­арнасының директоры Мейрамбек Төлепберген ұлттық құндылық, ұлттық мұра туралы айта келіп, әнші Алтынбек әлемі де жыл өткен сайын жарқырай беретінін жеткізді. Еңбек ардагері Сәти Сайлыбаев әншінің рухына арналып өтіп жатқан кеш өте мазмұнды екенін, қазақтың біртуар ұлы Қонаевтың өзі Алтынбекті «Ғажап әнші, ондай әнші қазаққа керек-ақ қой», – деп бағалағанын елдің есіне салды. Әншінің жары Жамал Оразбекова жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді. Қараша айында әншінің 75 жылдық мерейтойын облыс көле­мінде өткізу жоспарланып отыр.

Сәулембай әбсадықұлы, «Ақ жол».