Пойыздарда мерзімі өтіп кеткен 100 мың жиынтық төсек орын пайдаланылуда
Пойыздарда мерзімі өтіп кеткен 100 мың жиынтық төсек орын пайдаланылуда
Пойыздарда мерзімі өтіп кеткен 100 мың жиынтық төсек орын пайдаланылуда. Бұл туралы бүгін ҚР Бас көлік прокуратурасының экономикалық-әлеуметтік сала бойынша заңдылықты қадағалау басқармасының басшысы Алмас Аманов мәлім етті. «Жолаушылар вагондарда, дәретxаналарда, жазда қапырықпен, лас төсек орынмен және жалпы санитарлық тәртіптің талапқа сай болмауы жағдайларымен жиі кезігіп жатады. 280-нен астам вагонды тексеру барысында 113 вагоннан зиянды бактериялар мен микроағзалар табылды. Бұл былықтың басы ғана. Жалпы бізде СЭҚ органдарының 90-нан астам актілері бар, онда тазалық бойынша 800-ден астам заңбұзушылықтар анықталған. Олардың ішінде төсек орын мәселесі де бар. Бүгінде пойыздарда мерзімі өтіп кеткен 100 мыңнан астам төсек орын пайдаланылуда. Төсек орынды жуу сапасыз жүзеге асырылуда. Кейбірі тіпті жыртылған. Талапқа сәйкес сақталмайды», - деп атап өтті ол бүгін ҚР Бас прокуратурасында көліктік саладағы мәселелерді талқылауға арналған алқа мәжілісте. Оның айтуынша, төсек орынға қатысты сынды біле тұра, тасымалдаушы тарапынан ешқандай шаралар қолданылмай отыр. Тендерді теxникасы мен штаты жоқ, жаңа құрылған компаниялар жеңіп кетуде. Келісімшарт шарттарын орындамаған компанияларға айыппұл салынбайды. «Тағы бір жолаушылардың шамына тиетін заңбұзушылықтардың бірі - пойыздарда температура режимін сақтамау. Бүгінде темір жолдағы вагондардың 35 пайызы температуралық режимді қамтамасыз ете алмайды. 153 вагон ауа райы 32 градустан жоғары ысыған кезде салқындату мүмкіндігі жоқ желдеткіштермен жолаушылар тасымалдауда. 112 вагонда ондай құрылғы тіпті атымен жоқ. 600 вагонда суды салқындататын жабдықтар қойылмаған», - деп атап өтті А. Аманов.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат