Денсаулық

Қазақстанның алтын қоры қайда және қалай сақталады

Қазақстанның алтын қоры қайда және қалай сақталады

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Ұлттық валюта күніне байланысты Ұлттық банк ел тарихында алғаш рет журналистерге арналған пресс-тур ұйымдастырып, еліміздің алтын қоры мен банкнот фабрикасын көрсетті. «Біз Ұлттық банктің құрылымдық бөлімшесі саналамыз. Орталықта барлығы 350 маман жұмыс істейді. Орталық әртүрлі функция атқаратын 14 бөлімнен тұрады. 1991 жылы желтоқсанда сақтауға 2 алғашқы күміс құймасы мен 1992 жылдың 7 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 алтын құймасын жеке өзі табыс еткен болатын. Осы, 7 қаңтарды біз Қазақстанның алтын қорының құрылған күні деп санаймыз», - дейді Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығының директоры Қанат Садықов. Бүгінде аталған орталықтың негізгі бес бағыты анықталған, олар: қолма қол ақшамен жұмыс, таза (аффинаждалған) алтынды сақтау, қолма қол ақшаны инкассациялау және мемлекеттік кіріспен (тәркіленген мүліктер) жұмыс жасау, бағалы тастарды жеткізу. Пресс-турда Ұлттық банк қызметкерлері қағаз банкноттар Алматыдағы банкнот фабрикасында, ал тиындар Өскемендегі фабрикада жасалатынын айтты. Құнды металдар және бағалы тастар туралы заңға сәйкес, мемлекет Ұлттық банктің алтын-валюталық активтерін оны өндіруші субъектілерден және аффинаждалған алтын иелерінен алуға құқылы. Бүгінде «Казцинк», «Тау-Кен Алтын», «Қазақмыс», «Востокцветмет», «Altyntau Kokshetau» компаниялары негізгі алтын жеткізушілер болып есептеледі. Орталық басшысы Қанат Садықовтың айтуынша, ғимарат 11 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Қауіпсіздік мақсатында алтын мен банкнот сақталатын орынды суретке түсіруге қатаң тыйым салынған. Айта кету керек, Қазақстанның бүкіл алтын қоры 70 шаршы метр аумақтағы бөлмеге сыйып тұр. Банкнот пен алтын арнайы құрғақ емес ауа температурасында сақталады. Әр сақтау орнының есіктері 17 тонна. Қоймадағы банкноттар тек ұлттық валютада ғана емес, шетел валютасымен де сақталған. Алтын құймасының біреуінің салмағы 11-13 келі арасында. Бұған дейін Ұлттық банкте хабарлағандай, Қазақстанның 59 пайыз алтын қоры елімізде, 41 пайызы шет елде сақталады. Жалпы 244 тонна алтын қорымыз бар.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат