Назарбаев Израиль елшілігінде болды
Назарбаев Израиль елшілігінде болды
Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Израиль елшілігінде болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. "Мен Израиль елшілігіне тағы бір мәрте ұлы көшбасшысы Шимон Перестің қазасына байланысты көңіл айту мақсатында келдім", - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Израиль халқына бейбітшілік тіледі. Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Израильдің бұрынғы Президенті Шимон Перестің қайтыс болуына байланысты Израиль Президенті Реувен Ривлинге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Жеделхатта Израильдің бұрынғы Президенті Шимон Перестің өмірден өткені туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. "Қазақстан халқы Шимон Пересті парасатты басшы, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға орасан еңбек сіңірген тарихи тұлға әрі беделді саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады", - делінген көңіл айту жеделхатында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шимон Пересті өзінің адал әрі сенімді досы ретінде құрмет тұтқанын атап өтті. "Онымен әңгімелесу әрдайым пайдалы еді, сол кездесулерімізді жылы сезіммен еске алатын боламын", - делінген хабарламада. Еске салайық, осыған дейін Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перестің қайтыс болғаны хабарланған болатын. Шимон Перес Израильдегі маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарған еді. Ол бірнеше рет Израильдің Қорғаныс министрлігін басқарды, Қаржы министрлігін, СІМ, ІІМ және басқа да ведомстволарды басқарды. Перес 2007-2014 жылдары Израильдің президенті болды.
Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz