Экономика

Қыс қыр астында, әзірлік қалай?

Қыс қыр астында, әзірлік қалай?

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте екі мәселе қаралды. Біріншісі, 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмысының барысы, екіншісі, облыс бойынша күзгі абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының орындалуы жайында болды. Аталған екі мәселе бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев баяндама жасады. – 2016 жылы нысандарды жылыту маусымына дайындау үшін бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні олардың маусымға дайындығы 97,6 пайызды құрайды. Талас және Меркі аудандарының дайындығы орташа көрсеткіштен төмен. Ал білім беру нысандары 99 пайызға дайын болса, денсаулық сақтау нысандарында бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталған. Яғни, жылу беру маусымына сақадай сай әзір. Тұрғындарға қажетті қатты отын көлемі 346,8 мың тонна болса, оның 218,4 мың тоннасы немесе 63 пайызы жеткізілді. Отын қоры толық қамтамасыз етілмегендер де бар. Олар: Меркі, Жамбыл, Талас, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласы, – деген басқарма басшысы дебиторлық қарыздар мен электр және жылу энергетикасы, газ шаруашылығы жайлы жеке-жеке айтты. Мысалы, жылу энергиясына жалпы берешек 86,1 миллион теңге болса, газ тұтынатын кәсіпорындардың дебиторлық қарызы 521,9 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ, бүгінде Тараз қаласы тұрғындарын толғандырып жүрген ыстық су беру барысы туралы да айтқан Ерік Әубәкірұлы: «Кестеге сай жоспарланған 498 тұрғын үйдің барлығына ыстық су берілді. Ал жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жасалып жатқан учаскелерде жұмыстың аяқталуына қарамай, салынған трассалар бойынша ыстық су берілуде. Сонымен, бүгінгі таңда №6, 7, 8, 9 және 10-шағын аудандарына ыстық су берілді. Ал №11 және 12 шағын аудандарда ыстық су 5 қазанда, №13 шағын ауданда 15 қазанда беріледі. «Темір жол-Жылу» және «Жамбыл-Жылу» кәсіпорындары бойынша жоспарланған үйлерге толық ыстық су берілген», – деді. Басқарма басшысы қыс мезгілінде техникалық ақаулар орын алған жағдайда тұрғындарды үздіксіз газбен қамту мақсатында Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылындағы «Ақыртөбе» жерасты газ сақтау қоймасының іске қосылатынын да жеткізді. Онда 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына 133,4 миллион текше метр тауарлық газ қорын қалыптастыру жоспарланса, бүгінде оның 126,9 миллион текше метрі жинақталған.

 Сонымен қатар, баяндамашы күзгі абаттандыру және санитарлық-тазалық айлығы аясында облыс қалалары мен аудандарында атқарылған және назарға алынуы тиіс жұмыстарға да тоқталды.

– Жоспарға сәйкес, тал көшеттерін отырғызу 53,7 пайызға, гүлзарлар орналастыру 53,8, көгалдандыру 54,8, арық және каналдарды тазалау 59,9, көшелерді тазалау 48,7, саябақтар мен скверлерді тазалау және көріктендіру жұмыстары 59,3 пайызға орындалған. Осы жұмыстарға 1406,9 миллион теңге бөлініп, оның 1360,0 миллионы игерілді, – деді ол. Басқарма басшысы сенбіліктерге белсенді атсалысатын мекемелерді атап, бұл науқанға немқұрайды қарайтындар бар екендігін де тілге тиек етті. Мысалы, «Каспий банк», «Форте банк», «Казкоммерцбанк», «Ұлттық банк» филиалдары өздеріне бекітілген көшелерді тазалау жұмыстарына салғырт қарап, сенбілікке шықпайтын көрінеді. «Әлі де болса Тараз қаласы мен аудандардағы елді мекендердің санитарлық-тазалық жағдайын зерделеу кезінде тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау, мерзімінде тазаламау, кездейсоқ орындарды күл-қоқыс алаңына айналдыру сынды жағдайлар орын алуда», – деген Ерік Әубәкірұлы бұл сөзіне нақты мысалдар келтірді. Сенбілік кезінде энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы Сүлейменов көшесінің бойындағы 4 көп қабатты тұрғын үйдің қасбетін әрлеп, «Жансая» шағын ауданындағы №41 үйдің алдына балалар алаңқайын жасап бергенін мысалға келтіріп, барлық мекемелер осыны үлгі етсе деген тілегін жеткізді. Баяндамашының сөзінен кейін аудан әкімдері де аталған мәселелер бойынша хабарлап өтті. Айтылған ақпараттарды мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы әлі де аяқталмаған, шешімін күткен мәселелер жайлы сұрақтар қойды. Мысалы, ыстық су әлі берілмеген үйлердің бар екенін, жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарының халықты әбден титықтатып тұрғанын баса айтты. Жылу желісін жүргізу барысында шағын аудандардағы тұрғындар жүретін жолдардың қазылып, шаң көтеріліп жатқандығы халық үшін өте қолайсыз екенін айтқан ол, бұл жұмыстар қашан аяқталатынын сұрады. Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы бұл жұмыстар жоспар бойынша өз уақытында аяқтауға толық мүмкіндіктің бар екенін, тіпті бірнеше нысан мерзімінен бұрын бітетінін жеткізді. Тараз қаласы бойынша 41 үйдің жылу беру маусымына мүлде дайын еместігі облыс әкімі тарапынан реніш туғызды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаевтан бұл мәселеге түсінік беруін сұрады. Ол аталған үйлердің 22-сінде жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, 6-уында кәріз жүйелерінің істен шыққандығын және басқа да себептерін айтып ақталды. Өткен жылу беру маусымы сәуір айында аяқталғанын, содан бері бірнеше ай бойы бұл жұмыстарды елеусіз қалдырған басшыларға қатаң ескерту жасаған Кәрім Нәсбекұлы әр нысан бойынша жауапты тұлғаларды бекітіп, жылу беру маусымына дейін жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды. Тұрғындарға қажетті отынды жеткізу жұмыстарын да жандандырып, оны молынан дайындау керектігін тапсырған облыс басшысы келесі кезекте санитарлық-тазалық жұмыстары бойынша атқарылған мәселелерге тоқталды. Өткен аптада №7 шағын ауданда қоқыс алаңын қоршап тұрған бетон плитасының астында қалып қойған мектеп оқушыларының жағдайын сұрап, мұндай келеңсіздікке жол берген жауапты тұлғалар жазасыз қалмау керектігін айтты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаев сол жағдайдан соң қала бойынша барлық қоқыс тастау алаңдарына толық тексеру жұмыстары жүргізілгенін, басқа ондай ақаудың жоқ екенін айтты. Кеңес отырысында қаралған негізгі екі мәселеден өзге де көптеген жұмыстардың жүргізілу барысы талқыланып, облыс әкімі тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».