Мәдениет

Төбеге әкеп ту тігіп, той-мереке етіңдер

Төбеге әкеп ту тігіп, той-мереке етіңдер

Жамбыл облысының Астанадағы күндері табысты өтті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына орай Астана қаласында өткен «қуатты өңір – қуатты қазақстан» атты облыс күндері сенбі күні елордамыздың төріндегі жыр алыбы – жамбыл бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. ал одан бір күн бұрын  М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратында өңіріміздің орыс театры С.Маршактың «мысықтың үйшігі» атты балаларға арналған ертегі қойылымын сахналаған болатын.

Облыстық орыс драма тетарының актерлері, сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымын да астаналық көрермендер назарына ұсынды. Оны БҰҰ өкілдері, Ресей мен Қырғыз елдерінің Қазақстан Республикасындағы елшілері де тамашалады. Спектакль басталарда облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Ресейдің Қазақстан Республикасындағы елшісі Михаил Бочарников құттықтау сөз сөйлеп, Елорда төрінде басталған айтулы іс-шараға сәттілік тіледі. Режиссер Юрий Ханинга–Бекназаров сахналаған бұл қойылым астаналық көрермендердің көңілінен шықты. Елордалықтар спектакльдің әр сәтінде ризашылықпен қол соғып, жақсы әсерге бөленді. Қойылым соңында облысымыз бен Астана қаласының әкімдері атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлдері тарту етілді.

«алалы болмай ауызың, ынтымақ қылып бекіңдер»

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың Елордадағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға жамбылдықтарды ҚР Парламентінің өңірімізден сайланған депутаттары Бақытжан Ертаев, Мұратбай Жолдасбаев, Ертарғын Астаев және республикалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Аманкелді Момышев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақын баба рухына тағзым етті. Мұнан соң жамбылдық өнерпаздар Бақыт Шағырбаев пен Еркебұлан Оразымбетов арнау айтып, Жамбыл ақын туып-өскен өңірдің сәлемін жеткізді. Ескерткіш жанындағы тұғыр тасқа жүрегі жүз жыл жырлаған Жамбылдың «Төбеге әкеп ту тігіп, той-мереке етіңдер, алалы болмай ауызың, ынтымақ қылып бекіңдер!..» деген аталы сөзі жазылыпты. Өткен-кеткенге, тағзым еткенге ой салатын өнегелі өсиет талайдың жүрегін шымырлатқаны анық. Ақын ескерткіші қасында Ерқанат Нұрбапаұлы сөз сөйлеп, жамбылдықтардың үлкен шараны бабалар рухына тағзым етуден бастағанын, Жамбыл барша қазақтың мақтанышы екенін айтып, делегацияны қарсы алған ҚР Парламентіндегі жерлес депутаттарға облыс әкімі атынан алғысын білдірді. Бұдан соң жазушы-драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын Астана мен Жамбыл облысының мәдени-қоғамдық байланысы тұрғысында толғана сөз қозғады. Іс-шараға, сондай-ақ, Әбдімомын Желдібаев, Қайырбек Асанов, Әлібек Әмзеұлы секілді облысымыздың бірқатар шығармашылық өкілдері де қатысты. Бұдан кейін жамбылдықтар тобы Кеңес Одағының Батыры, ұлт мақтанышы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының Елордадағы ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі

img_8757 img_8311 img_8516Мұнан соң Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Жамбыл облысы музейлері қорының көрмесі өтті. Шараның ашылу салтанатында жамбылдық делегация атынан жазушы Елен Әлімжан сөйледі. Ол өз сөзінде тарихи Тараздың Батыс Түрік қағанатының ордасы болғанын, тіпті Шығыс Түрік қағанатының өзі Шудағы Жайсаң жайлауында қоныс тепкенін тарихи дәлелдермен терең толғап, әңгімеледі. Оған Шу өңірінде жиі кездесетін балбал тастар дәлел екенін айтты. Сондай-ақ, ол Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев секілді қазаққа ортақ ерен тұлғаларымыздың ерліктері жөнінде де айтып өтті. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай бұл Ұлттық музей Елбасы бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылғанын, көлемі 4 мың шаршы метрді құрайтынын, мұнда еліміздің әр өңірінен аса құнды жәдігерлер сақталып отырғанын баяндап өтті. «Сіздер ғасырлар қойнауынан сыр шерткен құндылықтарды Ұлттық музейге әкеліп отырсыздар. Елбасы тарихи қалаға «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп баға берген. Сіздер сол тарихтың терең қазынасын арқалап жеттіңіздер. Сондықтан, жамбылдықтарға рахмет», – деді ол. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Ұлттық музей ұжымына облыс әкімінің Алғыс хаты мен Ж. Жабаев бейнеленген әсем кілемшені сыйға тартты. Астаналықтарға көрме экспонаттарын облыстық музейдің қызметкері Жамал Ақпан таныстырды. Бұл көрменің бағасы сонау үшінші ғасырдан бері қарайғы құндылықтардың көрініс табуымен арта түсті. Жамбыл топырағынан табылып, қазылып алынған жәдігерлер сақ, қола, орта ғасырлық кезең дәуірлерін көз алдымызға әкеліп, алыс-алыс ғасырлардан сыр шертті. Ислам өркениетінің келуімен пайда болған ерекшеліктер де әңгіменің арқауы болды. Елордалықтарды Жетітөбе обасынан табылған алтын бұйымдары, Айша бибі кесенесінің кірпіштері, қоладан, қыштан жасалған археологиялық жәдігерлер ерекше қызықтырып, ғасырлар қойнауына жетелеп кетті. Суретші Л.Брюмердің облыстық музейге сыйға артқан мыңнан аса суреттері де тамашалаушыларды әдемі әсерлерге бөледі. Көрмеге қойылған қыса белдік, қанжар, сақина, шашбау, құдағи белдік және сазсырнай, сыбызғы, жетіген секілді ұлттық аспаптарды көпшілік ерекше ықыласпен тамашалады. Көрме барысындағы тағы бір ерекшелік – жерлесіміз, әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының өз қолымен жасаған қобызының осы күнге дейін сақталуы болды. Сол тарихи жәдігерді Ықыластың шөбересі Ақнар Шәріпбаева Атыраудан арнайы әкеліп, бабасының «Аққу» күйін орындап беруі келушілерді ерекше толқытты. Осы тұста Тараз қаласының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы бұл қобызды Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында тұратын немересі Алтынбектің үйінен тауып, баба ұрпақтарының келісімімен мұражайға алдырғанын айтып өтті. Қазір ол Атырау мұражайында сақтаулы екен.

біздің кәсіпорындар бәсекеге қабілетті өнім өндіреді

Мұнан соң астаналықтар назарына Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында облысымыздың бірқатар кәсіпорындарының өнімдері көрмесі ұсынылды. Атап айтқанда, «Қазфосфат», «Фабрика Пош-Тараз», «Құрылыс-полимер», «Айвенго», «Бағұл», «Рыспаева және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері астаналықтардың назарын аударды. «Атамекен-Мрамор Көктал» ЖШС-ның мәрмәр тастан жасалған өнімдері, «Бағұлдың» электроды көпшілік көңілінен шықты. Тараздағы «Жасау мүлкі» кәсіпорнының қыз жасауы өнімдеріне, сарысулық «Дәуірбеков» кәсіпорнының домбыраларына да қызығушылық танытқандар өте көп болды. Осылайша, астаналықтар Жамбыл жерінде де өндірістің өркендеу үстінде екенінен, бұл тұрғыда өңірдің өз ерекшелігі бар екенінен хабардар болды. Осы фойедегі үлкен экраннан облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасы дайындаған «Қазақ хандығына 550 жыл – Тараз тойы» деректі фильмі көрсетілді. Көрмеге келушілер аталған деректі фильмді аса қызығушылықпен тамашалады.

жамбыл жәрмеңкесі

Бейбітшілік даңғылы бойындағы ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне де астаналықтар өте көп жиналып, сауда-саттықтың көрігін қыздырды. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев басқарған шараға Тараз қаласы және облысымыздың барлық ауданы атсалысты. Елордалықтар ең қажетті ұн, ет, қант, май өнімдерін қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік алды. «Мұнда барлық ауыл шаруашылығы өнімдері өте арзан. Мен ащы бұрыш, алма, тәтті нандар, картоп сатып алдым. Бағасы өте қолайлы, тиімді. Өз қолымен өсірген өнімдерін елордалықтарға тарту еткен жамбылдық тауар өндірушілерге алғысымыз ерекше», – дейді астаналық Сағат Игісінов. Астана қаласының тағы бір тұрғыны Жүсіпбек Тұрысбеков Меркінің балы, көкөніс, бақша дақылдары елордалықтарға тамаша тарту болғанын айтады. Жәрмеңкеге келгендер қызанақтың килосын – 130, қиярдың килосын – 90, картоптың килосын 40 теңгеден сатып алуға қол жеткізді. Бұл күні мұнда Әулиеата өңірінен жалпы сомасы 237 миллион теңгені құрайтын 314 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері өткерілді. Осылайша, Жамбыл жерінің мол өнімі Сарыарқа төсін береке, молшылық, ырысқа толтырды.

тарихы терең тараздан тағзым

Бейбітшілік және келісім сарайында «Тарихы терең Тараздан тағзым» іс-шаралар аясында өткен облыс өнерпаздарының «Ұлы дала – ұлысым!» атты концерттік бағдарламасы да өнерді бағалайтын елордалық тұрғындарға тамаша тарту болды. Бұл шара сахнадағы үлкен экраннан көрсетілген, Елбасының «Көне Тараз – менің ең жақсы көретін өңірім» деп тебіренген жүрекжарды сөзімен басталды. Облыстық драма театрының актерлері қойған театрландырылған көріністе Керейдің таққа отырып хан болған, Қазақ хандығы құрылған кезеңінен хабар береді. Сондай-ақ, Жамбыл мен Кенен ақындардың кездесуі ұстаз бен шәкірттің өзара байланысындай көрерменді әдемі әсерге бөледі. Би, асқақтық, көркем көріністер көңіл тербеді. Облыстық филармония жанындағы ұлт аспаптар оркестрі орындауындағы Ә. Қазақбаевтың «Ұлы дала», А. Малдыбаевтың «Көне Тараз», Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері мен С.Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» жүректерді тебірентіп, Сарыарқа төрін әсем сазымен тербетті. «Тараз», «Мерей» және «Аңсар» топтары, «Ақкербез» би ансамблінің бишілері, Анна Вундер, Мейіржан Самылтыров, Әсел Уәшева, Тимур Тілеуқабыловтар әуелете шырқаған алуан тақырыптағы әндер де көрермендердің көңілін көкте құйқылжытты. Концерт мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің сөзіне жазылған Жоламан Тұрсынбаевтың «Таразым» әнімен түйінделді. Облыс өнерпаздарының концертіне астаналықтар шынайы бағасын да берді. «Осы концертті көруге арнайы анамды ертіп келдім. Өзім семейлікпін. Маған барлық өңір бірдей, ортақ. Әйтсе де, жамбылдықтардың өнері ерекше ұнады», – дейді Астана тұрғыны Дария Сағынбаева. Жастар театрындағы Жамбыл облыстық драма театры сахналаған Мұхтар Әуезовтің осы аттас хикаяты желісімен жазылған Н.Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасы да көпшілікті ерекше әсерімен баурады. Қойылым режиссері – Болат Ұзақов. Онда 16-жылғы патша жарлығына қазақтардың қарсылық танытып, қайсарлық көрсетуі көрініс тапқан. Ұзақ рөлін К. Ақүрпеков, Жәмеңке рөлін Ж. Әлімбеков сомдады. А.Сейілхан, М. Ақүрпеков, Ж.Қамбатыров та актерлік шеберліктерін байқатты. Қойылым соңынан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз алып, спектакльдің маңызын, мәнін түсініп, сахнаға бар сән-салтанатымен алып шыққан Жамбыл облыстық драма театрының актерлеріне шынайы алғысын жеткізді. Жастар театрындағы өнер мерекесі М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» спектаклі қойылуымен қорытындыланды. Өнерпаздарға облыс пен Астана қаласы әкімдерінің атынан ықылас гүлі табыс етілді. Ең бастысы, әулиеаталықтар өнеріне астаналықтар шын ниеттерімен риза болып, дүркірете қол соқты.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз – Астана – Тараз.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.