Перзентханадан шықпай-ақ перзентінің құжатын алады
Перзентханадан шықпай-ақ перзентінің құжатын алады
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қанатқақты жобаны жүзеге асыра бастады. Жаңа жоба шеңберінде жас босанған аналар баланың туылуын тіркеуді, бала туу мен оның күтіміне жәрдемақы тағайындауды, босану мен жүктілікке байланысты табысын жоғалтқан жағдайдағы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуді, сондай-ақ баланы балабақша кезегіне қоюды перзентханада-ақ жүзеге асыра алатын болды. Жоғарыда аталған 4 бірдей қызметке перзентханада бір мезгілде өтініштер қабылданбақ. Демек, жас аналар немесе оның туыстары бала дүниеге келгеннен кейін оның тиісті құжаттарын рәсімдеу үшін бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылмайтын болды. Тек құжатты 2 жұмыс күні ішінде дайын болғанда аталған орталықтан алып кетуге аз-кем уақыт бөлсе болғаны. Ал жәрдемақыны тағайындау туралы ақпарат өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарландыру арқылы түседі. «Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Әділет министрлігі баланың туылуын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер стандартына азаматтар баланың туылуын тіркеуге өтінішті 3 жұмыс күні ішінде берулері тиіс деген өзгерістер енгізген. Біз оның халыққа қолайлы жағын қарастырдық. Бұл қазақстандықтардың өмір-тіршілігін жеңілдетіп, уақыттарын үнемдейді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары Медет Құмарғалиев бұл жағымды жаңалық жайлы. Сонымен қатар, облыс тұрғындары балабақша кезегін e.gov.kz электронды үкімет порталынан немесе мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріндегі «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторлары арқылы да көрулеріне болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жыл басынан бергі 8 айда 24 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 235 мыңнан астамы туу туралы куәлік беруге қатысты екен.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».