Мәдениет

Тапқырлардың тасы өрге домалады

Тапқырлардың тасы өрге домалады

Қазір қазақ тіліне деген көзқарас, қызығушылық бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Көпшілік қазақ тілінің болашағын өзінің болашағы деп қабылдайтын деңгейге жеткен. Тіл үйренсем, сол арқылы отандастарыммен ортақ тілде қарым-қатынас жасасам деген ізгі ниет кім-кімнің болса да көкейіне мықтап орнап келеді. Тілдерді оқыту орталығының ұйым­дастыруымен Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай жалғастырушы топтар арасында «Ана тілі – еркіндігің, теңдігің!» атты интеллектуалды сайыс өтті. Бұл сайысқа тек ұлты ғана емес, жас ерекшеліктері, қызметі мен лауазымы да әр алуан үміткерлер қатысты. Олардың мақсаты – өзге әріптестермен бәсекелес болу, жеңіс тұғырынан көрініп жақсы атану ғана емес, мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосу. Сайыс «Тіл тазалығы», «Мақал – сөздің мәйегі», «Білгенге маржан», «Мықты болсаң тауып көр», «Сіз білесіз бе?» атты бес айналым бойынша өтіп, қатысушылардың білімдері мен тапқырлықтарын, мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Бірінші айналым бойынша қатысушы «Білгірлер» тобы мен «Тапқырлар» тобы өздерін мемлекеттік тілде таныстырып, проза және поэзия оқыса, келесі айналымдарда мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, ұяшық таңдау арқылы салт-дәстүр, тарих және жаңылтпаш айтып жарысқа түсті. Төртінші және бесінші кезеңдерде қатысушылар жұмбақтың шешімін үш тілде айтып, берілген сұрақтарға белгілі уақыт аралығында шапшаң, дұрыс жауап беруге тырысты. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша «Тапқырлар» тобының мүшелері Г.Рустамова, А.Ишанов, К.Нариман, А.Мырзабековалар І дәрежелі дипломмен, «Білгірлер» тобындағы Н.Бакиров, Н.Касымова, К.Карташова, Д.Чижевскаялар Алғыс хатпен марапатталды.

Ләйла Туменова, облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» оқытушысы.