Мәдениет

Жүректі әнмен тербеткен

Жүректі әнмен тербеткен

композитор Серік Әденов туралы бір үзік сыр

_dsc5769Жастайынан ән әлеміне құлаш ұрып, көптеген шығармалары халық арасында қошеметке ие болған сазгер әкеміз Серік Әденовтің есімі әнсүйер қауымға жақсы таныс деп ойлаймыз. Ол 1936 жылдың қыркүйек айында дүниеге келіп, 8 жасында ауылдағы жеті жылдық мектептің табалдырығын аттаған. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болып, кейін сол үйірмені басқарады. Ел арасындағы әншілерді домбырамен сүйемелдеп жүріп, өзінің өнерін де көпшілікке ұсынып, алғысқа бөленеді. Бала кезінде майданнан аман-есен оралған ауылдағы бір ағай немістің аккордеонын арқалап қайтыпты. Сол аккардеонды қолқалап сұрап алған әкеміз оны аз ғана уақытта ойнап үйренеді. Аспапты жақсы меңгеріп алғаннан кейін ауданда өтетін көркемөнерпаздар жарысына қатысып, таныла бастайды. Екі жыл ауылда хат тасушы болған әкеміз 1954 жылдың қыркүйегінен бастап клуб меңгерушісі болып, ауыл мәдениетін жандандыруға барын салады. Әсіресе, көркемөнерпаздар үйірмесін жетілдіріп, «Халық теарының» жұмысын дамыту жолында аянбайды. Онда аудан орталығы болмаса, ауылдарда театр деген қайдан болсын?! Ал Серік Әденов барды ұқсатып, баянды жетістіктерге қол жеткізуге тырысады. Содан да шығар, шағын елді мекен көп ұзамай «Халық театры» бар шағын ауыл деген атаққа ие болды. Бір кездері өз жұмысын қысқа пьесалардан бастаған сол театр ұжымы алпыстан аса кесек туындыларды сахнаға шығарып үлгереді. 1964 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасын, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясын, А.Макаюнктың «Үкім» драмасын көрермендерге ұсынады. Нәтижесінде, сынақтан жоғары баға алған ұжым 1964 жылы «Халық театры» деген құрметті атақты қорғайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, әкеміз қырық жылдан астам уақыт мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндеріне музыкадан тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес. С.Әденовтің балабақшада, мектепте ұстаздық еткен жылдары өз жемісін бере білді. Қаншама аудандық жарыстарда шәкірттері көптеген жүлделерге қол жеткізді. Бұл еңбектерінің бәрі еленіп, ескеріліп жатты. Ол Қазақ ССР мәдениет, білім және ғылым министрліктерінің грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға қол жеткізіп, республикалық байқаулардың да лауреаты атанды. Үлкендерден естуімізше, әкеміз 2-сыныпта оқып жүргенде ауылға Алматыдан бір топ өнер саңлақтары қонаққа келіпті. Ол домбырасын алып, үйге жақын клубқа жетіп барады. – Айналайын, мынау бір жақсы бала екен! Өзің тартасың ба? – дейді бір кісі. – Иә, аға, өзім тартамын, өлең де айта аламын, – деп әкеміз сонда білген әндерін домбырамен айта жөнеледі. Бар ықыласымен тыңдаған әлгі кісі: – Рахмет. Үлкен жігіт бол, шырағым! – деп батасын берген екен. Сөйтсе, бұлар Жүсіпбек Елебеков бастаған бригада екен. Құрамында Рахия Қойшыбаева, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейітова тағы басқа өнер тарландары бар. Әкемізді біраз тыңдаған Күләш апай: «Алматыға оқуға алып кетемін, сол жақта музыка мектебінде оқисың, үлкен әртіс, әнші боласың», – деп қолқа салады. «Ол жақта ешкімді білмеймін, қорқамын», – деп әкеміз қалып қояды. Кейініректе де С. Кәрімбаев, Ш.Қажығалиев, Ә.Бейсеуов сияқты өнер саңлақтарымен де кездесіпті. Бәрі де әкемізге Алматыға барып оқу жөнінде кеңес беріпті. Бірақ, ол отбасылық жағдайына байланысты ауылдан шыға алмайды. Қартайған ата-анасын қараусыз тастауға батылы жетпей, өзінің де жас бала-шағасын қамын ойлаған ол елден ұзай қоймайды. Туғаннан бар көз мүгедектігі де кедергі келтіріп, еркін жүріп-тұруға жүрексінеді. Дегенмен, 1968 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін «Клуб қызметкері» және облыстық басқарманың жанынан ашылған жеделдетілген курсын «Көркемдік жетекші және баянист» мамандықтары бойынша тәмамдап алады. Әкеміз 1991 жылдың шілде айынан 1997 жылдың қыркүйегіне дейін қазақ зағиптар қоғамы облыстық басқармасының төрағасы болып қызмет етеді. Ел сенімін ақтау үшін аянып қалмаған ол бұл жауапты қызметті үлкен абыроймен атқарып, 1997 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Оны құрметтеп иығына шапан жауып, темір тұлпар мінгізді. Бірде сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ж.Кәрібаев: «Секе, өзіңіздің шығармашылық концертіңізді өткізсеңіз, көрермен қауым қуанып қалар еді», – деп қолқа салады. Оны құп алған Серік Әбдікерімұлының шығармашылық концерті 1995 жылы 15 мамырда Тараз қаласындағы Абай атындағы драма театрында өтті. Жиналған өнерсүйер қауым театрдың зәулім залына лық толды. Кеш барысында сазгердің өмірбаяны мен өнер жолын Ж.Кәрібаевтың өзі хабарлап, өнер иесінің мерейін тасыта түседі. Кейінірек әкеміз Көктөбе ауылындағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып жұмыс жасайды. 2006 жылы Қазақстан ардагерлер ұйымының 20 жылдық мерейтойына арналған Құрмет грамотасымен марапатталады. Ал 2013 жылы «Хабар» арнасындағы «Сонымен, солай дейік» бағдарламасына қатысқан әкеміздің «Жастығым өтіп барады» әнін Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев әсерлі шырқады. Әкем де баянды қолға алып, өзін танытқан «Сәулешім» әнін орындады. Бұл туралы 2013 жылғы 8 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде Анар Төлеуханқызының «Сәулесінің кемдігі, Сәулешіммен толыққан» атты көлемді мақаласы жарық көріп, оқырмандар оң бағасын берді. Айта кету керек, сазгердің бұл әні еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, жігіттер мен қыздардың сүйіп тыңдайтын шығармасына айналды. Бір кезде Роза Бағланова апамыз шырқата салған оны кейін Нұрғали Нүсіпжанов та тамылжыта орындады. С.Әденовтің әндерін үш топқа бөлуге болады. Олар: бүлдіршіндерге, туған жерге арналған және лирикалық әндер. Мәселен, «Жасыл бағым жайнаған», «Балғын бөбек», «Ұстазыма», «Жаңа жыл», «Жас ұлан», «Мектеп маршы» әндері балалар даусына ыңғайланып жазылса, «Жазира жайлауым», «Біздің ауыл осындай», «Шу еркесі», «Шопан жыры», «Қызылшашы жеңеше-ай», «Қазақстан – республикам менің», «Сарбаздар маршы», «Батыр Қайрат» әндері туған жер, патриоттық тақырыптағы шығармалар. Лирикалық сарындағы «Жан қалқам», «Сәулешім», «Қалқажан», «Таңсәрі», «Келінжан», «Әнші қыз», «Ардағым», «Мәрия», «Қайдасың, арман?», «Жастығым өтіп барады» әндері де көңіл толқытып, жүрек тербейді. Музыка – адамзаттың рухани азығы, жан серігі. Осындай нәзіктігімен адам жанын баурап, жақсы мінез-құлықтың қалыптасуына оң әсерін тигізеді. С.Әденовтің шығармашылығындағы басты мақсат та осы түсінікпен түйіндес. Қорыта келгенде, белгілі сазгер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, республикалық, облыстық сазгерлер байқауының лауреаты Серік Әбдікерімұлы жақында адам өмірінің берекелі белесі 80 жасқа толып отыр. Осы жасында ол ағайын-туыстың қамқоршысы, ақылшысы, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы ретінде елге сыйлы қария атанып отыр. Асыл жары, Батыр ана болған Бикеш анамыз екеуінен тараған ұл-қыздарынан 25 немере, 36 шөбере сүйіп, мәуелі бәйтеректей қанатын кеңге жайған әкемізге әлі де шығарма­шылық туындыларымен тыңдар­мандарын қуанта беруін тілейміз.

Сайлаубек ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор.

Сәуле СЕРІКҚЫЗЫ, ОҚМПИ-дің аға оқытушысы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.