Қазақстан мен Греция әуе қатынасын ашуға уағдаласты
Қазақстан мен Греция әуе қатынасын ашуға уағдаласты
Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен Қазақстан-Греция үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысында екі тарап бірқатар экономикалық келісімдерді талқылады. Сонымен қатар онда біздің әріптестігіміздің алдағы болашағы бойынша хаттамаға қол қойылды. ҚР Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенконың айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымының 99 пайызы Қазақстанның Грецияға экспортынан тұрады. «Екі ел арасындағы тауар айналымы толықтай өз қауқарын көрсете алмай отыр, себебі тауар айналым 99 пайызға Қазақстаннан Грецияға мұнай өнімдерін тасымалдаудан тұрады. Былтырғы жылғы мәліметтер бойынша, оның көлемі небәрі 1,2 млрд. долларды құрайды. Оның ішінде Грециядан Қазақстанға тасымалданатын тауар көлемі 20 миллион доллар болды. Биылғы жылдың 6 айында Қазақстаннан Грецияға бағытталған экспорт 635 миллион доллар деңгейінде тіркелсе, Грециядан Қазақстанға жіберілген импорт 2,3 миллион доллар ғана. Мемлекеттер арасында туризм, көлік, медицина, денсаулық сақтау, энергетика салаларында үлкен әлеует бар, Греция тарапы елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу жөнінде ресми растаған жоқ, дегенмен олар жел, күн энергетикасы бағытындағы жобаларын алып келуді жоспарлауда, сонымен қатар екі ел арасында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінің қалдықтарын өңдеу саласында да үлкен әлеует бар. Қазақстанда грециялық өнімдер мүлдем белгісіз, бірақ олар халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие. Қазақстан бидайын Грецияға экспорттаудың болашағы да өте зор», - деп атап өтті Роман Василенко. Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан мен Греция арасында әуе қатынасын ашу бойынша талқылаулар жүрді. «Грецияға демалуға баратын қазақстандықтардың саны аз емес. Жазғы мезгілде чартерлік рейстер саны жеткіліксіз, тікелей әуе қатынасы жоқ, бұл өз кезегінде отандық туристерге қиындықтар туғызады. Бүгін екі мемлекеттің авиациялық органдары тиісті келісімді бекіту жұмыстарын аяғына дейін жеткізеді деген ұйғарым шығардық. Жақын арада бұл мәселе шешімін табады», - деді вице-министр. Сонымен қатар экономикалық салада екі құжатқа қол қойылды, бұлар - қосарланған салықты болдырмау, инвестицияларды қорғау және ынталандыру саласындағы келісімдер.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат