Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға салғырт қараған әкімдер сынға ілікті - Үкімет аптасы
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға салғырт қараған әкімдер сынға ілікті - Үкімет аптасы
Бұл жолғы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Мұнан бөлек, жұмыспен қамту, күзгі астық бастыру жұмыстары да Министрлер кабинетінің талқылауына түсті. Алдымен мінбеге көтерілген еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жататын 33 түрлі азық-түліктің бағасы біршама көтерілгенін ашық айтты. Әрине, мұндай құбылысқа әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасының өзгеруі мен табиғи монополия қызметтері тарифтерінің өсуі және маусымдық тауар құнының ауытқуы тікелей әсер еткені сөзсіз. Алайда, баға құбылуына жол бермеу үшін еліміздің әр өңірінде тұрақтандыру қорлары құрылған. Бірақ, бұл қорлар да нақты нәтиже бере алмай отыр. Оған аталған қорлардағы азық-түліктің мардымсыз көлемі түрткі. Әкімдер де салғырттық танытқан. Мұны министрдің өзі ашық айтты. «Азық-түлік тауарлары бағаларының өсу жағдайы жыл сайын қайталануда. Ал жергілікті атқарушы органдар осы жағдайды ескермейді, ішкі нарықта жағдайды тұрақтандыру үшін керекті шараларды уақытылы қабылдамайды. Бұл жәйт ұйымдастырусыз қалған. Біз 2015-2016 жылдар кезеңіндегі тұрақтандыру қорларының жұмысына талдау жасадық. Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бағасын реттеудің нарықтық тетіктерінің бірі - тұрақтандыру қорлары. Ағымдағы жылдың 25 тамызындағы жағдай бойынша республика бойынша тұрақтандыру қорларындағы қалдық 33 мың тоннаны құрайды. Ең төмен мөлшер Ақтобе, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында байқалады. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорларында томен қор бола тұра Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстары және Астана мен Алматы қалалары ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін мүлдем сатып алмаған. Бұған қоса, барлық өңірлерде тұрақтандыру қорларын толтыруға арналып бөлінген ақшалай қаражаттар тиісті деңгейде қолданылмайды. Мәселен, тұрақтандыру қорларының ағымдағы және депозиттік шоттарында жатқан 4 млрд. теңге бар», - деді министр. Қ.Бишімбаев баға өсіміне әсер ететін нарықтық емес факторларды да атады. Оның айтуынша, нарық субъектілерінде баға жосықсыз қойылуда. Тіпті, тауарға қосылатын сауда үстемесі 200 пайыздан да асып кеткен деректер тіркелген. Мәселен, нақты деректерге жүгінсек,республика бойынша орташа есеппен баға айырымының мәні вермишельге - 172, рожкиге - 170, кеспеге - 102, ұнтақ жармасына - 123, арпа жармасына - 147, сөкке - 175, күрішке - 116, сұлыға - 233, картопқа - 102, сәбізге - 130, басты пиязға - 154, қызылшаға - 140 пайызды құраған. Бірінші мәселеге орай еліміздің бірқатар өңірінің әкімі Үкімет басшысына есеп беріп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты. Осыдан кейін Премьер-Министр бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарында кемшіліктерге жол берген әкімдіктерді сынап, оны ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. «Бізде өндірісті және өнімнің саудасын іске асыруды ынталандыруға байланысты, бағаны ырықтандыруға тетіктер жеткілікті. Алайда, бұл тетіктер жұмыс істемей тұр. Отырыста байқағанымыздай, жергілікті жерлерде әкімдіктер тарапынан қадағалау болмай тұр. Кейбір әріптестеріміз лауазымдарын алғаннан кейін базарларға барып, бағаларды инспекциялап жатады. Дегенмен де олар барған кезде, базарларда тауарлар мен өнімдер бағасын саудагерлер лезде төмендетіп тастайтынын өте жақсы біледі. Олар кеткеннен кейін саудагерлер ескі бағаны қайта қояды. Бұл өз кезегінде беделқұмарлықтан басқа ештеңені бермейді. Сондықтан нақты қажетті жүйелі шараларды жүзеге асырыңыздар», - деп тапсырды Б.Сағынтаев.
Астық түсімі биыл да мол
Күзгі жиын-терімге байланысты негізгі есепті ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов берді. «Тамыз айының үшінші онкүндігінен бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде жаппай егін жинау басталды. Облыстардың жедел ақпараттары бойынша 20 қыркүйекке 11,1 млн. гектарға жуық немесе дәнді дақылдар жиналатын алқаптың 72,1 пайызы орылып, бастапқы салмақты 16,5 млн. тоннаға таяу астық бастырылды. Түсімі гектарына 14,9 центнерді құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,4 центнерге артық», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, оңтүстік өңірдің облыстары масақты дәнді дақылдарды жинауды аяқтап, күріш пен жүгері бастыруға кірісті. Егін жинау Батыс Қазақстан облысында аяқтады. Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жиналатын алқаптың 76-дан 88 пайызға дейіні орылды. Жалпы алғанда астықтың жалпы жиыны бункерлік салмақта 22,0 млн. тоннадан астам көлемде болжануда. Егін жинау науқанына дәнді дақылдар алаңының 70 пайыздан астамын жинайтын 14 мың бірлік өнімділігі жоғары комбайн қатысуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ағымдағы жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізуге дизель отынына қажеттілігі 391,6 мың тонна. Бұл қажеттілік толық көлемде бар. Бүгінгі күні шаруаларға 307,1 мың тонна дизель отыны жөнелтілген. Өңірлердегі арзандатылған дизель отынының 1 литрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орта есеппен 92 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 26 пайызға арзан.
112 мың адам жұмыспен қамтылды
Бүгінде елімізде еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Олардың алғашқы нәтижелері де жаман емес. Мәселен, осы жылдың 8 айының ішінде «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 112 мыңға жуық адам жұмысқа орналасыпты. Мұны осы аптадағы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім еткен еді. «Үстіміздегі жылдың 8 айында «Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында 112 мыңға жуық азаматты жұмысқа орналасты. Олардың 66,5 пайызы - жұмыссыздар, 22,4 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Жалпы бағдарламаға қатысушылардың ішінен 81 мың азамат бүгінгі таңда тұрақты жұмыс орнына орналастырылып, жұмыс берушілер тарабынан әлеуметтік жарналар төлене бастады», - деді ол. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары болып отыр. «Әрине, биылғы жылға бөлінген қаражат сомасына бұл тікелей байланысты. Егер жыл басында белгіленген сома 37,8 млрд. теңге болса, Бақытжан Әбдірұлы, өзіңіз атап өткендей, Елбасының еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында және егемендігіміздің 25 жылдығына орай әрбір елді абаттандыру тапсырмасын орындау үшін қосымша 90,6 млрд. бөлінді. Сонымен бағдарламаға 128,4 млрд. теңге бөлініп, онң аясында 14 мыңнан астам жоба жүзеге асырылуда», - деді Т.Дүйсенова. Мұнан бөлек, министрдің бүгінде республикада «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатқанымен жұмыс орнына орналасқандардың үлесі Батыс Қазақстан облысында 43,5 пайыз, ал Қарағанды, Алматы, Павлодар облысындарында 50 пайыздан төмен болып отырғандығын баса атап өтті. Алайда, Т.Дүйсенова жұмыспен қамтудың бір ғана бағдарламасымен жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты жұмысқа орналастыру мүмкін еместігін де ескертті. Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту орталықтары арқылы тек 3305 адам, ҮИИД бағдарламасы бойынша 2186 адам жұмысқа орналасқан. «Сондықтан, өңірлерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің кешенді жоспары аясында өзге де мемлекеттік жобалар мен салалық бағдарламаларға жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілуде. Жоспарлы көрсеткіштерді орындау жалпы алғанда кесте бойынша жүргізілуде», - деді министр. Бірқатар өңірде жылумен қамтуда проблема туындауы мүмкін. 2016-2017 жылдары жылу беру маусымына дайындық барысы туралы есеп берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биылғы күзгі-қысқы маусымда үш аймақта орын алып отырған жағдай тұтынушыларды тұрақты энергиямен жабдықтау жұмыстарына кедергілер тудыруы мүмкін екендігін ескертті. «Атап айтқанда, Семей қаласының «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына тұтынушылар шамамен 354 млн.теңге берешек, бұл жағдай жөндеу жұмыстарын жүргізуге кері әсерін тигізеді. Қазан айынан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беруді жоспарлап отырмыз, кәсіпорында көмірді жинау жұмысы қыркүйектің ортасында басталды. Мазутты жеткізу мәселесі шешілген жоқ, алдыңғы жылдан да қалған мазут жоқ», - деді министр. Оның айтуынша, Теміртау қаласында материалдар мерзімінен кеш жеткізілгендіктен «Арселор Миттал Темиртау» акционерлік қоғамындағы №1 қазандықты және 2-ші Жылу электр стансасындағы №1 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу мерзімі қазанның ортасына дейін, ал № 2 қазандықты жөндеу 30 қыркүйектен 25 желтоқсанға дейін ұзартылған. Яғни, күзгі-қысқы маусымда негізгі жабдықтардың резерві қамтамасыз етілмейді. «2015 жылдың желтоқсанында жылу электр стансасында апат болды. Апат салдарынан барлық генерациялау жабдығы тұтастай істен шықты, режімді толық іске қосу екі айға созылды. Арселлор Миттал Теміртаудың 2-ші жылу электр орталығына және жылу электр орталығының бу-ауа шығаратын стансасына алдағы жылғы жылу беру маусымына әзірлік төлқұжаты берілген жоқ»,- деді ол. Мұнан бөлек, Қ.Бозымбаевтың айтуынша, 1 686 млн. теңгені құрайтын берешегі өтелмегендіктен «Энергоорталық-3» АҚ Шымкенттік жылу электр орталығына газ беру осы жылдың 21 тамызынан бастап тоқтатылған. «2014 жылдың желтоқсан айында Шымкенттік жылу электр орталығында қуаттылығы 125 MBA құрайтын АТ-2 автотрансформаторы істен шықты. Оның орнына 2015 жылы қуаттылығы 63 МВА құрайтын автотрансформатор уақытша қойылды. Енді қуаттылығы 125 MBA құрайтын АТ-2 автотрансформаторын ауыстыру қажет. Қазіргі уақытта автотрансформаторға Шымкенттік жылу электр орталығында монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді министр. Қ.Бозымбаев энергия кәсіпорындарындағы жөндеу жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге және тұтынушыларды энергия көздерімен тұрақты қамтамасыз етуге кедергі болып отырған негізгі себептердің бірі отынға дебиторлық берешектің көп отырғандығын ескертті. Мысалы, қыркүйектің ортасына энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы шілде айына дейінгі берешегі 7 471 млн.теңгені құраған. Оның ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС - 3 584 млн. теңге, «Энергоорталық-3» АҚ 1 686 млн. теңге, «Қызылордатеплоэлектроцентр» ГКП - 1 073 млн. теңге, «Жайықжылуэнерго» АҚ 466 млн. теңге, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС, - 457 млн. теңге, «Ақтөбе жылу электр орталығы» - 205 млн. теңге қарыз. Мұнан бөлек энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь Көмір» АҚ алдындағы қарызы 461 млн. теңгеге жетіп отыр.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат