Денсаулық

Мешіттерде орыс тілінде түсініктеме айтылуы қажет деген мәселеге министрлік пікір білдірді

Мешіттерде орыс тілінде түсініктеме айтылуы қажет деген мәселеге министрлік пікір білдірді

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айта кетейік, кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе көтерілген болатын. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл мәселені министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірі көтерген. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген болатын. Ведомстводағылардың айтуынша, министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады екен. "Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып, мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады", - делінген хабарламада. Алайда министрлік өкілдері бұл мәселенің тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елді мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін атап өтті. "Министрлік, өз кезегінде, азаматтардан түсіп отырған кез келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда Министрлік құзыретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз", - делінген мәлімдемеде. Сонымен қатар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырды.

Ақпарат көзі:  Kaz.tengrinews.kz