Әлеумет

«Қара алтынға» бағаланған Каракөл елтірісінің қадірі неге қашты?!.

«Қара алтынға» бағаланған Каракөл елтірісінің қадірі неге қашты?!.

Облыстағы шаруашылық құрылымдарында 24415 қаракөл қойы бар. Ал, асыл тұқымды шаруа қожалықтарында оның 10385 бас таза тұқымы өсірілуде.

5Қаракөл қойы біздің жыл санауымыздан да бұрын Орта Азия жерінде халықтық сұрыптау тәсілімен өсірілген деседі ғалымдар. Денесі мығым әрі шағын, шапшаң жүретін иірілген құйрығы бар қаракөл қойының құйрық майы 2-3 килограмм тартады. Қошқары мүйізді, тірідей салмағы 55-56 килограмм келсе, ірілері осындай екі есе салмақты болады. Саулығы 45-50 килограмм. Шөл және шөлейт аймақтарының қатаң ауа райына және жұтаң жайылымына өте төзімді мал. Әр 100 cаулық 95-100 қозыдан береді. Еркек қозысының салмағы 4,5-5,5, ұрғашысы 3,8-4,5 килограмм тартады. Қозысының жабыны туылған кезде бұйраланып тұрады. Кейін жүн талшықтары ұзарып, бұйрасы жазылып кетеді. Қаракөл елтірісі қара, көк, сұр, қоңыр, ақ, қызғылт түсті. Қазақстанда қойдың осы тұқымын сақтап қалып, оны ары қарай асылдандыра түсу мақсатында селекциялық-генетикалық орталық жұмыс істеуде. 1998 жылы «Атырау» қой тұқымын тауып, дүниежүзілік жаңалық ашқан еліміздің ғалымдары қазіргі таңда қымбат бағалы елтірі түсінің жаңа түрлеріне қол жеткізе бастады. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Хисемидолла Үкібаев елтірінің аспан түстес түрін тапқанын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Профессордың айтуына қарағанда Қазақстан қаракөл қойдың отаны саналатын Өзбекстаннан сан жағынан да, сапа жағынан да озып тұр. Жылына екі рет – көктемде және күзде қырқылатын қойдың қошқарларынан 3-3,5, саулықтарынан 2-2,5 килограмм жүн қырқылады. Қаракөл қойының жүнінен маталар мен неше алуан кілем тоқылады. Сүтінің майлылығы 7-8 пайыз болатын қойдың еті мен майы адам асқазанына өте сіңімді әрі дәмді. Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында өсірілетін қаракөл қойы саны жағынан Кеңес одағы кезінде елімізде Ресейден кейін екінші орында болып келсе, елтірісін дайындаудан бірінші орын алатын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында 1250, оның ішінде 702 арнайы мамандандырылған ірі қой шаруашылықтары болды. Облыстың Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандары шаруашылықтарының барлығында қаракөл қойы өсірілетін. Осы үш ауданның малшылары ала жаздай Сарыарқаны жайлайтын. Пәлен шақырым жерге мал тұяғымен жайылып барып, күз түсе кейін қайтатын. Малдың тағы бір ерекшелігі – шөлге төзімділігі. Бетпақтың ми қайнатар ыстығында тәулігіне бір-ақ рет су ішеді де жайыла береді. Мойынқұм ауданында малшылардың маршалы атанған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев осы қаракөл қойынан отардан отар өргізіп, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды.Таласта «Үшарал», Сарысуда «Тоғызкент» асыл тұқымды мал зауыттары болды. Іргелес жатқан екі шаруашылықтың да тайқазанын қайнатқан бірінші, ондағы бейнетқор халық болса, екінші, қаракөл қойы мен оның елтірісі. Осы іргелі шаруашылықтарды ұзақ жыл жемісті басқарған Әбдір Сағынтаев Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауына Алтын Жұлдыз тақса, Сейтжан Тасыбаев та мемлекеттің мәртебелі марапаттарын иеленді. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде қойды қолдан ұрықтандыру әдісі кең көлемде жүргізіліп, асыл тұқымды қойдың тұқымы азая бастады. Миллиондаған елтірі жарамсыз болып қалды. Мал өнімдерін өңдеу ұмыт қалып, агроөнеркәсіп кешенінде, оның ішінде мал шаруашылығына жаңа технологияны енгізу жүргізілмеді. Ал, нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі дағдарыс пен мал шаруашылығындағы жөн-жосықсыз жүргізілген реформалар қой шаруашылығын құлдыратып жіберді. Мұның кері әсері қаракөл қойы тұқымының азып-тозуымен бірге азаюына әкеп соқтырды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке сүйенсек, 2014 жылдың 1 қаңтарына өңірдегі барлық санаттағы шаруашылық құрылымдарында 24415 қана қаракөл қойы қалыпты. Оcы малдың 15198-і саулық екен. Қаракөл қойының таза тұқымынан 10385 бас қалған. Мәселен, Талас ауданындағы «К.Оязбеков атындағы Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 4656 бас болса, оның 3938-і саулық, «Ә.Сағынтаев атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2979 бас таза тұқымды қаракөл қойының 2442-сі саулық. Ал, «Сейсенбай» шаруа қожалығындағы 2750 қаракөл қойының 1358-і саулық екен. Былтыр облыс бойынша 13682 дана қаракөл елтірісі алынса, оның 92,6 пайызы шаруашылықтардың үлесінде көрінеді. Қаракөл қойының санын көбейту бүгіннен қолға алынбаса, ертең кеш болмақ. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен, үстіміздегі жылдың ақпан айында өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңес өтіп, шараға шетел компанияларының басшыларымен қатар, еліміздегі ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері де шақырылған болатын. Сонда Қазақтың мал шаруашылығы және мал азығын зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымының докторы Әбдірахман Омбаевпен сұхбаттасудың сәті түсіп, қаракөл елтірісінің қазіргі жайы туралы сұрақ қойған едік. Елімізге белгілі ғалым: «Орталық Азия елдерінде тек Қазақстанда ғана қаракөл қойының тұқымын сақтап қалып, оны одан әрі асылдандыра түсумен айналысатын селекциялық-генетикалық мекеме жұмыс істеп жатыр. Бізде кәдімгі зауыттар да, тері өңдейтін өндіріс орындары да бар. Онда қажетті құрал-жабдықтар жетеді. Бірақ, оны қолға алып, ешкімнің жұмыс істегісі жоқ. Осы жұмысты мемлекет тарапынан қолға алса, елтіріні шикізат түрінде өткізген бағадан екі есе қымбат саудалауға болар еді» деді. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қаракөл қойы мен елтірісі туралы берген сұхбатында: «Астананың дүкендерінде қаракөл елтірісінен дайындалған қыз-келіншектерге арналған тонның бағасы 3 миллион теңге» деді. Бір тонға мықтағанда 40-50 елтірі кетер. Оны өңдеп, қыстық үлгідегі киім етіп дайындауға 100-200 мың теңге жұмсалса да, қаншама дүниеден құр қалып жатырмыз. Әскери құрылымдардың бастықтары, генералдар мен жоғары шенді офицерлер қаракөл терісінен дайындалған бас киім киеді. Қыстық сырт киімдерінің жағасы елтірімен қапталады. Сонда қорғаныс саласының өзінен қыруар қаржы табуға болады екен. Мал терілері тиын-тебенге сатылып, алыс-жақын шетел асып, елімізге киім болып қайтып жатыр. Ал, пұл болмағандары ауыл-аймақтың іргесінде іріп-шіріп, күл-қоқысқа айналуда. Осы мақаланы жазу барысында мал шаруашылығының мамандарымен жолығып, пікірлестік. Олар да біздің ойымыздың дұрыстығын айтып отыр.

Аман Қошанбеков, Талас ауданындағы «Ә.Сағынтаев атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

– Кеңес заманында бір ферманың өзінде 20-25 мыңға жуық қаракөл қойы болатын. Ал,«Үшарал» асыл тұқымды мал зауытында төрт ферма болғанын ескерсек, шаруашылықта 80-85 мың бас қаракөл қойының елтірісі күніне пәленбай дана болып Шымкент қаласындағы қаракөл зауытына жіберіліп жататын. Ол кезде кәрі саулықтар қаракөлше үшін сойылатын. Қазір бір елтірінің нарықтағы бағасы қанша екенін ешкім білмейді. Жаңадан төлдеген бір қозы 6 мың теңге болса, өлген қозының елтірісі 700-800-ақ теңге. Сондықтан елтірі үшін кәрі саулық сойылмайды. Біз биылғы мал төлдету науқанында осындай бар-жоғы өлген қозының 96 елтірісін өткіздік. Ақшасы малшылардың қант-шайына да жетпеді. Қазір кім жөнін айтқан, бір-екі жігіт келді де сатып алып кетті. Автокөліктерінің нөміріне қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысынан келген алып-сатарлар-ау деп топшыладық. Менің пікірімше, таза тұқымды қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтар біріксе ғана елтірі нәтиже беріп, пайдасы болады. Қаракөл қойының басы көбейсе, бұрынғы тәжірибені қолдана отырып, кәрі саулықты бордақылап, елтірі үшін сойып, етін шұжық цехтарына өткеруге болады. Сосын осы Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандарынан елтірі илейтін цехтар ашылып жатса кім көрінген алып кетіп жатқан өнімнің пайдасын жергілікті тұрғындар көрер еді. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі қажет. Олай болмайынша қолдағы аз малдың тұқымы құрып кетуі мүмкін. Мына іргелес жатқан Сарысу және Мойынқұм аудандарындағы шаруашылықтарда не болмаса жеке азаматтарда қаракөл қойының таза тұқымы қалды ма, қалмады ма? Онымен айналысып жатқан кім бар? Кезінде алтынға бағаланған қайран елтірінің тиын-тебенге сатылып, белгісіз бағытқа кетіп жатқанына осы саланың маманы болғандықтан ішім ашиды. Осындай қиыншылықтарға қарамай ауылдың 30 азаматына жұмыс тауып беріп отырмыз, ал, науқандық жұмыс кезінде тағы да қосымша жиырма шақты адамды жұмысқа аламыз.

Шархан Момбеков, Талас ауданындағы «К.Оязбеков атындағы Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

– Үкімет асыл тұқымды мал сатып алғанға субсидия берсе, сатқанға түк жоқ. Қайта бұрын қаракөл қойдың әр басына тірі салмаққа әжептәуір қаржы төлеуші еді. Мәселен, 2005 жылы 10 миллион, 2006-да 4 миллион 821 мың, 2007-де 6 миллион 500 мың, 2008-де 5 миллион, 2009-да 3 миллион 951 мың теңге алдық. 2010 жылдан бастап Үкіметтен алатын мұндай көмек тоқтап еді, биыл шапқылап жүріп, 6 миллион 28 мың теңге алуға қол жеткізгендей болып едік, осы соманың 1 миллион 300 мың теңгесін әзер алдық. Шаруашылықта 48 адам тұрақты жұмыс істейді, олардың айлық жалақысын беруіміз керек. Былтырдан қалған 8 тонна жүніміз бар, оны ешкім керек етпейді. Жүн өңдеу кәсіпорындарына қайта-қайта хабарласып, шаршадық. Бір қойды 100 теңгеге адам жалдап, қырықтырамыз. Жүннің килограмы 30 теңгеге де өтпейді. Ал, елтірі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бір елтірінің құны 700-800 теңге болған соң, оған қай жыртығымызды жамаймыз. Сондықтан мүмкіндігінше қозыны тірі алып қалуға тырысамыз. Өлім-жітімге ұшырағандарының ғана елтірісін оқта-текте ауылға келіп тұратын елтірі бизнесімен айналысып жүргендерге өткереміз. Қазақта «Мал баққан он жылда, егін еккен бір жылда байиды» деген мақал бар. Жаны бар сөз. Қаракөл шаруашылығын өркендетуге демеу болсын деп, жер жыртып, егін салайық десек жеріміз тастақ болғандықтан диқандықты кәсіп ете алмай дымымыз құрып отыр. Қалай болғанда да, таза тұқымды қаракөл қойының басын көбейтіп, елтіріден қыруар пайда табу тек қана Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы Өңірлерді дамыту министрлігі арқылы ма, Парламент депутаттары арқылы ма Үкіметке шығу жағын ойластырғандары абзал.

Жамбыл Қалыбаев, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер, бұрынғы «Қарабөгет» совхозының директоры:

– Мал шаруашылығында қойдың жөні бөлек. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Басқа түлікке қарағанда қойдың организмі бір жылда толық жетіледі. Қаракөл қойы ерекше күтімді, құнарлы мал азығын қажет етпейді. Құмайт жерлердің жайылымын өте жақсы пайдаланып, тез оңалады, шыр байлап, құйрық өсіреді. Организмі қыс айларында жайылымдықтан дұрыс қоректенбесе, құйрықты нәр етеді. Бұл – биологиялық қасиеті. Екінші, ерекше күтімді қажет етпейтіндіктен қысқы науқанға жемшөп жинаудың қажеті жоқ. Тек төтенше жағдайға ғана қор дайындалады. Үшінші, қаракөл қойы жылдың төрт мезгілінде де жайылымда болғандықтан, шығын мейлінше аз жұмсалады. Төртінші, малдан алынатын қаракөл елтірісі өте құнды да, сапалы әрі әсем тері материалы болып саналады. Ел арасында оны «жұмсақ алтын», «қара алтын» деп те атайды. Бесінші, қаракөл қойының саулықтарын, өзге қойдан бөлек алтыншы рет ұрықтандырып, (басқа тұқымды қой бес рет төлдейді) мал бордақылау пунктінде байлап, есеп жүргізе отырып, тууына 15 күн қалғанда сойып, етке өткізеді. Ал, ішіндегі шаранасы (қозысы) алынып, терісі сойылып алынады. Оны «қаракөлше» деп атайды. Қаракөлшенің қасиеті қаракөлге қарағанда жұмсақ, өрнегі көркем, әрі нәзік болғандықтан жоғары бағаланады. Қаракөлдің тағы бір жетістігі – Кеңес одағының қарулы күштерінде генералдар мен полковниктердің, басқа да жоғары шенді офицерлердің қыстық киімдерінің жағалары мен бас киімдері көк қаракөл елтірісінен тігілетін. Қазіргі кезде ТМД әскерінің қолбасшылары мен генералдары, жоғары шенді офицерлері үшін дайындалатын бас киім мен қысқы киім жағасы таза қаракөл елтірісі болмағандықтан жасанды қаракөлден дайындалуда. Біздің ауданда 14 cовхоз болды. Осы шаруашылықтың барлығы 350-400 мың бас қаракөл қойын өсірумен айналысты. Басқа тұқымды қой болмайтын. Ол кезде «тұқым бұзады» деп аудан аумағына басқа тұқымды қойды кіргізуге қатаң тыйым салынатын. Алайда, оның пайдасы көл-көсір еді. Совхоздар басқа салалардан көрген шығындарын қаракөл қойынан түскен пайдамен жауып отыратын. Қойдың еті мен жүнінен түсетін пайданы қоспағанда, әр дана қаракөл елтірісі орта есеппен 30 сом болатын. Ол заманда бір доллар 56 тиын. Сонда бір елтірі орта есеппен 54 долларға бағаланатын. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атамыздың ізбасарлары Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, Ділдаш Итбасова, тағы да бірнеше азамат осы қаракөл қойын мыңғыртып өсірулерінің арқасында Кеңес одағының ең жоғары марапаты Cоциалистік Еңбек Ері атанды. Облыстың бас басылымы «Ақ жол» үлкен де, өзекті мәселені көтеріп отыр екен, енді қаракөл қойын өсіретін үш ауданның әкімдігінен, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшылығынан нақты қолдау тауып, тоқырау жылдары қожыратып алған қаракөл шаруашылығы қайта өркендеп жатса нұр үстіне нұр болар еді. «Ақ жол» газетінің биылғы 17 cәуір күнгі №51-52 нөмірінде Т.Рысқұлов ауданының жеке кәсіпкері Мүсілім Жанәбіловтің тері шикізатын қабылдау және өңдеу кәсіпорнын ашу мақсатында мемлекеттен 10 миллион теңге қаражат алып, тірлік бастағаны туралы ақжолтай хабар жарияланды. Ауыл шаруашылығын өркендетуге, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдаудан Мүсілім сияқты тері немесе жүн өңдеу кәсіпорындарын ашуға ниет ететіндер көбейіп жатса, ол өзіне де, төрт түлік мал баққан шаруаға да пайдалы. Оның үстіне жергілікті бюджет қоржынына қомақты қаржы түседі. Ең бастысы, малдың қоқысқа айналған тері-терсегі, жүн-жұрқасы пұл болады. Бұл – таластық және мойынқұмдық мал мамандары айтқандай, Үкіметтен, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшылығы мен аудан әкімдерінен нақты қолдау тауып жатса, агроөнеркәсіп саласының түйткілді бір проблемасы шешілер еді. * * * Ауылда өстік. Әкеміз шаруашылықтың тірлігінен қолы қалт етсе қаракөл қойының терісін де, елтірісін де кептіріп, илеп отыратын жарықтық. «Оны не қылады, өткізе салмай ма?» деймін іштей. Сөйтсем, Қаратау қаласының маңындағы мал терілерінен киім дайындайтын «Сүлейменсай» кәсіпорнына апарып өткізіп, тон тіктіреді екен ғой. Өзі де, үйдегі жеті ұл да қара тонның рахатын қыстай көріп шығатынбыз. Ал, шалдың өзі елтіріден басына құлақшын да тіктіріп киетін...

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».