Әлеумет

Бүлдіршін... дидарында күн күлсін!

Бүлдіршін... дидарында күн күлсін!

Қайырымдылық шарасы Тараз қаласының өзінде бірнеше жерде өткізілді. Нақтырақ айтсақ, А. Асқаров, Қ. Сәтбаев, Қойбақов көшелерінде орналасқан жатақхана тұрғындары қамтылды. Бүлдіршіндерге киім-кешектер берілді. «Бір ай бұрын «Бар жақсылық – балаларға» деген бастамамен қолға алынған акция бір күнмен шектелмек емес», – дейді облыстағы аталмыш қауымдастықтың атқарушы директоры Хадиша Оспанова. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен іскер әйелдер жыл сайын осы мерекенің қарсаңында ауқымды акция өткізуді дәстүрге айналдырған. Оған өңірдегі кәсіпкерлер мен түрлі мемлекеттік емес ұйымдар да өзіндік үлестерін қосады. Ортақ мақсат – еліміздің ертеңгі тірегі саналатын балалардың тілегін орындау. 4

2

1

Бұл күні Тараз қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы орталық саябаққа балғындар көптеп жиналды. Жүздері бал-бұл жайнап тұр. Олар өздерінің көптен күткен арманы тап бүгін орындалатынын іштей сезінетін де секілді. Тілегін айтып, үлкен аға-апаларына хат жазғандары да есінде. Сондықтан, сол сыйлықты алуға асығып-ақ тұр. Саябақтағы қайырымдылық акциясының соңы мерекелік концертке ұласты. Балаларға балмұздақ пен сыйлықтар таратылды. Дәл осындай думанды шара жаңадан ашылған «Меруерт» сауықтыру орталығында, қалалық мәдениет үйінде және облыстық драма театрда да өтті. Ал орталық «Достық» алаңына жиналған бүлдіршіндер асфальтқа сурет салып, өзара жарысқа түсті. «Біздің бақытты балалар» деген тақырыпта өткен балғын суретшілер байқауын ұйымдастырушылар – «Сбербанк» АҚ-ның Тараз қаласындағы филиалы. Банк қызметкерлері жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.

* * *

Балалар мерекесі Тараз қаласындағы Қ.  Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінде де аталып өтті. Ата-анасыз қалған балаға ана болып, бүгінде 152 жетімді қанатының астында тәрбиелеп отырған балалар үйінің директоры Гүлбаршын Төлегенованың айтуынша, аталмыш мекеменің тәрбиеленушілері айтулы мерекені тағатсыздана күтеді екен. Осыны ескерген Тараз қалалық прокуратурасының қызметкерлері балаларды арнайы құттықтап келіп, сыйлыққа караокэ тарту етті. Тараз қаласы прокурорының көмекшісі Индира Сәттібаева жеткіншектердің әр күні шаттық пен қуанышқа толы болуын тілеп, балаларға деген игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Нұр Банк» акционерлік қоғамы, «Beeline» және «Altel» компаниялары балаларды әртүрлі сыйлықтарымен қуантты. Ал, тәрбиеленушілер меймандарға деген ризашылықтарын білдіріп, концерттік бағдарлама ұсынды. Жиын соңында жыл бойы белсенділігімен көзге түсіп, үздік танылғандар мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Атап айтсақ, «Жыл тәрбиеленушісі», «Жылдың ең белсенді министрі», «Жыл жаңалығы», «Үздік әнші», «Ең үздік суретші», «Жыл спортшысы», «Ең үздік күнделік», «Еңбекқор бала», «Кітапқұмар» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйінде жеткіншектерге толық жағдай жасалған. Тамақтары тоқ, киімдері бүтін.

* * *

Облыстық перинаталдық орталықта бұл күні болашақ аналарға балаларға деген қамқорлықтың жүктілік кезеңінен басталатыны түсіндіріліп, отбасын жоспарлау, баланы күту, жас ананың тамақтануы туралы керекті кеңестер берді. Болашақ аналарға баланы күту жөнінде толыққанды мәліметтер қамтылған кітапшалар, аяғы ауырлаған сәттен бастап, бала босанарға дейінгі сезінген жайттарын жазып жүруі үшін күнделік-дәптерлер үлестірілді. Шалғай ауылдардан келгендер орталық дәрігерлеріне дән риза. Ана мен бала амандығы үшін күресіп жүрген мамандарға айтары тек алғыс. «Жайбарақаттыққа салынып, ауруын асқындырып алып, соңында барлық кінәні медицинаға жабатындар да бар. Дер кезінде дәрігерге көрінбей, дерт дендегенде ғана ақ халаттыларға келеді. Меніңше, сәбиінің саулығын әрбір ата-ана ойлауы тиіс», – деп ағынан жарылды Шу ауылынан келген көпбалалы ана Нәзира Байдәулетова. Балаларды қорғау күніне орай өткізілген іс-шарада жүкті әйелдер сый-сияпатсыз қалған жоқ. Оларға нәрестеге қажетті жабдықтар тегін таратылды. «Мұндай іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Себебі, бұл аналарды жауапкершілікке және болашаққа нық сеніммен қарауға, ұрпағы алдындағы міндетін түсінуге шақырады. Күнделіктеріне жазған жазуларын кейін өздері оқи отырып, ана болу деген қасиетті сезімді түсінетін болады деп ойлаймын», – дейді облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Гүлнағира Байзатова.

* * *

Тараз қаласындағы №10 орта мектептің жанындағы «Ақ көгершін» жазғы лагерінің ашылуына орай облыстық көзі нашар көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған «Бала деген бір бақыт» атты мерекелік әдеби кеш өтті. Балалар мерекесіне тұспа-тұс келген мазмұнды шараны өткізуге кітапханашылар Нұржахан Керімбаева мен Айдана Үшбаева мұрындық болған еді. Әдеби шараның негізгі мақсаты – балғындарға жазғы демалысты босқа өткізбей, кітап оқуға үндеу.

* * *

Меркідегі В. Савва атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 94 бала үшін биылғы мереке тосын сыйға толы болды. Бұл күні жеткіншектерге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастамасымен аудандағы бірқатар мекеме басшы­лары мен кәсіпкерлер түрлі ойыншықтар үлестіріп, балалар үйіне бағалы сыйлықтар тарту етті.

Ардақ Үсейінова, Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».