Халық қуанышы қанаттандырды
Халық қуанышы қанаттандырды
Тараздағы «Қайнар» және «Ақ жол» алқаптары газбен, электрмен қамтылды
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығының бірнеше аумағында жаңа әлеуметтік нысандар бой көтергені белгілі. Мұның барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен еліміздің тыныштығының, экономикамыздың өркендеуінің нәтижесі дей аламыз. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттардың мақсатты жүзеге асып жатқанын атқарылған істерден, ел игілігіне берілген құрылыстардан байқауға болады. Тараз қаласындағы мен басқаратын округке бірнеше тұрғын үй алқаптары қарайды. Ондағы тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселелерін шешу, тиісті орындарға ұсыныспен шығу оңай шаруа емес. Заңдылықтар мен талаптарды тұрғындарға түсіндіріп, сәті келген мүмкіндіктерді пайдаланып келеміз. Округ аумағындағы «Родничок» тұрғын алқабы «көгілдір отынмен» және газбен 2012 жылы қамтылған болатын. Бұл мақсатқа «көгілдір отын» жеткізу үшін республикалық бюджеттен 78,512 миллион теңге, электр жүйесін тарту үшін облыстық бюджеттен 39,509 миллион теңге қаржы бөлініп, игілікті жұмыстар жүзеге асқан еді. Соның арқасында бұл күнде алқаптың 1200-ден астам тұрғыны газ бен жарықтың қызығын көріп отыр. Округ аумағының басқа да бірнеше алқабын электрмен және «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мұндаға дейін шешімін таппай келген еді. Биыл ол түйткілдерді жоюдың мүмкіндігі туды. Атап айтқанда, «Мичуринец» алқабын электрмен және газбен жабдықтау мақсатында облыстық қазынадан 104,805 миллион теңге бөлініп, толық игерілді. Нәтижесінде аталған алқап тұрғындары жеткізілген инфрақұрылымның игілігін көруде. Мұндағы 700-ден астам тұрғын болса, олар бүгінгі таңда облыс, қала басшылығына алғысын айтуда. Сондай-ақ, «Қайнар» алқабын электрмен және газбен қамтуға облыстық бюджеттен 242,390 миллион теңге, «Ақ жол» алқабын электрмен және газбен қамтуға 56, 437 миллион теңге қаражат бөлініп, мақсатты жұмыстар жүргізілді. Қос алқаптардағы екі мыңнан астам тұрғын енді жарық пен «көгілдір отыннан» тапшылық көрмейді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласын аралаған кезінде тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерге бейжай қарамай, құлақ асып, тиісті сала өкілдеріне сол жерде тапсырмалар беріп, келеңсіздіктердің жойылуына ықпал етеді. Көптеген қордаланған мәселелер көп ұзамай шешімін тауып, оң өзгерістер орын алады. Халық тығыз қоныстанған жерде түйткілді мәселелердің де аз болмайтыны бесенеден белгілі. Алайда, өзекті жайттардың рет-ретімен шешімін тауып келе жатқаны тұрғындарды қуантып, көңілдеріне үлкен сенім сыйлап отыр. Әртүрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі жыл сайын міндеттеліп, дәстүрге айналғаны белгілі. Қала әкімі Нұржан Календеров те тұрғындарға қолайлы болу үшін шаһардың шалғай аумақтарына барып, есеп беру жиналысын өткізіп, халықпен жүздесіп жүр. Онда жыл бойы атқарылған жұмыс сараланып, алдағы жаңа мақсаттар талқыланады. Бұл ретте де халықтың талғамы өскенін байқаймыз. Бұрынғыдай ұсақ мәселеге дау-дамай тудырмай, көпшілікті толғандырған ең өзекті жайттардың шешілуін талап етеді. Әрине, аумақтағы өзекті мәселелерді бірден шешіп тастау мүмкін емес. Алайда, елмен етене болып, тұрғындар арасында жүрген сайын түсінісу жеңілдейтінін өмірлік тәжірибемнен білемін. Жиырма жылға жуық осы қаланың бірнеше округ аумақтарында бас инспектор болып еңбек еттім. Бүгінгіден де қиын күндер, дағдарысқа толы жылдар артта қалды. Сондай қиындықтарға да халық төзді, жұмыс мүмкіндікке қарай жүзеге асатынына көңіл аударды. Бүгінгі таңдағы тұрғындардың көзқарасы мүлдем басқа. Жақсы жағына өзгерген. Аумақта кешегі жылдардағыдай аса шиеленіскен қиындықтар жоқ. Соған қарамастан, біз де алдыға қарай ұмтылып, жауапкершілікті үнемі сезініп келеміз. «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін қазақтың нақылы бар. Мемлекеттің мүмкіндігі артқан сайын аймақтардың да қуаттылығы молаятыны анық. Әр адамды ізгілік, сабыр, төзімділік биікке жетелейтін болса, халық ынтымағымен, бірлігімен, табандылығымен, қайсарлығымен барлық қиындықты жеңеді. Бүгінгі таңда тұрғындар әлемдік бағытты бағдарлай алады. Орын алған кейбір жағдайларға түсіністікпен қарай біледі. Еңбекке құлшынуы, жаңашылдыққа ұмтылыстары да бұрынғымен салыстыруға келмейді. Негізі кезек күттірмейтін мәселелердің барлығы тиісті сала өкілдерінің назарында. Ешқандай өзекті жайт шешімін таппай қалмайды. Тараздың шырайы сәт сайын ажарлана беретініне сенейік. Солай болып келеді де. Тағы да айта кетейін, әсіресе, «Қайнар», «Ақ жол» және «Мичуринец» алқаптарына электр желісі мен газ тартылғаны игі іс болды. Оны аумақ тұрғындарымен жүздесу барысында күнде сезініп жүрмін. Олардың қуанышы бүкіл қала халқының қуанышындай әсерге бөлейді мені. Алдағы уақыттарда да атқарылатын істер аз емес. Оны халықпен бірге жүзеге асыра беретін боламыз. Тараз қанатын жайып кеңейіп келеді. Тұрғындар саны да көбейеді деп күтілуде. Қорыта айтқанда, қордаланып қалған мәселелерді шешуге «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Болат Баудинов, Тараз қаласы №2 аумақтық округінің бас инспекторы.